15.03.2019, 15:43
Қараулар: 77
Қабылдауда 17 ана

Қабылдауда 17 ана

«Nur Оtаn»  партиясының  БҚО  филиалында ҚР Премьер-министрінің  орынбасары  Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік  топтың  мүшелері мен  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  өңірдегі  көп балалы және  мүмкіндігі  шектеулі  балаларды  тәрбиелеп  отырған  17  ананы қабылдады.

Сондай  аналардың бірі – Жанаргүл Бупина І топтағы мүгедек болып саналатын ұлын қашықтықтан оқытуға көмек  сұрай келіпті.

– Ұлым ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №15 облыстық көмекші мектеп-интернатты аяқтады. Ақыл-есі қалыпты.  Перзентімнің білімін әрі қарай жалғастырғанын қалаймын, – дейді ана.

– Бізде ДЦП диагнозы бар 18 жасқа дейінгі балаларға арналған «Бәйтерек» орталығы бар. Қазіргі күнде меценаттардың көмегімен  18 және одан жоғары жастағы ерекше қажеттіліктері бар адамдар келетін  орталық құрудамыз. Жыл аяғына дейін  құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл орталық облыстық балалар ауруханасы ауданында орналасқан, сіздің ұлыңызды осы орталыққа жазамыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бұл қабылдауға аудан-ауыл мен қаладан келген аналар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

– Қабылдауға келген аналарымыздың мұң-мұқтажын тыңдай отырып,  түйгенім – оларды,  негізінен, екі мәселе толғандырады. Біріншісі – әлеуметтік көмек, екіншісі – тұрғын үй. Мені қуантқаны, аналар өздерін бір іске үйретуді сұрайды.  Көпшілігі өз ісін ашып, дамытуға қолдау көрсетуді өтінді. Әйелдер жұмыс жасауға дайын. Олардың өтініштері бақылауға алынады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Даму» қоры гранттарын алуға, сөйтіп олардың өз-өзін қамтамасыз етуіне қолдау көрсетеміз, – деді  Гүлшара  Әбдіқалықова.

– Кіші ұлым мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ерекше күтімді қажет етеді. 2011 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрмын, соған қолдау болса, – деген төрт баланың анасы Фарида  Мағзомоваға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев бұл мәселе бақылауға алынатынын  айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атап өткендей, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте толғандырады. Заңға сәйкес тұрғын үй ең алдымен кезекте тұрғандарға беріледі. Сондай-ақ азаматтарды атаулы әлеуметтік көмекті бөлу тәртібі мен мөлшері, өз ісін ашу мәселелері де қызықтырады.

– Біз көп балалы аналардың үйде отырып жұмыс жасауына жағдай туғызуымыз керек. Ол үшін кәсіпкерлер, бизнес құрылымдары мен кәсіпорын басшыларының қолдауы  қажет, – деді Бердібек  Сапарбаев.

Азаматтарды қабылдау барысында көп балалы аналар тиісті әлеуметтік төлемдер мен халықтың осал топтарына мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсініктеме алды. Айта кету керек,  1 сәуірден бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артады.

Гүлжамал   КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал    өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар