15.03.2019, 15:57
Қараулар: 174

ИІРІМ

Эдгар Аллан По – 1809-1849 жылдарда өмір сүрген америкалық жазушы, ақын, сыншы, журналист. Ол жүздеген өлең мен новелла жазған. Сондай-ақ, психологиялық әңгіме, ғылыми фантастика, детектив жанрларында қалам тербеген. ХХ ғасырдың басынан бастап қаламгердің туындылары желісі бойынша режиссерлер үздіксіз кино түсіріп келеді. Қазір АҚШ-тың Ричмонд және Балтимор қалаларында Эдгар Аллан Поның мұражайы бар. Назарларыңызға жазушының әңгімесін аударып ұсынамыз.

Біз ең биік жартастың  төбесіне көтерілген-де, толқындарымен Лофоденді* үсті-үсті-не ұрғылап жатқан ашулы теңізден 500-600 фут** жоғарыда тұрдық. Қасымыздағы қария қалың ойға шомып кетті де, тіл қатуға мұрша-сы болған жоқ. Сөзін біраз уақыт үнсіздіктен соң бастады:

– Бұл жерге бірнеше жыл бұ-рын бірге келгенімізде, менің қы-лыштай қылшылдаған жас жігітің күш-қуатынан кем түспейтін қай-ратым болғанын көрер едіңдер. Ал қазір жігерім жасыған, рухым мұқалған, сағым сынған. Үш жыл алдын адам баласы бұрын-соңды аман қалып көрмеген апатқа ұшырап, 6 сағат бойы зәремді алған сұмдық қорқынышты бастан өт-кердім. Нәтижесін өздерің көріп тұрсыңдар. Кәрілік келмесе де қартайып, шөгіп кеттім. Әлі қырау шалып үлгермеген шашым бірнеше сағаттың ішінде қардай ағарып, аяқ-қолым әл-дәрменінен айыры-лып, жүйкем тозған матадай жұ-қарды. Мен көрген сұмдықты жа-қыннан сезінсін деп сендерді осы жерге әдейі ертіп келдім. Біз қазір үстінде тұрған Хелсегген немесе Клауди атты бұл жартас Норвегия жағалауынан аса қашық емес. Отырып, теңізге мұқият қараңдаршы.

Алдымызда шеті мен шегі көрінбейтін қаракөк түсті айдын қана-тын кеңге жайған алып самұрық-тай көсіліп, шалқып жатыр. Екі жағымызға көз тіксек, көкжиекке дейін жететін жартастың үшкір ернеуі жіп-жіңішке сызықтай көріне-ді екен. Құрлық пен судың шектесетін тұсы екі әлемнің ымдасып, жымдасып, әлдебір жұмбақ тілмен сөйлесіп жатқанындай елестейді.

Жасыл түгіне қарап, өсімдік өсетінін аңғаруға болатын бір кішкентай арал шамамен 5 миль қашықтықта тұр. Одан 2 мильдей  беріде түнерген жартастар жүзік тәрізді айнала қоршаған тағы бір  кішірек арал бар. Арыда орналасқан арал мен жағалаудың арасындағы су бетінде түсініксіз бір құбылыс байқалады: желдің бағытымен де, желге қарсы да аласұрып  асыққан ағыстың көрінісі сондай  сұсты.

– Арғы аралдың аты – Вурх, бергісі – Москэ, – деп сөзін жалғас-тырған қария кенет шошып кетіп:

– Естідіңдер ме? Теңізден қан-дай да бір өзгеріс байқадыңдар ма? – деп сұрады.

Расында да, сұрапыл дауылдың үніндей қорқынышты дауыс сәт сайын үдей түсіп, теңіз түлен түрткендей бүлініп, алапат ағыс шығысқа қарай өршелене ұмтыл-ған еді. Табиғаттың долы мінез көрсетіп, бұлқынуын жіті бақылап тұрған мен ағыс жылдамдығы мен екпінінің қас қағым сәтте адам сенгісіз деңгейде еселенгенін көріп таңғалдым. Небәрі 5 минуттың ішінде Вурх пен Москэнің арасы  шарқ ұра айналған мыңдаған шең-берге толып, шығыс жаққа лап қойды да, жаралы жыртқыштың ақырған ызалы үніндей, күннің күркірегеніндей зәрені алар дыбыс мүлде күшейіп кетті. Алайда бірнеше минуттың ішінде жағдай тағы өзгерді: кішкентай иірімдер  жайылғанның үстіне жайыла түсіп, жоқ болды да, орнына ұзындығы 1 мильге*** жететін өте үлкен бір иірім пайда болды. Дөңгелек шекарасы су-белдеумен айналдырып, белгілеп қойғандай жылтырап кө-рініп тұрған алып шеңбердің іші барған сайын қарақошқылданып, дөңгеленген су-жартастар тереңге қарай мүйістене түсіп еді. Сол бағыттан аждаһаның ысқырға-нындай үрейлі леп есіп, тіпті біз отырған жартас та теңселіп кеткендей болды. Мен етпетімнен жата қалып, тасқа сүліктей жабысып алдым.

– Бұл, – дедім мен қарияға, – ұлы иірім Маэлстром шығар.

– Иә, кейде солай аталады, – деді ол, – бірақ Москэ аралының маңында болатындықтан, біз, нор-вегиялықтар, Москэстром дейміз. Мұның кітаптарда жазылған сипаттамасы мен менің көргенім-нің айырмашылығы жер мен көк-тей. Дөп суреттеді деген зерттеуші Джонас Рамустың өзі Москэстромды Хелсеггеннің төбесінде отырып бақыламаған сияқты. Табиғат құбылысының ол берген мә-ліметтегі қуаты әлдеқайда әлсіз, ақиқатқа сай келмейді.

Рамустың пікірінше, бұл тұсқа ағыс лап қойғанда, Лофоден мен Москэ арасындағы су жанын қоярға жер таппаған мақұлықтай шарқ ұра жөнеледі. Ал ағыс кері серпілгенде, құзар биіктен құлаған сарқыраманың шуынан да асып түсетін гүріл бірнеше миль қашық-тықтан естіліп тұрады. Мұндай өте ауқымды әрі терең иірімге жақын келсе, тіпті кемені де тартып әкетіп, тұңғиыққа батырып жібереді де, теңіз астындағы жартастарға соғып, күл-паршасын шығарады. Сосын су кері серпілгенде, кеменің қиран-дылары мен бөлшектеніп кеткен бөліктерін көрер едіңіз. Иірім ал-ты сағат бойы төңірегіндегі жанды-жансыздың бәрін түгел жалмап, тереңге сүңгіткен соң, шамамен ширек сағат тыныштық орнайды да, содан кейін қиямет құ-былыс қайта басталады.

Бастапқыда Джонас Рамустың Москэ-стромды бұлай бейнелеуін шындықпен үндеседі деп ойладым, – деді одан әрі қария, – бірақ қар көшкініндегідей алапат дауыс құлағымның түбінде әлі жаңғырып тұрғандықтан, қазір Рамус жеріне жеткізіп сипаттай алмағанын жақсы түсінемін.

Көз алдымыздағы қорқынышты көрініске қарап тұрып, маған Кирчер және өзге де ғалымдардың көзқарасы ақылға қонымды болып көрінді. Олар су астында мұхиттың басқа бір бөлігіндегі шұңқырмен байланысып жатқан үлкен ойық не жарық бар деп есептеген. Бұл болжамды қарияның есіне салғаным-да, ол норвегиялықтардың көбі осыған иланатынын, алайда өзі сенбейтінін айтты.

– Иірімді жақын жерден көр-діңдер, – деді жолбастаушымыз, – енді сәл әрірек барып, тыныш жерге жайғассақ, Москэстром жайлы өз көзіммен көрген шындықты әңгімелеп беремін.

Біз жартастың басқа  бөлігіне барып отырдық.

– Бір кездері екі бауырым және мен – үшеуміз, үлкен қайығымыз-бен Москэ мен Вурх арасында балық аулаушы едік. Теңіз қаһарланып, таудай толқындар аласұрып, бір-бірімен соқтығысқан сәттерде балық жақсы түсетін. Бірақ мұндай уақытта теңізге шығуға бұл өл-кеде үшеумізден басқа ешкімнің батылы жетпейтін. Балық аулауға қауіпсіз аймақ оңтүстік бағытта болса да, біз оңай олжаға қарық болу үшін Москэнің жартастарына дейін жүзіп келіп, иірімге қатты жақындайтынбыз. Теңіз 15 минутқа тыншығанда, Москэстром болатын тұсты кесіп өтіп, көздеген межеге жетіп аламыз. Содан соң 6 сағат бойы балық аулап, келесі ширек сағаттық үзілісте жағаға қайтуды дағдылы кәсіпке, үйрен-шікті әдетке айналдырғалы қашан. Алайда жел соғып тұрмаса, тәуекелге бармайтынбыз. Өйткені, жел арқылы ауа райын долбарлай-тын едік. Алты жыл тәжірибемізде иірімнің басталатын уақытын есептеуде екі-ақ рет жаңылысыппыз. Екі жағдайда да арал маңын паналап, жан сақтадық. Басқа кезде Москэстром болатын тұсты дәл уақытында кесіп өтсек те, бірер минут ерте не кеш қимылдаған-дай жүрегім аузыма тығылатын. Ағамның 18 жастағы тепсе темір үзетін ұлы, ал менің жігіт болып қалған үш балам бар. Күнкөріс қамындағы арпалыста олар бізге кәдімгідей қолғанат болар еді. Дегенмен, өзіміз тәуекелге бел байласақ та, жастардың өмірін қатерге тігуді жөн санамай, перзенттерімізді ерітпейтінбіз. Ақыры осыдан үш жыл бұрын 18… жыл-дың 10 шілдесінде бұрын жан баласы көрмеген сұмдықты бастан өткердік. Бірақ сол күні түске дейін де, түстен кейін де аспан шайдай ашық болып, оңтүстік-батыстан жібектей самал есіп тұрды. Мен және екі бауырым – үшеуміз аралдарға қарай сағат түскі екі-лер шамасында жүзіп бардық. Қанжығамыз майланып, балық көп түсіп, мол пайдаға кенелдік. Иірім болып жатқан тұсқа қарай ақырын жылжи бастағанда, қолсағатыма қарап, кешкі жеті болғанын көр-дім. Сағат сегізде теңізде 15 минут тыныштық орнайтынын білетінбіз. Ішкі есебіміз бойынша, 1 сағатта қауіпті аймаққа жетіп, иірімнің ширек сағаттық үзілісінде жағаға қарай өтіп кету керек едік. Ойымызда ештеңе жоқ, қайықпен баяу жүзіп келе жатырмыз. Кенет аяқ астынан алапат дауыл басталып кетті де, төбемізге қып-қызыл бұлтты айдап әкелді. Не істеу керек екенін ойлап та үлгермей қалдық. Үш минутқа жетпей, төңіректі тү-гелдей түнек жайлап, айналаны қою қараңғылық басып, көз байланды. Қайықтағылар, тіпті бір-бірімізді көрген жоқпыз. Мұндай қорқынышты сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Норвегиялық ең кәрі теңізшінің өзі бұрын-соңды дәл осындай сұмдықты көрмеген шығар. Дауыл бар екпінімен алғаш соққанда, інім қайықтан ауып кетіп, тұңғиыққа жұтылып кеткен екен. Еденге қағылған шынжырға жармасып алмағанда, мен де оның кебін киер едім. Қайықтың ішіне су толып кеткендіктен, демімді ішке тартып алған мен біраз уақыт тұншығумен болдым. Одан әрі шыдауға дәрменім қалмағанда, шынжырды қысып ұстаған қалпымда тізерлеп отырдым да, басымды судан шығардым. Содан соң жел қайықты судан шыққан иттің сілкінгеніндей шайқап жіберді де, іштегі судың біраз бөлігі сыртқа төгілді. Иығыма әлдекім қолын қойған соң, артыма жалт қарап, ағамды көрдім де, жүрегім қуа-ныштан, ойнақтаған лақтай, ат-қақтай жөнелді. Өйткені, мен оны да батып кетті деп ойлаған едім. Алайда ол құлағымның тұсына «Москэстром!» деп айқайлағанда, жаңағы шаттық жүрегімнен лезде ғайып болды да, оның орнын үрей басты. Төбе құйқам шымырлап, бүкіл денем қорқыныштан қалш-қалш еткен менің сол кездегі күйімді жер бетінде ешкім сезініп көрген жоқ! Ешкім! Ағам бірауыз сөзбен нені меңзегенін ұқтым. Құтырынған жел мен өршеленген ағыс бізді тура иірімге қарай алып бара жатқан еді. Теңіздің енді 6 сағаттан кейінгі тыншитын уақы-тына біздің аман жетуіміз екіталай. Ескектердің қайда қалғанын да білмейміз. Қайығымыз жел қуа-лаған қаңбақтан да салмақсыз бо-лып қалғандай ағыс бағытымен зымырап барады. Бұрын көрмек түгілі, елестете де алмаған таудай толқындар лек-легімен келіп, сабалап жатыр. Қара пердемен тұм-шалап қойғандай қап-қараңғы аспанда кенет мөлдіреп ай кө-рінді де, айналаға сүттей жарық сәулесін шашты. Жан-жағыма лезде бажайлап қараған мен мұндай сұрапыл көріністі көрмей-ақ қой-ғаным дұрыс еді ғой деп ойладым. Ағаммен тілдесіп, не істейтінімізді ақылдасуға тырыссам да, жел менің үнімді айдалаға алып қашып, сөйлесуге мұрша бермеді. Керісінше, теңіз үстіндегі алапат шу күшейе түсті. Бауырым басын шайқап, сұқ саусағын көрсетіп, «Тыңда!» деген ишара жасады. Кенет әлдене есіме түсіп кетіп, мен жалма-жан сағатыма қарадым да, ай жарығымен сағат тілінің жетіде тоқтап қалғанын көрдім. Иірімнің үзіліс сәтін өткізіп алғанымызды, қазір ол нағыз кемеріне келіп, күшіне мінген уақыт екенін түсін-генімде, еңкілдеп жылап жібердім. Үлкен бір толқын бізді биікке көтеріп әкелгенде, айналамды лезде шолып үлгерген мен Москэстром иіріміне шамамен жарты миль қалғанын аңдадым. Сөйткенше болған жоқ, балапанын сынаған қырандай, толқын қайықты төменге тастап жіберді. Қорқыныш пен шарасыздықтан көзімді тарс жұмып алдым. Екі минутқа жетпей жатып, біз иірімнің шекарасы – ағараңдаған су-белдікке еніп кеттік. Қайық бір қыры-на бұрылды да, шеңберді бойлап көз ілеспес жылдамдықпен айнала жөнелді. Дауыл тоқтап, манағы күннің күркірегеніндей гүріл, енді, бір мезетте мыңдаған кеменің дабыл белгісін басқандай құлақ жарар ысқырыққа ұласты. Қас-қағым сәтте бататын шығармыз деп ойлаған мен, қайық өте жоғары жылдамдықпен айналып жатқан-дықтан, иірімнің түбіне зер салып қарай алған жоқпын. Әйтеуір, иірімнен тыс теңіз суы көкжиекке дейін жететін үлкен жартастай болып елестеді. Ажалдың апандай аранына түскендіктен, өмірден күдерімді үздім. Өлген жерім осы шығар деп ойладым. Іштей өлімге көндіккен сәтте о дүниеге Жаратушының шексіз құдіретін танып барып аттанған қандай бақыт екенін сезіндім. Қазір сендерге ақымақтық болып көрінер, бірақ мен иірімнің тереңді-гін анықтағым келді. Сол кезде осындай адам таңғаларлық құ-былысты өз көзіммен көргенім-ді жағада қалған достарыма айтып бере алмай, өліп бара жат-қаныма қатты өкіндім.

Біз иірімнің шекарасы – аға-раңдап көрініп тұрған су-белдікті бойлап, бір сағаттай айналдық. Мен темір шынжырдан айырылған жоқпын. Ал ағам қайыққа арқан-мен байланған шағын бөшкеге жармасып алыпты. Дауыл алғаш соққанда-ақ, басқа мүлікті түгелдей ұшырып әкеткен. Су-белдіктен төменге, иірімнің ішкі бөлігіне қарай өтейін деп жатқанда, жанарына үрей ұялаған ағам шынжырдан менің қолымды күшпен жұлып алып тастады да, өзі ұс-тады. Жан тәтті ғой, дегенмен бауырымның бұл қылығынан одан сайын жүрегім ауырып, еңсем түсіп кетті. Бірақ ақырында өлетін болған соң, шынжырдан ұстасаң да, ұстамасаң да бәрібір емес пе деп ойлап, еш қарсыласпастан, қайыққа арқанмен байланған бөшкеге жармастым. Бастапқыда жаңа орнымның ыңғайын таба ал-мағандықтан, бір саты төмен түс-кенімізде, ауып кете жаздадым. Иірімнің ішкері бөлігіне енгенде, бәрі жылдам аяқталатын шығар, тез өліп кететін шығармын деп ойладым. Күбірлеп, Құдайға жалбарынып, дұғамды оқыдым да, көзімді тарс жұмып алдым. Арада бір минуттай уақыт өтті. Мен әлі тірімін. Неге суға тұншығып, бір жұтым ауаға зар болып, өліммен жан-дәрмен арпалысқа түспей жатқаныма түсіне алар емеспін. Бар ерік-жігерімді жинап, көзімді ашқанда көрген көрініс өмір бақи жадымда сақталады-ау. Төмен-ге қарай мүйістенген терең шұңқырдың қарақошқыл түсті су-қабырғалары ай жарығымен ша-ғылысып, жалтырап тұр. Су көз ілеспес жылдамдықпен ұршықтай айналып жатыр. Иірімге алғаш енгенде, екпінмен жартысына дейін түсіп кеткенмен, біздің төмендеу қарқынымыз бірте-бірте бәсеңдей берді. Шеңберді әр айналған са-йын қайық шамамен бір ярд**** төменге түсіп отырды. Ажалды күтіп жатқан сол бір сәтте мен бізден төменгі жақта да, жоғарғы жақта да кеменің бөлшектері, ағаштың діңдері, жәшіктер, бөшкелер, таяқтар су-шеңберді айнала жүзіп жүргенін аңғардым. Басқа істейтін ештеңе болмаған соң ба, келесі кезекте осылардың қай-сысы құрдымға кететінін жорамалдай бастадым. Иірімнің түбіне таяп қалған анау бір ағаш бөлшегі суға батып, көзден жоғала ма деп едім, кеменің қирандысы оны басып озып, бірінші болып су түбіне кетті. Тағы бірнеше болжамым қа-те шыққанына таңғалдым. Кенет жүрегім аттай тулап кетті. Бұл жо-лы қорқыныштан емес, қуаныш-тан. Өйткені, үлкен зат кішісіне қарағанда төменге анағұрлым жылдам жететінін түсінгенде, тірі қалам ба деген үміт оты қайта жанған еді. Маған тым кішкентай заттар иірімнің түбіне теңіздің тыншитын уағына дейін жетіп үлгермейтіндей көрінді. Үзіліс уақытында оларды ағыс басқа ба-ғытқа, бұл тұстан жыраққа алып кету керек. Осыны ойша сараптап жатып, жаңа ғана бір деңгейде болған ағаш діңі қазір бізден әл-деқайда биікте қалғанын, сәт сайын арамыздағы арақашықтық ұлғая түскенін байқадым. Енді көп ойлануға уақыт жоқ. Өзімді бөш-кеге арқанмен мықтап шандып байлап, қайықтан секіруге бел будым. Жанымызда жүзіп келе жат-қан ағаш бөлігін нұсқап, ағама жоспарымды ым-ишарамен барынша түсіндіруге тырыстым. Ұқты ма, жоқ па анық білмеймін, бірақ әбден шошып қалған ол қайта-қайта басын шайқап, ұстап жатқан шынжырынан айрылмайтынын білдірді. Бұдан артық бөгеле алмадым. Қайыққа байланған ар-қанды жұлқылап жұлып алдым да, беліме орап, суға қойып кеттім. Расында да, менің ойлағанымдай болып, аман қалдым. Енді міне, өстіп сендерге осы хикаяны айтып беріп отырмын. Мен секіріп кеткеннен кейін, бір сағаттан соң, арамыз қатты алшақтап кетті. Ақыры жарты минуттың ішінде қайық сұмдық жылдамдықпен 3-4 рет айналды да, менің ғазиз бауырымды тұңғиыққа, су түбіне мәңгілікке ала кетті… Көп ұзамай-ақ, теңізде өзгеріс байқалып, табиғаттың ашуы тарқай бастады. Су бірте-бірте жайылып, иірім тоқтады. Алапат дауыл сап тыйылып, қаһарлы жел тыншып, аспандағы қараңғы бұлттар да ғайып болды. Тек әлі сабасына түсе қоймаған тентек тол-қындар ғана аласұрып, жаңа ғана тура осы жерде болған сұмдықтан хабар беретіндей. Қатты ағыс мені оңтүстіктегі балық аулайтын аймаққа апарып тастады. Судан шығарып алып, қайыққа мінгізген балықшылар жолдастарым еді. Алайда бірнеше сағат бұрын ғана көмірдей қап-қара шашым қудай ағарып кеткендіктен, дос-тарым мені танымай қалды. Қор-қыныштан тілім байланып, ұзақ уақыт сөйлей алмай отырдым. Бі-раздан кейін бастан өткергенімді айтып бергенімде, олар маған сенген жоқ. Сендер иланбасаңдар да, таңғалмаймын.

Ағылшын   тілінен   аударған   Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.