18.03.2019, 20:49
Қараулар: 27
«Ақжайық» жастарға көңіл бөлмек

«Ақжайық» жастарға көңіл бөлмек

Орал қаласындағы Достық үйінде жанкүйер қауым «Ақжайық» футбол клубымен танысты. Биылғы маусымда жаңадан құрылған команда ел чемпионатының бірінші тобында өнер көрсетеді.

Осы шарада Түркияда өткізген оқу-жаттығу барысы туралы бейнеролик көрсетілді. Кейін футбол клубының директоры Азамат Шайхы алдағы жылдарға арналған даму жоспарын жария етті. Оның айтуынша, басты мақсат – жоғары топқа қайта оралу және Қазақстан кубогында жақсы нәтиже көрсету. Биыл негізгі құрамның 49%-ын жергілікті ойыншылар, 40%-ын өзге өңірлерден келгендер толықтырса, қалған бөлігі – легионерлердің үлесінде. Сонымен қатар спорт мамандарын дайындау, көрермен мәдениетін қалыптастыру, балалар және жасөспірімдер футболын дамытуға көңіл бөлінеді. Былтырдан бері клубтың жанындағы футбол орталығындағы 766 бала 10 топта тұрақты жаттығуда. Биыл 856 баланы қабылдау жоспарланды. Оларды 26 бапкер жаттықтырмақ. Футбол орталығының Орал қаласында ғана емес, Бөрлі, Бөкей ордасы, Сырым, Қаратөбе және Теректі аудандарындағы бөлімдерінде 95 бала жаттығады. Барлық ауданда «Ақжайық» филиалдарын ашу жоспарланған. Салыстырмалы түрде айтсақ, елімізде 6308 футбол орталығы болса, басқа өңірлерге қарағанда жасөспірім футболшылар санынан «Ақжайық» көш ілгері алда. Жақында Ресейдің Самара қаласындағы «Крылья советов» және Орынбордағы футбол клубтарымен байланыс орнатуға келісімге қол жеткізіп, жас ойыншылар көрші елде өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Биыл клуб жанынан қыздар құрама командасы да өнер көрсетпек. Азамат Шайхы клуб меншігіндегі инфрақұрылымды жаңғыртуға және дамытуға көңіл бөлетінін, 2019-2025 жылдары қала мен аудандарда жабық манеждер құрылысын қолға алу қарастырылғанын айтты.

Шарада «Ақжайық» құрамын толықтырған жаңа ойыншылар мен команда мүшелері таныстырылып, оларға жейде үлестірілді.

Команда капитаны, қорғаушы Бауыржан Омаров сахнада сөз алып, клуб басшылығы мен бапкерлік штабтың және команданың сенімін ақтайтынын айтып, естелік ретінде №12 жейдені жанкүйер Виталий Корноуховқа табыстады.

Одан әрмен клуб басшысы жанкүйерлер қойған сұрақтарға жауап берді. Айта кетейік, «Ақжайық» командасының бас бапкері – Сергей Зайцев.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар