18.03.2019, 20:50
Қараулар: 494
Шалшықтағы жиын

Шалшықтағы жиын

Әзіл  әңгіме

Мибатпақ деп аталатын өңірдің Шалшық деген ауылы. Осы ауылда өсіп-өнген Талпақтанау руынан тараған ағайындар бүгін Шошеке атанған аталарын еске алу асына жиналды. Бұл асқа сонау алыс-жақын елдерде тұратын Доңыз, Торай, Свинья әулеттерінен де келіп отырғандар баршылық. Ас қайырылғасын бәрі «Не айтар екен?» дегендей, төрде төбедей болып, жалпиып, ірк-ірк еткен Ататанауға қарады.

Домалақ, қызыл танауын таңқита жоғары көтеріп, қорс-қорс еткен Ататанау сөз бастап кетті:

– Ау-у-у, Талпақтанау руынан тараған ағайындар бүгін жиналып, бір жасап қалдық. Азды-көпті ғұмыр қалған болар, қартайғандықтың белгісі ме, қорсылдағанда демім жетпей қалады. Сол кезде ұрпақтарыма өсиетімді айта алмай, үзіліп кетем бе? – деп те қорқамын. Мына қарыстай құйрықтарын түріп алған жас торайлар өткенді қайдан білсін?! Ұғып өссін, біліп өссін! – деп айтамын. Осы Мибатпақтың Шалшық ауылы туған жеріміз екені рас. Бірақ бұл жақтағы қожайындарымыз күннен тарадық, ғұннан тарадық, – деп дәурігіп жатқанда, біз де тегіміздің тараған жерін  білуге тиіспіз. Біз – сон-а-у-у-у Ну-орман деген елден, соның Мибатпақ, Шалшық деп аталатын деребниәларынан  шықтық. Сәбет деген үкімет билеп тұрғанда қожайындарымызбен бірге біздерді де осы жаққа қоныс аударып жіберген. Ол кезде бұл өңірдің де, ауылдың да атаулары Мибатпақ, Шалшық болмаған. Батшал деп атаған. Сарымұртты қожайындарымыз біздің өсіп-өнуімізге ырым болсын деді ме екен, атауын өзгерте салған ғой. Сол кезде біздің дәуіріміздің жүрген кезі болды.

– Мына жердің иесі – біздерміз деп жүрген өркеші қисайған желмая да, тұяғы тасқа желінген жабы  да біздің қасымызға келіп, отыра алмайтын еді-ау… Керек десең, бүгінгі қожайындарымыздың бір атақты жазушысы «Талпақтанау» деген әңгіме де жазды. Тіпті Сәбет үкіметі кезінде телебизірден «Спокойной ночи, малыши!» – да  «Хрюшамыз» күн сайын шығып тұратын. Оны да жойып  жіберді.

Енді не болды? Күніміз өтіп бара жатыр-ау деймін. Бізді мыналар керек қылмауға айналды. Аунап-аунап алатын балшық та, шалшық та кеуіп қалды. Айтатын жауаптары – жоғарыдан су келмейді… Дүкен сөрелерінде тұратын май аққан етімізді де ешкім қажет етпейді. «Харам» деген сөзді бізге қарап айтатын болды. Қалған өмірде маған ештеңенің қажеті жоқ. Бірақ мына торайлардың күні ертең не болатынын ойласам, май жиналған жүрегім жиі-жиі шаншиды (осы араға келгенде кеудесіне өксік тығылды ма, Ататанаудың қорс-қорс еткен үні қорылға ұласып кетті…). Аз-кем есін жинағаннан кейін, Ататанау өз-өзіне келіп, «Не айтасыңдар?» дегендей, май басқан мойынын әзер-әзер қозғап, жан-жағына қарады. Осы кезде төмендеу жақта отырған жас болса да торайтапқыш атанып кеткен Танаубике сөз бастап кетті:

– Дұрыс айтасыз, Танау ата! Жас болсам да, бәрін байқап жүрмін. Торайларымның күні не болады? – деп мен де уайымдаймын. Өсіп-өнуімізге кедергілер көп. Қала берді, бүгінгі қожайындар бізді айналаға жеккөрінішті жасауда. Алдында менің қожайынымның баласы арақты ішіп-ішіп, біздің шалшыққа құлап қалған екен, әйелі оған  «Шошқа болып кеттің бе?» деп айқайлап жатыр. Біз шалшыққа аунасақ, ішіп аунап жатқан жоқпыз, жаратылысымыз сондай.

Тауық та күлге аунамай ма? Жеп-жеп семіріп кетсе де, бір-біріне «Шошқа құсап семіріп алуын қарашы!» – деп бізге теңейді. Тағы мысал келтірейін. Мына ескі клубта жиын болып, соған қатыса қалғам, біреу мінберге шығып,  «Шалшықтар кеуіп қалды, талпақтанаулар аунайтын жер жоқ. Текке рәсуа болып жатқан кәріз суын ауылға тасып, шалшық жасайық» деп ұсыныс жасаған еді, төрде отырған дөкей «Ит жоқ жерде шошқа үреді, аузыңды жап!» деп тыйып тастағанын көрдім. Осындайларды ойлағанда Танау ата өзіңіз айтқан ата-бабаның кіндік қаны тамған Ну-орман еліне қоныс аударған дұрыс-ау деймін, – деп Танаубикеш қорс-қорс етіп қорсылдай сөзін бітірді.

– Ағайындар, мен де бір салиқалы сөзімді  айтайын, – дауыс шыққан жаққа бәрі май мойындарын әзер бұрып қарап еді, қорсылдап әрбір аула-шарбақты тіміскілеп жүретін берекетсіз атанып кеткен  Шыжбыңтанау екен. – Қорсылдап, аула-шарбақты текке аралап жүрген жоқпын. Біз туралы не айтады екен? – деп құлақ салып та жүремін. Рас, біздің  ағайындар шетте қалдық. Жабайы қабан деп аталатын далада жүретін ағайындарымыздың да басына күн туып тұр. Мүйізі үшін атып, бітіруге айналған әлгі дорбамұрын желаяқтарды қойып, мына екі аяқтылар біздің ағайындарға да тиісе бастады. Бір сылтау тауып, біздерге де ауыз салатын болар. Бұларға сену қиын. Өйткені еті дәмді деп қара құрлықтан бес жылда бір балапан шығаратын түйеқұс әкеліп жүрген бұлардың басын ашып қарайтын біреу керек сияқты… Жылына тоғыз-оннан торайлататын танаубикештердің неге мәртебесін көтермеске?! Бірақ бұл екі аяқтылардың бір нәрсені бүлдіріп алып, қайтадан түзейтіні бар ғой. Соның реті біздің жылымызда болғалы тұр деп естідім. Біздердің өсіп-өнуіміз үшін субсидия бөлінгелі жатыр. Алайда сол бағдарламаның кейбір жерлерінде шикіліктер бар-ау деген де ой келеді. Бизнес-планда жаңа сендер айтқан балшық, шалшықтарға жер бөліне ме екен?! Неге десең,  жердің бәрін пайдаға асырмаса да, мына қомағайлар жекешелендіріп алды. Егер бұлай жоспарланбаса, біздің көбеюуіміз неғайбыл. Мұны да ойлау керек. Сондай-ақ біздің тегімізді доңыз дейді. Доңыз деген не мағына береді? Қай ғасырда жаратылдық? Мұны да ешкім білмейді. Қайдан білсін? Қазіргі қожайындарымыздың өздері тегінің қайдан шыққанын әлі анықтап болған жоқ. Жаңа Танау ата айтқандай, «Казит, телебизерде ғұннан тарадық, күннен тарадық», – деп айтысады да жатады. Сондықтан қабылданғалы отырған бұл бағдарламаға «Ну-орманның бір сыры» деген бөлімді қосу керек, – деп қорсылдап сөзін бітірген Шыжбыңтанаудың мынандай ақылды ұсыныс айтқанына бүкіл маймойындар аңтарыла қарап қалды…

Серік    ЖҰМАҒАЛИЕВ

 

P.S.  Жиын бітіп, бір пәтуаға келген талпақтанаулар қарыс құйрықтарын түріп алып, үсті-үстіне қорсылдай түсіп, шалшыққа қарай  шұбыра жөнелді…

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.