11.03.2019, 22:21
Қараулар: 428
Директорлар кабинеттерін босатуда

Директорлар кабинеттерін босатуда

Облыста үш жылдан бері арнайы мониторингтік топ қызмет атқаруда. Топ жұмысының нәтижесінде балабақша бүлдіршіндерінің құқығы қорғалып, мекеме басшыларының, соның ішінде мектеп директорларының кабинеттерін тиімді пайдалану қолға алынуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында осы топтың қызметі жан-жақты айтылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, бұл топтың өткен жылы бірнеше мекемеге жүргізген тексеруі мен бақылау жұмыстары оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, фейсбук әлеуметтік желісіндегі білім беруді қоғамдық бақылау парақшасына келіп түскен өтінішті қарау нәтижесінде 50-ден астам ата-ананың, соның ішінде балабақша тәрбиеленушілерінің құқығы қорғалған.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында мектеп директорларының кабинеттеріне мониторинг жүргізілуде. Мақсаты – білім ұясы басшыларының бөлмелерін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Бүгінде Орал қаласының 5 мектеп директоры өз бастамасымен білім ұясы ғимаратының 1-қабатына көшкен. Қазір №4 және №27 мектеп директорларын 1-қабатқа және шағын кабинетке көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысы аумағы 45 м2 болатын кабинетін бұдан екі есе кіші бөлмеге ауыстырды.

Баспасөз мәслихатына ҚР 20152025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі БҚО-дағы арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Түркина да қатысты. Оның сөзінше, аталмыш топтың құрамында 24 адам бар. Олардың басым бөлігі қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен зейнеткерлер екен. Топ денсаулық сақтау, білім беру, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сот және құқық қорғау мен әлеуметтік қамтамасыз ету бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде. Мониторингтік топтың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін баяндаған Айгүл Серікқызы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне бақылау жасау басты назарда екенін айтты.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.