15.03.2019, 15:51
Қараулар: 90
Көрісу – жүректегі мейіріммен бөлісу

Көрісу – жүректегі мейіріммен бөлісу

14 наурыз Көрісу күні мерекесіне орай Орал қаласындағы Абай алаңында өткен «Қош келдің, жаңа күн!» атты мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев қатысып, жиылған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

– Көрісу күні мерекесі бүгінде тек батыс өңірінде емес, өзге облыстарда да тойлануда. Қасиетті де қадірлі осынау керемет мерекеде адамдар бір-бірімен төс қағыстырып амандасып, арада өкпереніштері болса ұмытып, арқажарқа болып, мейірім шуағын төгіп жатады. Көрісу – тек амандасып, жақсылық тілейтін мереке  емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін, ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін игі дәстүр.

Қазақта «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген даналық сөз бекер айтылмаса керек. Бұл  дегеніміз –  әрдайым бір-бірімізге ізеттілік пен құрмет көрсетіп жүруіміз керек екенін ұғындырып тұр. Бүгінгі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Қашанда мерекеден мерекеге, жақсылықтан жақсылыққа аман-есен жете берейік! – деді тұрғындарға ізгі тілегін арнаған Ғабидолла  Оспанқұлов.

Шара барысында театрландырылған қойылым  көрсетіліп, «Асыл әжелер» ансамблі халық әні «Еркем-ай»  әнін әуелете шырқаса, «Оралым» фольклорлық ансамблі  Түркештің «Көңілашар» күйін тамылжыта төкті. Қыдыр ата елдің тыныштығын, халықтың амандығын тілеп, ақ батасын берді. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған шарада кішкентай бүлдіршіндер әжелерге көрісіп, алтыбақан теуіп, асық ойнап, мәре-сәре болды. Тұрғындар тігілген киіз үйлерге бас сұғып, бауырсақ пен көжеден дәм татып, бір-біріне  есендік  тіледі.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар