15.03.2019, 15:42
Қараулар: 74
«Смарт Оралдан» бастады

«Смарт Оралдан» бастады

Сәрсенбі  күні  ҚР  Премьер-министрінің  орынбасары  Гүлшара  Әбдіқалықова  бастаған  Үкіметтің әлеуметтік  блогының  бірінші  басшыларынан  құралған  жұмыс  тобы  Елбасының  «Әлеуметтік  қамқорлық»  жаңа  әлеуметтік  шараларын  іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру  жұмыстарын жүргізу үшін облысқа келді.

Жұмыс тобының құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, «Nur Оtаn» партиясының хатшысы Қ. Жұмашев бар.

Облыстағы іссапарын Орал қаласындағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының  жұмысымен танысудан бастаған вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев орталық қызметіне жүгінуші жұртшылықтың өтініш-пікірлеріне де құлақ асты.

– 2018 жылы Батыс Қазақстан облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 млн. 240 мың қызмет көрсетілсе, соның ішінде 699 мың қызмет электронды сипатта ұсынылған. 192 мың тұрғын электронды қолтаңба алып, 171 мың адам мобильді қызмет көрсету базасына тіркелген. БҚО-ның халыққа қызмет көрсету орталықтары биылғы екі айда 231 мың қызмет ұсынса, оның 100 500-і электронды түрде алынған. 48 900 адам қызмет көрсету базасына  тіркелген. Қазір азаматтарға 752 қызмет түрі көрсетіледі, – деді үкіметтік  делегацияға  өзі басқаратын мекеменің  тыныс-тіршілігін баяндаған халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары  Бауыржан  Қанешев.

Еліміз бойынша қанатқақты жоба ретінде біздің облыста алғашқы болып ашылған «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының басты ерекшелігі – мұнда 752 мемлекеттік қызмет түрінен бөлек, бір терезе қағидатына сәйкес құқық қорғау құрылымдары мен ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, заңгерлер, нотариустар мен медиаторлар да қызмет көрсетеді. Басты мақсат – мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және мемқызметтерді қарау мен көрсету мерзімін қысқартып, әкімшілік кедергілерді азайту. Міне, қам-қарекеттің нәтижесінде бүгіндері 500-ден астам мемқызметті электронды қолтаңба арқылы  алуға  болады.

Бұдан соң үкіметтік жұмыс тобының мүшелері Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлімшесінде болды. 2019 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша жұмыс іздеушілер ретінде 1491 адам тіркелсе, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан 1700 адам кеңес алған.

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жұмыспен қамту орталығы туралы баяндаса, БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазиев Telegram-боттың жұмысымен таныстырды.

Қазір батысқазақстандықтарға Telegram-бот электронды түрде 24 қызмет ұсынады. Оның ішінде ең сұранысқа ие анықтамалар – мекенжай анықтамасы, наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлердің және  жылжымайтын мүлік жөніндегі анықтамалар бар.

Telegram каналда әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қарапайым он сауал қойылған. ЖСН, мекенжайы, жұмыс орны, отбасындағы балалар саны, қандай көмекке зәру екендігін көрсете алады. Наурыздың 8-і  күні іске қосылған бұл канал арқылы бүгінде 482 адам өз мәліметін қосқан, оның 277-сі – көп балалы отбасы. Ал интернеті нашар ауылдар үшін бұл мәліметтерді ауыл әкімдіктері толтырып жібереді. Бұл қызмет түріне вице-премьер Г. Әбдіқалықова да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев та оң бағасын  берді.

Динара   ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал    өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар