11.03.2019, 19:38
Қараулар: 96
«Аялап өтем»

«Аялап өтем»

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Аялап өтем» қойылымының премьерасы өтті. Демалыс күндері үш күн қатарынан қала тұрғындары мен қонақтары театрда қазақ поэзиясының падишасы Фариза ақынның  рухымен тілдесті.

Поэтикалық фэнтези жанрында өткен қойылымға өнерсүйер көрермен жиналды. Ақынның өміршең, рухты өлеңдерін әр жас өз өміріндей, өз өлеңіндей қабылдайды. Адам жан дүниесінде әр сәт сайын астасып жататын арпалысқан түрлі ойларды шебер бейнелеп жазып кеткен ақынның әр өлеңінен әр адам өзін көргендей болады.

Қойылымның авторлары – ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрлыгүл Жұбатова мен театрдың әдеби бөлімінің жетекшісі Нұрлан Сәдір.

Әдемі әуенмен әрленген қойылымда Фариза ақынның шығармашылығымен қоса, қайраткерлік келбеті де айшықталған. Бүгіндері қоғамда жиі  қозғалып жүрген ана мен бала мәселесінің көлеңкелі тұстарын  Фариза ақын сол кездері-ақ айтып кеткен. Өршіл рухқа толы өлеңдерімен ертеңіне сеніммен қараған ақынның «Біздің өлеңдерімізді жастар оқиды. Бірақ олар  өзгеше оқиды, өздерінше оқиды» деген орамды ойларын  рэп стилінде өлең оқыған бір топ жас растай түсті. Фариза Оңғарсынованың қазақтың ақберен ақыны Махамбеттің рухымен сырласқан тұстары да көрерменге әдемі әсер сыйлады.

Бір демде өткен шап-шағын қойылым көрерменге салмақты ой салады. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдағы нәзік сезімдерді аялай білуге, адамдық қасиеттерді ардақтай білуге шақырады. Шыр айналған дүние. Бірақ ақын өлеңдері мәңгілік. Өмір айналып өтіп жатқанымен, шынайы сезіммен жазылған Фариза ақынның өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық бола бермек. «Аялап өтем» деген тақырыптың аясы өте кең. Бұл қойылымнан әр көрермен «Тек өлеңді емес, өмірді, өмірдегі әрбір сәтті аялап өтейік» деген ой түйіп қайтқандай…

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар