15.03.2019, 16:01
Қараулар: 280
Құдықты, құдықшыларды ұмыттық па?..

Құдықты, құдықшыларды ұмыттық па?..

Құдықтың  мал баққан шаруа адамы үшін  алатын   орны  ерекше.  Тұщы су көзін тауып, құдық қазудың өзі бір өнер. Ел арасында құдыққа, шыңырауға қатысты әңгімелер өте көп. Өйткені құдық бар жерде су болады, су болған жерде тіршілік көзі өзінен-өзі болады.

Осы орайда кешегі өткен уақытта құдықтардың рөлі мен алар орны ерекше болатын. Өзіміз көре қалғандай ауданымызда, соның ішінде Әжібай, Саралжын, Қызылту ауылдарында 70-80 жылдары Алексей мен Саша деген құдықшы орыс ағайындарымыз болды. Аздап шегініс жасасақ, Алексейдің өмір тағдыры өзгешелеу болатын. Ресейдің бір үлкен зауытында (авиа зауыт) конструктор болып қызмет істеп жүргенде авария болып, содан жазаға ілігіп, біздің жаққа келген екен. Ал Саша нағыз ағаш шебері еді. Бір шеге пайдаланбастан ағаштан неше түрлі бұйымдар жасап беретін… Жатқан жерлері жарық болсын! Өмірлерінің соңғы кезеңін қазақи ауылда өткізген бұлар нағыз қазақ болып кетіп еді… Құдығымызға қайта оралайық. Шындығы керек, өткенге көз жіберсек, тіршіліктің көзі болған құдықтар бүгінде ұмыт болып бара жатыр. Кеңшарлардың пәленбай мың малына жеткен шыңырау құдықтар бітеліп, орындары шұңқыр болып қалды. Әрине, қазіргі күнде соңғы техникалармен жүздеген метр тереңдіктен тұщы су көзін шығарып жатқанда, бұрынғы құдықтардың ұмытылуы да заңдылық. Бірақ ол біздің тарихымыз ғой. Сондықтан солардың кейбіреуіне тоқталып кетуді жөн санап отырмыз.

Осы құдықтар  жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз: – Нұрсай ауылынан 20 шақырымдай «Шұбарат» деген жерде шыңырау құдық болған. Бұл құдықтың иелері рулары қоңырбөрік алаша саналатын ағайындар екен. Сол замандарда сол шыңырау құдықтың суы бір ауылдың мал-жанына түгел жеткен.

Ал сол кезде бай, орта шаруаларда пәлен мыңдаған қой, жылқы, сиырды есептесек, ол құдықтың деңгейінің қандай екенін білуге болады, – десе, Қошанкөл ауылындағы Ғали Бегалиев мектебінің ұстазы, белгілі өлкетанушы Гүлназ Айтқалиева. – Қошанкөл ауылынан 6 шақырым жерде «Дініш құдығы» бар. Бұл құдық Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Әлібек Дінішевтің  атасы Дініш қаздырған құдық. Қазіргі күнге дейін оның орны сақталған. Ауылдық деңгейде тарихи орындарды мұрағат тізіміне кіргізіп отырмыз, – дейді.

Ал ауданымыздың өлкетанушысы Миржан Қарабалин газетке Жұлдыз ауылының құдықшысы Тойғожа туралы мақала жазды. Бұл адам 1885 жылдары дүниеге келген. Ол тұщы судың қай жерден шығатынын өсіп тұрған шөбінен айыра білген. Өмірі түйе үстінде өткен бұл атамыз осы өңірге тұщы судың орнын дәл тауып, сол кездегі қаншама ауылға тіршілік нәрін бергенін шамалаймыз. Ал қолында бір аспабы жоқ осындай құдықшылардың бүгінде арнаулы геодезиялық білім алған мамандардан асып түспесе, кем емес екенін байқаймыз. Сонымен қатар Саралжын ауылының шығыс жақ бетінде, Бөкей ордасының Құрманғазы ауылымен шекаралас жерде «Құспан» құдығы болды. Құдықтың Құспан атануы Совет үкіметі орнаған кезде Құспан  атамыз саясатқа қарсы шығып, банда атанған. Өзінің дүние-мүлкін сол қаздырған құдығына жасырған деген аңыз-әңгіме бар… Бұл құдық 1970  жылдардың ортасына дейін бітелген жоқ. Тіпті есімізде сол жылдары кеңшардың бір тайөгізі құдыққа түсіп кетіп, оны ақыры шығара алмады. Құдыққа барғандар (ол кезде суы тартылған) оның тереңдігі сондай, тайөгіздің өзі шамның жарығын түсіргенде, әрең көрініп тұрды деген әңгімесін де естідік.  Міне, сол замандарда осындай құдықтар болды. Ал Бостандық ауылында күні кешеге дейін «Көкқұдық» аталып келген құдық болды. Бүгінгі ауыл тұрғындары «Ақбұлақ» келместен бұрын соның суын пайдаланды. Ал неге бұл «Көкқұдық» атанып тұр екен?.. Жалпы, халқымыз құдық қазудың өзін де өнер санаған, өзіндік атаулары да болған. «Шеген-құдық», «Ақшелекқұдық», «Шығырқұдық» және  т. б. Міне, осындай құдықтардың тарихы қай ауылда болмасын сайрап жатыр.

Біз тіршілік көзі – су дейміз. Ал сол тіршілік көзін кезінде тауып, елдің кәдесіне асырған құдықшы аталарымызды және олардың қазған құдықтарын ұмытып кеттік. Дұрысына қалғанда, бұл –  тарих. Бүгінгі рухани сілкініс кезінде  осындай ел игілігіне жараған дүниемізді қайта бір түгендеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізсек,  артық  болмас  еді.

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.