14.03.2019, 21:41
Қараулар: 287
«Ауылға мамандарды тұрақтандыру қажет», – деді министр Біртанов

«Ауылға мамандарды тұрақтандыру қажет», – деді министр Біртанов

Өңірімізге іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде болды.

Министр колледждегі оқу-клиникалық орталығымен танысып, симуляциялық орталықтағы жаттығу құрылғысының жұмысын тексерді. Сондай-ақ  Елжан Біртановқа колледждің электронды кітапханасы мен музейі таныстырылды. Министр аталмыш колледждегі оқу үрдісіне де назар аударды. Ол сабақтарға қатысып, студенттер мен педагогтарды әңгімеге тартты. Қазіргі таңда колледж базасында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілдері BLS, ACLS, PALS бағдарламалары бойынша жедел жәрдем фельдшерлерін оқытуда.

Кездесу кезінде колледж қызметкерлері өздерінің жұмыстары, заманауи медициналық білім берудің дамуы туралы пікірлерін ортаға салды.

Өз   тілшіміз

* * *

Танысуды заман талабына сай келмейтін  ғимаратта қызмет жасап тұрған емханасынан бастаған Елжан Біртанов медицина мекемесінің мамандарымен сөйлесті. Кабинеттерді аралап, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, цифрландыру деңгейі, әлеуметтік  мәселелерге назар салған министр тұрғындарға қызмет көрсетуді жеңілдету үшін ақпараттық жүйелерді қолдану, созылмалы ауруларға тегін дәрідәрмектің қолжетімділігін де пысықтады.

Жоғары санатты жалпы тәжірибе дәрігері Ақтөре Лұқпанова аудандық емханада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оған қарасты учаскеге 1937 адам бекітілген.  Ол өз жұмысында  әмбебап үдемелі патронаждық қызметті қолданады. Бұл іске оларды облыстық денсаулық сақтау басқармасы онлайн тәртібінде, апта сайын оқытып отыр.  Министр осындай арнайы курстан өтіп, сертификат алған дәрігерлердің жалақысына 20 пайыз қосымша ақы төленетінін айтты.

Аудандық орталықтандырылған аурухана директоры Зеил Мағзомов аудандағы денсаулық сақтау саласы жайлы айтып, мекеме ішін аралатты. Орта медициналық кадрлармен толық қамтылған емханаға екі дәрігер жетіспейді.

«Жас мамандарға қолдау көрсетуге дайынбыз» деген аудан басшысы Әділ  Жоламанов қалаға жақын жатқан ауданға келуге ынталы мамандарды ауылдық жерге тарту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды көбейту керектігін айтты. Бұл мәселе аудан аумағында іссапармен болған Парламент Мәжілістің депутаттары алдына да қойылды. Жас мамандарға көтерме төлеуде еш қиындық жоқ.

Министр Е. Біртанов ауылға мамандарды тұрақтандыру қажет екендігімен толықтай келісті. Енді грант бойынша білім алған мамандар, заң бойынша 3 жыл жұмыс жасауға мемлекет жолдаған жағына барады. Аймақтарға кәсіби мамандарды толықтыру осы үрдіспен жүзеге аспақ.

Емхананың акт залында емхана қызметкерлерімен кездескен министр: «Үкіметтік үлкен топ құрамында өңірге келген біздің мақсатымыз – күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясы сиезінде Елбасы жариялаған шешім-бағыттарды елге жеткізу. Біздің міндетіміз – сіздердің жұмыс жасауыңызға жағдай туғызу, сіздің міндетіңіз – азаматтардың денсаулығын сақтау.

Президент сіздердің еңбекақыларыңызды 30 пайызға, қазір 20 және шілде айында тағы да 10 пайызға өсіруді тапсырды», – деп өз сапарының мәнісін түсіндіріп, медицина қызметкерлеріне кәсіби дайындығы мен іске деген адалдығы үшін жылы лебізін жеткізді.

Мұнан кейін министр аудандық ауруханаға барды. Күрделі жөндеуден өткен стационардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды, қажетті құрылғылар:  рентген-аппарат, УДИ-құрылғы, ИВЛ аппараты, науқастарды оңалту кабинеті жасақталған. Биыл аудандағы екі ауруханаға екі жаңа «Жедел жәрдем» аутокөлігі беріледі.

Медициналық қызметкерлер мен емдеудегі науқастармен сөйлескен Денсаулық сақтау министрі аудандағы сала қызметіне көңілі толды. Аудан орталығында жаңа емхана ғимаратын салу мәселесін ол өзінің ерекше бақылауына алатындығын  айтты.

Нұрзия  СИСЕНБАЕВА,

Теректі  ауданы

* * *

ҚР Денсаулық  сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс сапарымен  Ақсай  қаласында  болып,  аудандық  емханада  халықтың денсаулығын  нығайту  бағытында атқарылып   жатқан  жұмыстармен танысты.

– Сіздің емхана ғимаратында бос орын өте көп. Олай болмауы керек. Мемлекет орынға емес, адам басына қаржы бөледі. Ал мұндай ғимаратты қаржыландыру өте қиын. Күні кеше біз Атырауда болдық. Онда аудандық аурухананы емхана ғимаратына көшірген. Ауруханадан оңалту орталығын жасақтаған. Осы мәселені сіздер де қарастырып көріңіздер. Емханаларға неге шағым көп? Оның негізгі себебі – тұрғындардың  дәрігерге ұзын-сонар кезектен кіре алмауы. «Дәрігерлер бізді жөнді  қарамай, жылдам шығарып салады» деген де шағым бар. Бұл – ортақ  мәселе. Бұрын дәрігер жауап беретін 162 ауру түрі болған. Бүгінде бұл санды 25-ке дейін қысқарттық. Оның барлығы дәрігердің жұмысын жеңілдету үшін жасалып отыр. Қазір дәрігер тек 25 ауру түрін бақылап отырады. Тиісінше, қолы босайды. Бұл дәрігердің науқастарға  көп көңіл бөлуі үшін жасалды, – деген министр маман жетіспеушілігі мәселесінің оңды шешілуі үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, елдегі медициналық университеттерден жылына 6 мың дәрігер оқып шығады. Бұл жеткілікті. Дегенмен медициналық университеттердің түлектері жеке клиникаларға, дәріханаларға кетуде. Осы жылдан бастап заң бойынша мемлекеттік  грантпен  білім алған жас маман міндетті түрде мемлекет айтқан жерге барып жұмыс жасауы тиіс. Бұл – ауылдық  жерлерде  дәрігер тапшылығын жою мақсатында жасалып жатқан жұмыс.

– Ауданда  медицина саласын дамытуға,  мамандарды қолдауға  біздің тарапымыздан көмек  берілуде. Өткен қыркүйек  айында жаңа салынған баспананың 10 пәтерін  медицина саласының мамандарына бердік. Осының арқасында өңірімізге қосымша тағы он дәрігер келді.  «Жедел жәрдем» көлігімен қамту мәселесін де  қарап жатырмыз. Биыл үш елді мекенге аутокөлік алғалы отырмыз. Ақсай шағын қалаға жатады. Ал шағын қалалар “Дипломмен ауылға!” бағдарламасына енбейді. Біздің қалаға келгісі келетін жас маман  көп. Олар жеңілдетілген  несиемен үй алып, осы  жерде тұрақтап  қалғылары да келеді. Ал бізде мүмкіндік бар. Несие де бере аламыз, көтерме жәрдемақымен де қамтимыз, – деді аудан әкімі Санжар Әлиев.

Елжан Біртанов  аудан  басшысы  көтеріп отырған бұл мәселе  өте орынды екендігін айтып, өз  алғысын білдірді. Көтерілген  мәселелерді оңды шешуге атсалысатынын да  айтты.

 Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы

* * *

ҚР Денсаулық сақтау  министрі  Елжан  Біртанов  Бәйтерек  аудандық  орталық ауруханасында болып, денсаулық сақтау мекемесінің  жай-күйімен танысты.

Ана мен бала денсаулығын нығайту, дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы, салауатты  өмір салтын насихаттау, қан қысымына байланысты тұрғындар арасында жиі кездесетін ауруларды ұдайы бақылауда ұстау мәселелері жөнінде ой бөліскен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аудандық  аурухана жұмысына оң бағасын берді.

– Елбасының күні кеше ғана өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ сиезінде денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты алға қойған тапсырмаларына орай нақты шешімдер алынды. Жұмыс оң нәтижесін береді деген ойдамын. Наурыз мерекесі қарсаңында сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Еңбектеріңіз табысты болсын! – деп игі тілегін арнады министр.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек  ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.