14.03.2019, 21:31
Қараулар: 82
Жаңарған емханада жаңаша қызмет

Жаңарған емханада жаңаша қызмет

Күрделі жөндеуден кейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмысын бастаған облыстық балалар стоматологиялық емханасы салтанатты түрде ашылды.

Емделушіге қолжетімді бағамен сапалы қызмет көрсету – аталмыш жобаның басты мақсаты. Емхананың іші-сырты, сондай-ақ тозығы жеткен жабдықтары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңартылған. Су және жылу жүйесі түгелдей ауыстырылып, дербес жүйеге қосылған. Сондай-ақ емделушілерге көрсетілетін қызмет түрлері кеңейтілген. Атап айтқанда, брекеттерді жасау, имплантация, Air Flow технологиясы арқылы тіс тазалау секілді қызметтің жаңа түрлері ашылып, біліктілігі жоғары мамандар тартылуда.

Емхана бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтылып, ғимарат айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Инвестор күрделі жөндеу жұмыстарына 35,8 млн. теңге жұмсаса, 26 млн. теңгеге емхананың материалдық-техникалық базасы  жаңартылған.

Салтанатты шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада Шүкірғалиева, Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов және «Балалар стоматологиялық емханасы» ЖШС-ның директоры Асқар Есекеев құттықтау сөз алып, емхананың алдағы жұмы-сына  сәттілік  тіледі.

– Осыдан екі жыл бұрын мемлекет меншігіндегі балалардың стоматологиялық емханасы жеке басқаруға берілген болатын. Бүгінгі таңда осы клиниканы сатып алған кәсіпкерлеріміз балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда. Елбасы өзінің барлық Жолдауларында, сондайақ кеше ғана «Нұр Отан» партиясының сиезінде де «халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету және оны қолжетімді қылу – басты мақсаттарымыздың бірі» деп айтты. Бүгінгі шара сол мақсаттардың жүзеге асып отырғандығының бір дәлелі. Жоба өңірдегі балаларға тегін медициналық қызмет көрсету бағытында жүзеге асырылып отыр. Бұл емхананың қызмет сапасы артқан сайын оған берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі де ұлғая берері сөзсіз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айзада  Шүкірғалиева.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар