11.03.2019, 19:39
Қараулар: 85
«Шын шебер»

«Шын шебер»

Таяуда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» аясында «Шапағат» медалінің иегері, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы, «Ғибадат» ЖШС-ның директоры Біржан Қожақовпен «Шын шебер» атты кездесу кеші өтті.

Шара барысында Біржан Морякұлы өз өмірі, кәсібі туралы сыр шертті. Ол мүмкіндігі шектеулі сал ауруына ұшыраған науқас балалардың бойын тіктеп, дертінен сауығуына мүмкіндік беретін құрылғылар жасайтыны белгілі. Кәсіпкер екі жүздей науқас балаға осындай құрылғыларды тегін сыйға тартқан. Келешекте балалардың жүріп кетуіне қажетті құрылғы жасауды жоспарлап отырғанын айтты.

– Мен негізі жол полициясы болып жұмыс істедім. Жазмыштың жазуы шығар, екі аяғымды үсіріп алдым. Ауруханада жатқанымда, жұмыстағы бастығымның «Сен, уайымдама, әлі-ақ жұмыс істейсің» деген сөзі маған жарқын күндерге деген үміт сыйлады. Артынан ағаштан бұйымдар, шағын жиһаз жасауды қолға алдым. Таныстарым ағаштан жасалған бұйымдарға қызығушылық танытып, оларды өзім жасадым дегенге сенбейтін еді. Ескі сынған шкафтардан, сөрелерден теледидардың астына қоятын жиһаз жасап, оны төрт мың теңгеге саттым. Кейіннен осы кәсіппен неге айналыспасқа деген ой келді. Содан бастап жиһаз жасауға дендеп бет бұрдым, – деді Біржан Морякұлы.

№46 орта мектеп директорының орынбасары Жанар Хамитова кеш кейіпкерін ерен еңбектің майталманы ретінде құрметтейтіндігін, еңбексүйгіштік қасиетін ерекше бағалайтындарын атап өтті.

Ол мектепте өтетін тәрбие сағаттарына қалмай келіп, оқушыларға ақыл-кеңісін айтатынын да жеткізді. Шара соңында өлеңдер оқылып, әндер шырқалды.

Гауһар   ХАМИЕВА,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар