15.03.2019, 15:58
Қараулар: 78
Жайық жұртымен жүздесті

Жайық жұртымен жүздесті

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа әлеуметтік қамқорлық бастамаларын жүзеге асырудың жай-күйін ел-жұртқа жан-жақты жеткізу мақсатында өңірге жұмыс сапарымен келген үкіметтік делегация облыстық мәслихаттың мәжіліс залында жұртшылықпен жүздесті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік салаға жауапты министрлердің, атап айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің, «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевтің халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуға келгенінен хабардар болған 300-ге жуық оралдық келді жиынға.

– Үкімет мүшелерінің өңірге келуі Елбасының жаңа әлеуметтік шараларының сапалы әрі тиянақты жүргізілуіне септігін тигізеді деген зор сенімдеміз. Тұрмысы төмен отбасыларға арналған жәрдемақының 1 сәуірден бастап беріле бастайтыны облыс тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Облыста 6912 табыс-кірісі аз көп балалы отбасы бар. Осы отбасыларда 28 253 бала тәрбиеленуде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына сәйкес былтыр 16 мыңға жуық азамат қолдау алған болса, биыл 25 мыңға жетеді деген болжамымыз  бар, – дей келе, облыс әкімі Алтай Көлгінов алғашқы сөз кезегін Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға ұсынды.

– Біздің басты мақсатымыз – өңірлерді аралап, әлеуметтік қамқорлық аясындағы соңғы өзгерістерді халыққа түсіндіру. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік мәселелері бойынша қабылдап, туындаған мәселелерді жергілікті әкімдермен бірлесе отырып шешу. Әлеуметтік қамқорлық бағытындағы өзгерістерді үш топқа бөліп айтар болсам, біріншіден, аз қамтылған отбасыларға көмек беру мен ең аз жалақы алатын қызметкерлерді қолдау. Екіншіден, баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру. Үшінші бағыт өңірлерді дамытуға қатысты іс-шаралар кешенін қамтиды, – деді Гүлшара Наушақызы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасы барша жиынға қатысушыларға, әсіресе, алдыңғы қатарларға жайғасқан көп балалы аналарға мол мағлұмат берді.

– Биылғы бірінші шілдеден бастап ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 15 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Ең кем дегенде 1 миллионнан астам қазақстандықтың жалақысы артады. Негізінен, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері қамтылады. Аудан-ауылдар мен облыс орталықтарында халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлердің де жалақысы көбейеді. Біздің болжамымыз бойынша ең кем дегенде 75 мың адам қамтылады.

Келесі мәселе, көп балалы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Әр балаға берілетін 20 789 теңге әлеуметтік жәрдемақымен 830 мыңға жуық қазақстандық қамтамасыз етіледі, соның ішінде 24 480 адам батысқазақстандықтар. Жаңаша тәсілмен тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек отбасыларды қаржылай қолдаумен қатар, азаматтардың жаңадан мамандық алуына, әлеуметтік жұмысқа орналасуына, жастарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Бұған дейін АӘК мөлшері 4834 теңге болса, 1 сәуірден  бастап 20 789 теңгеге дейін артады.

Халықты толғандырып жүрген мәселелердің бірі – жәрдемақы алардағы жиынтықтардың есептелуі. Осыған дейін «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін төленетін төлемдер, мүгедек балалардың жәрдемақысы мен олардың күтушілеріне берілетін төлемдер есептеліп келген болса, енді олар есепке алынбайды. Оған қоса жәрдемақы рәсімдеу тәртібі оңтайландырылды. «Е-халық» электронды жүйесі іске қосылды, құжат жинаумен жергілікті әкімдіктер айналысатын болады. Еліміздегі әр отбасының әлеуметтік картасы жасалуда, – деген Бердібек Мәшбекұлы көп балалы жалғызбасты ананы мысалға келтіре отырып, тағайындалатын жәрдемақы мөлшерін есептеп берді. Осыған дейін төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жұмыссыз анаға 63 240 теңге жәрдемақы төленген болса, өзгерістерге сәйкес 103 945 теңгені құрайтын болады. Бала күтіміне арналған жәрдемақының өсімімен айына 114 449 теңге жәрдемақы  тағайындалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 500 мың теңге қайтарымсыз гранттар және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту үшін 6,5 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несиелер  берілетінін  атап  өтті.

– «Білім саласында көптеген өзгеріс болып жатыр, сол өзгерістерді жүйелі нәтижеге жеткізу керек» деп Елбасы айтқандай, білім саласында атқарылатын жұмыс көп, – деп бастады сөзін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова. – Алдымыздағы үш жылдың ішінде елімізде 190 мектеп салынады. Ең бірінші апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің ғимараттары жаңартылады. Әр баланың сапалы білім алуы мен өмірінің қауіпсіздігін басты назарда ұстауымыз керек. Қазір Батыс Қазақстан облысында үш мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Екінші мәселе, жалпы білім сапасы мен мұғалімдердің кәсіптік шеберлігіне байланысты. Үш жылдың ішінде 144 мың мұғалім жаңартылған білім бағдарламасына сай біліктілік арттыру курстарынан өтті. Биылдан бастап 85 мың сынып жетекшісі мен мектеп психологтарын оқытатын боламыз.

Халықты толғандырып жүрген үштілділікке қатысты айтар болсам, химия, физика, биология, информатика пәндерін жоғарғы екі сыныпта ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңімен, яғни мектеп пен мұғалімдер дайын болған кезде ғана жүргізе бастаймыз. Оны әр мектеп ата-аналармен ақылдаса отырып, жүзеге асыратын болады. Жоғарыдағы пәндердің мұғалімдерін ағылшын тіліне оқытуға жұмсалатын қаржыны педагогикалық жоғары оқу орындарында мамандар дайындауға жұмсайтын боламыз.

Қазір әр екі-үш жылда жаңа мамандық пайда болуда. Сондықтан жастар оқуға, ізденуге, білімін жетілдіруге әрдайым ықыласты болуы керек. Міне, қазіргі қойылып отырған мәселе осы ғана, – деген Күләш Шәмшидинова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, ел экономикасына аса қажет 100 мамандық нақтыланғанын, ал жергілікті әкімдіктермен, жұмыс берушілермен және қоғамдық ұйымдармен бірге өңірлердегі үздік колледждерді анықтау және дамыту қолға алынғанын жеткізді.

Жиында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрігерлердің тапшылығы мәселелеріне тоқталып, бұл бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– Елбасы тапсырмасына орай, елімізде үш жылдың ішінде 595 емхана мен амбулатория салынады. 90 пайызы ауылдық жерлерде бой көтереді. Мақсатымыз – үш жылдың ішінде барлық ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, әр ауыл тұрғыны өз дәрігері мен мейірбикесіне емделе алатындай жағдай туғызу. Сіздің облыста үш жылдың ішінде 22 медициналық нысан салу жоспарланып отыр, – деді Елжан Біртанов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің мәлімдеуінше, елімізде 340 мың көп балалы отбасы болса, солардың 28 мыңнан астамы баспана кезегінде тұр. Жыл сайын алты мың пәтер, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер пайдалануға берілмек. Батыс Қазақстан облысында 1134 көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұрса, 2019-2025 жылдары 1613 пәтер салу жоспарланған. Мархабат Жайымбетов көп балалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін берілетін жеңілдетілген несие шарттарын да түсіндіріп өтті.

«Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев болса, «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобаларының мақсат-міндеттеріне тоқталды.

Бұдан соң Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың өтініш-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Бас-аяғы жиырмадан астам азаматтың  (олардың басым бөлігі – көп балалы аналар) мәселесі тыңдалды. Микрофон арқылы талап-тілектерін айтқандардың дені атаулы әлеуметтік көмек, баспанамен қамту, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және қайтарымсыз грант алу сияқты мәселелерді көтерді. Бірқатарына лезде жауап қайтарылса, кейбір тұрғындармен министрлер жеке-жеке тілдесті. Қызбалыққа салынғандар да, жөн-жосықты сабырмен түсіндіріп, мәселені байыппен шешкендер де болды. Министрлердің қабылдауына жазылған жұртшылықтың қатары жиын аяқталған соң да толастамады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал    өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар