18.03.2019, 20:56
Қараулар: 485
Даладағы атыс

Даладағы атыс

(болған   оқиға)

Газеттің  күнделікті  күйбең  тірлігімен  айналысып, келесі  нөмірге  материалдар әзірлеп  отырған  кез  еді. Ұзақ жыл  аудандық  ішкі  істер  бөлімінде қызмет атқарған, доғарыстағы  майор, ҚР Ішкі  істер  құрылымдарының  құрметті  ардагері  Демеуғали  Берқалиевтың  емен-жарқын түрде амандасып  кіріп  келгені.  Демеуғали Темірғалиұлы жай келмепті. Ағамыз өзімен ұзақ  жыл  бойы қызметтес болған әріптестері  жайлы, олардың  ерлік  істері жөнінде  айтуды  көптен бері ойлап  жүріпті.

Сонымен доғарыстағы майор айтқан әңгімені оқырманның назарына ұсыну үшін қолымызға қалам  алып,  ақ  қағазға  төндік.

* * *

1990 жылғы маусым айының бас кезі. Аудандық ішкі істер бө-ліміндегі ертеңгілік кезекшілікті қабылдап алып, жорналдағы жа-зылған деректерге көз жүгіртіп отырған Демеуғали Берқалиевтың алдындағы телефон безілдеп қоя берді.

Арғы жақтан ер адам асыға-аптыға сөйлеп, өткен түні «Казсельхозтехника» мекемесінің ауласында тұрған  «УАЗ» көлігін белгісіз біреулердің рұқсатсыз айдап  кеткенін  хабарлады.

Сәлден соң жаңағы азамат қайта телефон соғып,  жақында ғана түр-меден жазасын өтеп оралған жігіт қасына таныс жігітін ертіп, көлік бағытын Бұлдырты ауылына қарай бұрғандығын қосымша хабарлады.

Суыт хабарға қанық болысымен, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ғайбатолла Сәрсеков шұғыл түрде топ құрып, қылмыскер-лерді іздестіру шарасын қолға алды. Әп дегенде, топқа жетекші-лік етуді Д. Берқалиевке жүктеп, қасына капитан Ғинұр Қобдабаев, лейтенант Алтай Жұмажанов, МАИ инспекторы, аға сержант Ғалым-жан Бекташев, Бұлдырты ауылдық округіндегі аймақтық инспектор Жақыбалды Ғұмаровты қосып, бөлім бастығы Ғ. Сәрсеков операцияға кірісуді қатаң  тапсырды.

Қылмыскерлерді іздестіру тобы жолға шыққалы  тұрғанда, Қаратө-бе аудандық ішкі істер бөлімінен тағы бір шұғыл хабар жетті. Көлікті айдап кеткендер Бұлдырты ауылы мен Қаратөбе ауданына қарасты Ханкөл ауылының қырында отырған шопандарға күш көрсетіп, мылтықтарын патрондарымен қоса тартып алып қараларын батырған. Бағыттары Қоскөлге қарай кеткен. Шопандардың мотоциклдері бар екен, «орталыққа хабар беріп жүрер» деп әріден ойлаған қарақшы-бандиттер әлгілердің бактарына толтырып құм салып, қайқайған…

Бұл хабарды естіген бөлім бастығы Ғайбатолла Сәрсеков әуелгі шешімін өзгертіп, Берқалиевке: «Демақа, топқа өзім басшылық етейін, сен осында қал, бөлімге басшы-лықты қолыңа ал, телефонда байланыста боларсың», – деп топ құрамымен Қоскөл ауылы бағы-тына суыт аттанды.

***

«УАЗ» көлігі Қоскөл ауылы маңындағы егістік алқабының ортасында тұр екен. Жігіттер қылмыс-керлерді тұзақтауға дайындала бастады.  Қос қылмыскер әуелі кө-лік ішінен шықпай, отырып алды.

Дауыс жетерлік шамаға келіп тоқтаған топ жетекшісі Ғ. Сәрсе-ков: «Азаматтар, өз еріктеріңмен көліктен шығып, тәубелеріңе келгендерің жөн. Ешқандай қар-сылықтың қажеті жоқ. Өзара тү-сіністікке келейік!» – деп бейбіт келісімге шақыра бастады. Алай-да ана екеуі кабинадан домалай жерге түсіп, мылтықтарынан оқ жаудырып қоя берді.

Зуылдаған оқтар милиционерлер жасырынған көлікке сартсұрт тие бастады. Аспанға үш мәрте ескерту оғы атылғанымен, қылмыскерлер қарсылығын тоқтатпай, қос мылтықтан атуларын доғармады.

Қылмыскерлер жақтан атылған оқ бөлім бастығы Ғ. Сәрсековтың бас сүйегін жалап өтіп, жарақаттады. Бөлім бастығын оқтан қорғаймын деп, көлігін қылмыскерлер жаққа көлденең қоймақ болып ұмтылған аға сержант Ғ. Бекташев та жараланды. Іле-шала

аға лейтенант Ж. Ғұмаров  ауыр жарақат алды.

Жағдай қиындап бара жатты. Көршілес Қаратөбе аудандық  ішкі істер бөлімінен жігіттер көмекке келіп жетті. Атыс қыза берді.

Бие сауым уақыттан кейін «УАЗ»дың тасасынан біреу қолын көтеріп, бері шыға берді. Екіншісі көрінбеді, бірақ оқ атуын тоқтатқан еді. Сөйтсе, түрмеден шыққан қанішер қасындағысын өзі атып тастапты…

***

Бұл кезде аудандық ішкі істер бөлімінде басшылық қызметті міндетіне алып қалған Д. Берқалиев Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Дәулет Байтенов арқылы топ құрамының жағдайынан хабардар болып, жарақат алған  қызметкерлерге дәрігерлік көмек көрсетудің шұғыл шараларын  қолға  алған  еді.

Аудан өңірінде орын ал-ған осы оқыс оқиға жөнінде хабардар болған жоғары бас-шылық тарапынан қатты тексеріс болды.  Ал оқ тиіп қайтыс болған қылмыскердің ажалы жолдасының мылтығынан атылған оқтан болғанын тергеу тайға таңба басқандай дәлелдеді.

***

Қылмыскерлерді тұзақтауда жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен милиционерлер сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен марапатталды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ғ. Сәрсеков «Қызыл Жұлдыз» орденіне, бөлім қызметкерлері Ғ. Қобдабаев, Ж. Ғұмаров «Ерлігі үшін» медаліне, А. Жұмажанов, Ғ. Бекташев «Қоғамдық тәртіпті үздік қорғаушы» медаліне  ие  болды.

Мүсірбек   АЙТАШЕВ,

Сырым   ауданы

P.S. Сол күні жандарын шүберекке түйіп, қылмыскерлерді құрықтауда тайсалмаған азаматтар жөнінде аз-кем болса да сыр шерттік. Мақаланың басты кейіпкерлері Ғайбатолла Сәрсеков – ауданның құрметті азаматы, доғарыстағы подполковник, бүгінде Жаңақала ауданында тұрады, Ғинұр Қобдабаев – доғарыстағы майор, Алматы қаласының тұрғыны, Алтай Жұмажанов –  доғарыстағы майор, Сырым аудан-дық ішкі істер органдары ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрағасы, кезінде аудан-дық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған майор Ғалымжан Бекташев пен майор Жақыбалды  Ғұмаров өмірден ертерек кетті…

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.