18.03.2019, 20:54
Қараулар: 483
Сыйлық алу – пара емес, егер…

Сыйлық алу – пара емес, егер…

Мемлекеттік  қызметшілерге  Қазақстан  Республикасының  2015 жылғы 23  қарашадағы №416-v  «Мемлекеттік  қызмет  туралы»  заңының  50-бабы, 1-тармағы, 17-тармақшасына  және  мемлекеттік  қызметшілердің  моральдық-этикалық  нормаларына  сәйкес  қызметтік  міндеттерін орындағаны  үшін  кез келген  сыйлықты  алуға  тыйым  салынады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабында «Мемлекеттік қызмет атқаруға өкілетті адамның не оған теңестірілген адамның өзі немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлікке құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алу, егер мұндай іс-әрекет мемлекеттік қызметтер атқаруға өкілетті адамның не оған теңестірілген адамның қызметтік өкілеттілігіне кіретін болса, не ол қызметтік жағдайына байланысты осындай іс-әрекетке мүмкіндік жасаса, сол сияқты жалпы қамқоршылық немесе қызметі бойынша жол берсе, пара алу болады» делінген. Алайда мемлекеттік қызметші алған сыйлығын мемлекеттік қорға тапсырса, пара алған болып есептелмейді. Бірақ мемлекеттік қызметші сыйлықтарды жеті күнтізбелік күн ішінде арнаулы мемлекеттік қорға тапсыруы керек.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері заң талаптарына сәйкес мүлікті қабылдап, есепке алады. Сыйлықты тапсырған мемлекеттік қызметші өзінен жоғары тұрған лауазымды адамның келісімімен оны аталған қордан сатуға шығарудан бұрын нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға құқылы. Егер мемлекеттік қызметші сыйлықты сатып алғысы келсе, мүліктің нарықтық бөлшек бағасын бағалаушылар белгілегеннен кейін, мемлекеттік қызметші тиісті мемлекеттік бюджетке белгіленген  қаржыны  аударуы тиіс. Қаржы  түскеннен кейін мемлекеттік қызметші сыйлықты алып кетуге құқылы.

Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің арнайы қорына мемлекеттік меншікке жеті мемлекеттік мекеменің 15-ке жуық қызметкерінен сыйлықтар қабылданды. Сыйлықтарды тапсырған мемлекеттік қызметшілердің барлығы оларды сатып алудан бас тартты. Белгіленген заңнамаларға сәйкес  сыйлық тапсырған мемлекеттік қызметші тапсырылған сыйлықты қайта сатып алудан бас тартқан жағдайда, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тапсырылған сыйлықтарды өзге тұлғаларға сату үшін www.gosreestr.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырады. Мүлікті сатудан түскен қаржы республикалық бюджетке аударылады. Кез келген азамат электрондық порталдан қалаған мүлкіне тиісті кепіл сомасын төлеп, қатысуға құқылы. Ол үшін жоғарыда көрсетілген сайтқа кіріп, электрондық сауда алаңының ішінде барлық Қазақстан бойынша өткізіліп жатқан аукциондар мен тендерлердің тізімін тандауы қажет.

Өткізіліп жатқан электрондық аукциондар мен тендерлер азаматтар үшін де өте ыңғайлы және әділ өтеді деп айта аламыз, сатып алушы үшін де тиімді, өйткені сатылып жатқан мүлікті төмен бағамен ұтып алуына мүмкіндік бар. Егер барлық мемлекеттік қызметшілер өздеріне сыйланған мүліктердің барлығын уақтылы тапсыратын болса, бұл парақорлыққа  жатқызылмайды.

Жанар  ҚАЛИ,

Батыс  Қазақстан  мемлекеттік  мүлік   және   жекешелендіру департаментінің  бас  маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.