15.03.2019, 15:55
Қараулар: 258
Әлеуметтік қамқорлық арта түспек

Әлеуметтік қамқорлық арта түспек

Әшейінде «әр баланың өз несібесі бар» десек те, нарық заманында көп балалы ата-ана атануға екінің бірі бел буа бермейтіні рас. Баланы жарық дүниеге әкелу бір бөлек, оны бағып-қағу, тәрбие мен білім беріп жеткізу бір бөлек. Бауыр еті баласының болашағы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген көп балалы ата-аналарды қолдау шаралары елімізде 1 сәуірден бастап күшейтілмек. Елбасының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асатын «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа ауқымды іс-шаралар кешені ең алдымен аз қамтылған отбасылар мен көп балалы жанұяларға қамқорлық көрсетуге бағытталмақ.

Облысқа сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік салалар министрлері Орал қаласы мен аудандардағы көп балалы отбасылардың шаңырақтарына арнайы барып, алтын құрсақты аналарды толғандыратын мәселелерді олардың өздерінен естіді.

Кеше вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова Орал қаласындағы Көктем шағынаудандағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінің бойындағы №87 үйдің тұрғыны бес перзент тәрбиелеп отырған Әсем Ізтілеуовамен, алты баланың анасы Саида Айтмұқановамен және Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі №83 үйде тұратын сәби кезінен мүгедек бала тәрбиелеп отырған Ксения Васильевамен кездесіп, аналардың қандай көмекке зәру екендіктерін сұрады.

– Үш ұл, үш қызым бар. Тұңғышым 22 жаста болса, кенжем 10 жаста. Үлкен қызым ауылда педагогика саласында қызмет жасайды. Ұлдың үлкені әскери борышын өтеп келгелі бері тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр. Одан кейінгі төрт балам мектеп оқушысы. Қолымда екінші топ мүгедегі қайынсіңлім бар. 2007 жылы баспана кезегіне тұрып, 2017 жылдың ақпан айында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы екі бөлмелі үй алдық. Жұбайым Болат құрылыста жұмыс жасаған еді, қазір жұмыссыз. Өзім облыстық балалар ауруханасында медбикенің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жолдасымның қолынан бәрі келеді, үлкен ұлым да еңбек етіп, қолғанат болуға тырысып жүр. Тұрақты жұмысқа орналасуға көмектессеңіз, еңбектен қашпаймыз, – деді «Күміс алқа» иегері Саида Айтмұқанова. Гүлшара Наушақызы Елбасының тапсырмасымен көп балалы аналарды әлеуметтік қолдау шараларының күшейтіліп жатқанын, 1 сәуірден бастап табысы аз көп балалы отбасындағы әр балаға 20 789 теңге жәрдемақы төленетінін және мұндай жанұялардың ересек мүшелерін еңбекке тартуға жағдай жасалатынын жеткізді. Премьер-министрдің орынбасарымен бірге жүрген облыс әкімі Алтай Көлгінов отағасымен тілдесіп, жеке қабылдауға шақырды. «Әскери борышын өтеп келген жауапкершілігі мығым, отансүйгіш жастарды қолдауға әрқашан дайынбыз. Көп балалы отбасылардың балаларын кәсіптік колледждерге оқуға тегін қабылдаймыз. Мамандық алғаны өзіне де, өңірге де пайдалы», – деді облыс басшысы.

Гүлшара Әбдіқалықова аналарды кездесумен тұспа-тұс келген Көрісу күнімен құттықтап, әр шаңыраққа себет толы дәм тарту етті.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

* * *

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Орал шаһарындағы бірқатар көп балалы отбасыларға барып, қал-жағдайларымен танысты.

Д. Қонаев шағынауданындағы 27-үйде тұратын Жалғас Сердалиевтің отбасында кәмелет жасына толмаған бес перзент өсіп келеді. Отағасы заңгер болып қызмет етсе, зайыбы Жаннұр бала күтіміне байланысты үй шаруасында. Құтты қонысына айналған үш бөлмелі пәтерді  2016 жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы несиеге алған.

– Сырым ауданының Қособа ауылында дүниеге келдім. Жұбайым Жалғас көп балалы отбасында тәрбиеленген. Менің де перзенттерім көп болса екен деп армандадым. Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Мамандығым бойынша үш жылдай еңбек еттім. Қазір декреттік демалыстамын. Шаңырақ көтергеннен кейін айына 50 мың теңге төлеп, бірнеше жыл пәтер жалдап тұрдық. Бұл баспананы алған кезде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Ұлыма «Әкеңдей азамат бол! Әкеңнен үлгі ал! Соңыңнан ерген төрт қарындасыңа қамқор бол!» деп  жиі айтып отырамын. Ипотекалық пәтердің жалдау ақысы айына 70 мың теңге. Бірінші сәуірден бастап әр балаға берілетін жәрдемақының көбейетінін естіп, қуанып қалдық.

Біз үшін бұл зор қолдау, – дейді көп балалы ана Жаннұр Мұқанова.

Өз кезегінде Бердібек Мәшбекұлы көп  балалы отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көретіндерін жеткізді.

Содан соң министр Орал қаласының маңындағы Виктория саяжайы, 23-үйде тұратын көп балалы Зайнуллиндер отбасына барды. Отағасы Ерлан мен зайыбы Гүлнәр құрылыс саласында жұмыс жасайды екен. Тұңғыш ұлдары үйленген, ата-анасымен бірге тұрады. Екінші ұлы «Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің» 3-курс студенті. Қалған үшеуі мектеп оқушылары. Шаңырақ иесі балаларының да құрылыс саласында хабары бар екенін, яғни үйдің іргетасын құюдан бастап, кірпіш қалауды меңгергенін жеткізді. Жасөспірім ұлдары демалыс кездерінде  ата-аналарына  көмектеседі  екен.

– Дұрыс айтасыз, он екі мүшесі сау адам өзі еңбектеніп, отбасын асырауы қажет. «Жоқ, жоқ» дегенмен, аспаннан ризық-несібе өзінен-өзі жаумайды. Әке-шешесінің зейнетақысымен күн көретін кейбір отбасылар бар. Баланы кішкентай кезінен еңбекке үйретсе, жаман адам болмайды. Біріншіден, тәрбиелі болып өссе, екіншіден, нан табатын кәсібі дайын тұрады. Ата-анасына көмектесіп,  қосымша қаржы табады, – деді көп балалы отбасымен кездескен министр  Сапарбаев.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

* * *

ҚР  Премьер-министрінің  орынбасары Гүлшара  Әбдіқалықова  мен ҚР  Еңбек және  халықты  әлеуметтік  қорғау  министрі  Бердібек  Сапарбаев  Бәйтерек  ауданының  орталығы Переметный  ауылында  жұмыс  сапарымен  болды.

Мәртебелі меймандар переметныйлық Оңғарбай Абылаевтың шаңырағында болып, нәпақасын еңбекпен тауып отырған отбасының шаруашылығымен танысты.

Гүлшат Иманқұлқызының иелігіндегі «Жансая» жеке кәсіпкерлігі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 5 бала тәрбилеп отырған Абылаевтар отбасының  тірлігі  көпке  өнеге.

Гүлшара Наушақызы мен Бердібек Мәшбекұлы бастаған топ отбасы ауласында орналасқан цех жұмысымен де танысты. Цехта құрт жасайтын құрылғы жұмыс жасап тұр. Бұл орында сүт өнімдерінен  түрлі  тағамдар  дайындалады.

– 2008 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келдік. Бүгінде жағдайымыз жақсы. Иелігімізде 9 бас ірі қара бар. Алғашында жолдасым Гүлшат Мұратқазиева екеуміз «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алып, жұмыстана бастадық. Ет, сүт сатамыз. Сүттің литрін 200 теңгеден, еттің келісін 1500 теңгеден сатамыз, – деді отағасы Оңғарбай.

Отбасының еркесі Жансая 5-сыныпта оқиды, оқу озаты. Сабақтан қолы қалт еткенде анасына қолғабыс етеді.

– Мен де күніне төрт жүздей құрт жасаймын. Анам да, әкем де менің көмегіме разы, – дейді Жансая.

Абылаевтар отбасының тыныс-тіршілігіне сүйсінген Үкімет мүшелері құралақан келмегендігін көрсетіп, елорданың дәмін тарту етті. Отбасының еңбекқорлығына риза болған Бердібек Сапарбаев отанасы Гүлшаттың қолынан құрт сатып алуды да ұмытпады.

Кішкентай Жансаяның оқуда озат, өнерде оқ бойы алда екендігінен хабардар болған Үкімет мүшелері бүгінгі ұрпақ Жансаядай білімді, еңбексүйгіш болса екен деген тілегін білдірді.

Одан соң Үкімет мүшелері қарапайым отбасының қора-қопсы жайымен де танысты. Жарық та жылы қорадағы ірі қараның әрқайсысын көзбен шолып, олардың төлдеріне де назар аударды. Қожайыннан мал азығының жай-күйін біліп, еңбегіне табыс тіледі.

Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен де танысты.

Орталықта аға буын өкілдерімен кездесіп, жиналғандарды Көрісу айт мерекесімен құттықтады.

Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде Үкімет мүшелерінің өңірлерді аралауының басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу екендігін атап өтті.

– Гүлшара Наушақызы бастаған Үкімет мүшелері кешеден бері Ақ Жайық жерінде жүрміз. Бүгін аудандарыңызға арнайы келдік. Былтыр аудандарыңыз жаңа атауға ие болды, құтты болсын! Бәйтеректің қазақ үшін маңызы ерекше.

Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ұйықты болу. Әсіресе, көп балалы отбасыларға, қарияларға қолдау көрсету – басты міндетіміз. Ал, он екі мүшесі сау адам, соның ішінде жастар міндетті түрде жұмыс жасауы, еңбек етуі тиіс. Өкінішке орай, кейінгі кезде жастар жалқау болып барады.

Жастардың бәрі бірдей қалада тұрғысы келеді, ауылда қалғысы келмейді. Осы мәселе ойлантуы тиіс. Еңбек етемін деген адамға ауылда да жұмыс бар. Ауылдардың жағдайлары жақсы. Кез келген ауылда табиғи газ да, су да, жол да, бәрі де бар. Сол себепті жастар мәдениетті, тәртіпті, еңбексүйгіш болып, ұлттың құндылықтарын сақтауы тиіс, – деді Бердібек  Сапарбаев.

– Қазіргі уақытта аудандағы 87 отбасыға жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алдағы 1 сәуірден бастап 450 отбасы қосымша тіркеледі деп жоспарланып отыр. Аудан бойынша 756 көп балалы отбасыға әлеуметтік карта толтырылып, қажеттіліктері анықталды. Бұл жұмыстар әлде де жалғасын табатын болады, – деді Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов.

Ауыл ақсақалдары сөз кезегінде Елбасының Жарлығымен аудан атауының Бәйтерек болып өзгергендігін, бірлігі бекем, тірлігі тиянақты екендігін ризашылықпен жеткізді.

Жұмыс тобы мүшелерімен кездесуде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мәлік Сейсенбайұлы, аудандық келісім кеңесінің төрағасы Қадырбай Абдушев, еңбек ардагері Сатыбалды Төлегенов және тағы басқа да ауыл тұрғындары болды.

Сапар барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов пен аудан әкімі Асхат Шахаров мәртебелі  меймандармен  бірге  жүрді.

Ертай   БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.