15.03.2019, 15:48
Қараулар: 95
Үштілділік біртіндеп енгізіледі

Үштілділік біртіндеп енгізіледі

Үкімет мүшелерімен бірге БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Оралдағы бірқатар оқу орындарында, мектеп, балабақшаларда болып, педагогтармен кездесті. Министр алдымен жоғары агротехникалық колледжге келіп, инновациялық BIM орталығының жұмысымен танысты.

Колледжде ғимараттың пішінін үш өлшемді модельдеу әдісімен жобалайтын кешен іске қосылған. Отандық құрылыс саласын еуропалық стандарттарға негіздеуге бағытталған жобаны «жандандыру» үшін 12 оқытушы Финляндияда оқып, білім-біліктілігін жетілдірген. Министрге колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев 3Д жобалау бойынша құрылыс нысанының сапасы мен беріктігін қамтамасыз ету мүмкіндігі жайында әңгімелеп берді.

Министрге жаңа технологияны қолдану арқылы оқытушылар жобалаған студенттер жатақханасының жобасы таныстырылды. Сондай-ақ финдік жобалаушылар ұсынған қаланың шағын ауданының құрылыс нысандары жобасы виртуалды пішінде экраннан көрініс тапты.

– Биылдан бастап бакалаврға студенттерді даярлау негізінде құрылыс мамандарын оқытуды бастадық. Енді мұнайгаз саласы мамандарын да BIМ технологиясына оқытуымыз керек, – деді  С. Мұхамбетәлиев.

Ол министрге жаңа технологияны оқыту жұмыстарына ғимаратты жылыту, жарықтандыру секілді жұмыстармен айналысатын мамандықтарға оқытатын оқытушыларды қосуды ұсынды. Өйткені ғимаратты жобалау жұмыстары барысында ондай мамандардың да ой-ұсыныстары ескерілмек. Жергілікті құрылыс компанияларына үш өлшемді модельдеу әдісінің таныстырылымы өткен. Құрылысшылар да бұл жо-баға қызығушылық білдіріп отыр. Алдағы уақытта оларды осы орталықта оқыту жоспарланған.

Күләш Шәмшидинова бұл жобаның қажеттілігін, колледжде жақсы жұмыс басталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол елімізде 2020 жылдан бастап жобалау жұмыстарында осы 3Д жобалаудың қолданылатынын, ал Финляндия сықылды дамыған елдердің 7Д технологиясына көшкенін, сондықтан заман ағымынан қалмауы-мыздың маңыздылығын айтты.

*  *  *

Одан кейін Күләш Шәмшидинова «Жәңгір хан» жеке бөбекжайына барды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов астаналық мейманға жол бастап жүрді.

Бөбекжай бұдан төрт жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылған. Мұн-да 2-5 жас аралығындағы 180 бала сегіз топта  тәрбиеленуде. «Жәңгір хан» бөбекжайының директоры Ақмарал Бахаеваның айтуынша, өткен жылы мемтапсырыс бойынша 150 бүлдіршіннің әрқайсы-сына мемлекет 19 мың теңгеден қаржы бөлген. Енді биылғы қаң-тардан бастап бұл қаржы мөлшері 26 мың 746 теңгеге дейін өсті. Бөбекжаймен қалалық білім бөлімі тек бес айға келісімшарт жасап, тиісті мемтапсырыстың қаржысын төлеген. Сондықтан мұндағылар бұл мәселенің шешілуіне алаңдаулы. Ата-аналар бөбекжай қызметі үшін 20 мың теңгеден төлейді. Сол қаржының 12 мыңы балалардың тамағына, 8 мың теңгеге тренажер, хореография, құм терапиясы, шахмат үйрету сияқты ақылы қызметтер көрсетіледі. Тәрбиеленушілерге информатика, ағылшын, орыс тілі, дене шынықтыру, ән сабақтары жүреді және олармен білікті психолог, логопед мамандар жұмыс істейді.

Министр бөбекжайдың бірқатар бөлмесін аралап шықты.  Тәрбиешілермен тілдесті, информатика маманының интерактивті тақтада балалармен қалай жұмыс істейтінін көрді. Психологқа: «Қай жастағы балалар өтірікті көп айтады?» – деп тосыннан әзіл-шыны аралас сұрақ қойып, сынағандай болды. «Екі-үш жастағы балақайлар», – деген салмақты жауапты естіп, «Бұл жастағы бала әке-шешесіне ұнау үшін өтірік айтады екен», – деп жымиған еліміздің бас мұғалімі айналасына езу тартқызды.

Жылы әрі жарық, мамандары жеткілікті бөбекжайдың жұмысын министр «күшті екен!» деп баға берді.

*  *  *

Бұдан кейін министр Күләш Шәмшидинова Орал қаласының Сарытау шағынауданындағы жаңа №50 мектепте болып, қала мұғалімдерімен кездесті. 

Өткен жылдың соңғы айында жұмысын бастаған жаңа білім ұясында 900 бала оқиды. Мұнда екі ауысымда оқытуға мүмкіндік бар. Жаңа ғимаратта 294 орындық акт залы мен екі спортзал,  алты мультимедиялық, жақсы жабдықталған екі информатика кабинеті бар. Ұлдарды еңбекке тәрбиелейтін ағаш және металл өңдейтін шеберханалар жұмыс істейді. Ішісырты жарқыраған мектептің дәліздері кең, сынып бөлмелері жарық.

Мұғалімдермен кездесу барысында министр мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарына жан-жақты тоқталып, білім саласындағы реформаның жай-жапсары жайында әңгімеледі.

– Ең маңызды мәселе – әлеуеті төмен отбасыларын қолдау. Білім және ғылым министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, барлық санаттағы төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын көтеруді қарастыруда. Бұған білім саласындағы дифференциалды түрде 30 пайызға дейін бірқатар қызметкер кіреді, олар – техникалық қызметкерлер, еден сыпырушылар, сантехниктер, электриктер, лаборанттар, әдіскерлер, балабақша тәрбиешілері, олардың көмекшілері. Елбасы айтқандай, білім саласында көптеген өзгеріс орын алуда, сол өзгерістерді белгілі нәтижеге жеткізуіміз керек. Бі-лім саласындағы өзгерістер заман талабына сай туындаған. Өмірдің қалай өзгеріп отырғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Сондықтан балаларға тек біліп қойған аздық етеді, қосымша айналадағы дүниеге сараптама, синтез жасай алуы керек. Баланың өзі қорытынды жасап, білгенін пайдалана алғаны жөн.  Мұғалімнің үлкен міндеті балаға тек ақпарат берумен шектелмейді, ақпараттық білім беру жүйесінен инновациялық оқыту жүйесіне, яғни баланы сұрақтар қойып, тапсырмалар орындатып, есеп шығартып, біртіндеп жаңа материалды түсінуге жетелеуіміз қажет. Сонда халық айтатындай зат есім, сын есім қайда дегендей, бәрі орнында. Бірақ шәкірттен күтілетін нәтижесі өзгеріп отыр. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жалғастырамыз, – деді  министр.

К. Шәмшидинованың айтуынша, тәуелсіздік алғалы бергі уақытта елімізде 600 мыңнан астам оқушы сиятын мектеп салынған. Бұл  – Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған дүние. Алдағы үш жылдың ішінде 190 мектеп салынады. Олар негізінен апатты жағдайда тұрған ғимараттарды ауыстыру және үш ауысымда оқитын мектептердің жағдайын жеңілдету мақсатында, оқу орны жетіспейтін қалалардағы, қала маңындағы ауылдарда салынады. Қазіргі уақытта білім ұяларындағы күрделі жұмыс – кіріктіре оқыту.  Химия, физика, биологияны жете түсініп қоймай, өмірде қалай біріктіріп пайдалануға болады? Себебі өмірде таза физикалық, таза химиялық үдерістер болмайды, олар аралас жүреді. ІТ технологиялар, информатиканы оқыту, роботтық техника негіздерімен және кәсіпкерлікпен таныстыру мәселелері маңызды. Мектептің жұмысына қоғамды тартуда мән-маңызға ие екендігін алға тартты министр.

– Үш тілділік туралы айтсақ, қазір барлық мектепте  бірден ағылшын тілінде оқыту мәселесін көтеріп отырғанымыз жоқ. Химия, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуда мұғалімнің, мектептің дайындығына қарап, біртіндеп, ретімен енгізуді қарастырудамыз. Қазір елімізде 150-ден астам мектеп осы бағыттағы жұмысты бастап кеткен. Солардың жұмыстарын зерделеп, түйткілдерін зерттеу үстіндеміз. Назарбаев зияткерлік мектептері жүйелік әдістемелік кешенге ағыл-шын тіліндегі өнімін дайындауда. Бұйырса, ол жаңа оқу жылы қарсаңында іске қосылады. Шәкірттердің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі – заман талабы.  Бұл баланы   дамыту үшін керек. Қазіргі ақпараттар ағыны қатты, соған қолжетімді болғаны дұрыс. Өйткені ол ақпараттар тек қазақ тілінде шықпайды, орыс немесе ағылшын тілдерінде болады. Ондай ақпарат аударылып бізге жеткен-ше, ескіріп қалады, – деді К. Шәмшидинова.

Министр облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі қойған бір сұраққа былай деп жауап берді: – Ұлқызды бастауыштан бастап ағылшынша оқыту ұлттық дүниелерден алыстатып жібереді дегенге келіспеймін. Ең бірінші, бұл мектеппен, ата-анамен, қоғаммен бірлесе атқарылатын жұмыс. Бізде көптеген бағдарлама бар, соларды пайдалана білуіміз керек. Мысалға, «Туған елге тағзым», «Тілім – тағдырым» және түрлі шаралар өткізіледі. Мысалға, «Қазақ әндері» деген жоба бар. Патриотизм тек бір пәнді оқытумен не басқа тілдерді оқытпаумен шектелмейді. Соның барлығын кешенді түрде қарауымыз керек. Қазіргі таңда бала тілді меңгермей шықса, өмірде ертең орнын таба алмай жатса, онда ол сіз бен біздің жауапкершілігімізде. Күні ертең балалар «Менің бала кезімде, тілді қабылдауға қабілетім  жоғары кезде неге мүмкіндік бермедіңіздер» десе, кім жауап береді?», – деді К. Шәмшидинова.

Министр залдан қойылған мұғалімдердің сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, «Педагогтың мәр-тебесі туралы» заң жобасына қатысты көпшілікті мазалайтын екі сұраққа бірден нақты жауап берді. Оның біріншісі – мұғалімнің зейнет жасына қатысты, оның өзгермейтінін, өйткені мұғалім-дердің өзге де азаматтық қызметкерлермен бірдей  екені, артықшылық берілмейтінін айтты.

Ал, екіншісі, мұғалімнің жүктемесіне байланысты, оның да сол 18 сағат көлемінде қалатынын айта келе, заң жобасында «Мұғалімдердің құқықтары өте көп, ал міндеттері қысқа» деп тұжырым-дады.

«Қазіргі заманның басты капиталы – адам, оның құндылығы білімділігінде, интеллектуалды да-муында. Сондықтан оқушыларды алған білімін талдап, қорытуға үйретуіміз керек. Мұғалімдердің басты міндеті – оқушыларды білім алуға ұмтылуға баулу, бағыттау», – деді министр кездесуде.

Жылышырайлы рәуіште өткен кездесудің соңында ашылғанына екі ай болған білім ұясының мұғалімдері министрден мектеп ұжымына ізгі тілек айтыңызшы деп өтінді. «Жақсы шәкірт, мықты мұғалім, сіздерді түсінетін қорғайтын, қолдайтын ата-ана тілеймін», – деп  тілек  айтты  министр.

*  *  *

Кеше  министр  Күләш Шәмшидинова қаладағы №33 жалпы білім беретін орта мектепте  болып, білім ұясының  жағдайымен танысты.

Мектептің ғимараты 1935 жылы салынған. Негізі, 280 бала оқытуға арналған білім ұясында бүгінде 411 оқушы білім алуда. Ашылғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимараты әупірімдеп тұр. Электр, жылу желілерінің барлығы тозған. Жауын-шашын күндері ғимараттың төбе шатырынан су ағады, сондықтан төбе сылақтары аңғал-саңғал болып түсіп қалған. Мектепте кабинеттік  жүйе жасақталмаған.  Кітапхана  орны тар болғанымен, онда кітап қоры жеткілікті.  Мәжіліс залы 20 орындық, ондағы еденге төселген линолеумнің тозығы жеткен.  Шәкірттер үзілісте қуықтай буфеттен тамақтанады.  1-4-сыныптардың  177 оқушысына және 38 көп балалалы отбасылардың ұл-қызына тегін ыстық тамақ  беріледі. Олар кесте бойынша тамақты кезекпен ішеді. Спортзал 1953 жылы қосымша құрылыс ретінде салынған, ес-кі терезесінен суық жел гуілдей-тін болған соң, целлофанмен тұмшаланып қойылған. Министр мектеп ғимаратын аралап, оның жай-күйін көзімен көрді.

– 2016 жылы «Сенімді сапа» ЖШС-ның техникалық қорытындысы нәтижесімен мектебіміз апатты жағдайда деп танылды. Биыл жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінуін күтудеміз. Енді мектепті қалалық №2 мектепке көшіру жұмыстары басталды. Төртінші тоқсаннан бастап сол мектепте 2-ауысымда оқитын боламыз. Ата-аналармен, шәкірттермен түсінік жұмыстарын жүргізудеміз, – деп түсіндірді министрге мектеп директоры Үміт Ерғалиева.

Директордың айтуынша, биыл мектеп түлектері арасынан бір оқушы «Алтын белгіден» үміткер.  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ұйымдастырған «Білімді ұрпақ – елге болашақ» атты зияткерлік сайысының жеңімпазы Нұрдәулет Ыбыраев грант иегері, Дәрібай Нұрберген тарих пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанып, ұстаздарын қуантты. 2018 жылы ҰБТ-ға  18 мектеп түлегінің барлығы қатысып, 85,86 орташа бал жинаған. Сол 18 ұл-қыздың 12-сі мемлекеттік білім гранты иегері атанды. Үштілділік бойынша үш мұғалім білім-біліктілігін жетілдірген. Биология, физика пәндерінен факультативтік сабақтар 9-сыныптарда ағылшын тілінде өтуде. Қолға алынған әлеуметтік-танымдық жоба өте көп. Солардың бірі «Жайық жұлдыздарын білгім келеді» деген жоба бойынша өңірден шыққан төрт ақын-жазушының шығармашылығы таныстырылып, на-сихатталуда. Мысалға, 6-сынып оқушысының барлығы Жұбан ақынның «Мен қазақпын» поэмасын жатқа  оқиды.

Білім және ғылым министрі педагогтардың жұмысына қанағаттанғандық білдіріп, құрылыс жұмыстары мәселесінің назарында болатынын  жеткізді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар