7.03.2019, 20:30
Қараулар: 98
Жолың болсын, жолаушы!

Жолың болсын, жолаушы!

Орал  вокзалына  кірген  сәтте  арнайы  киім  киген, жолаушыларды  жылы  шыраймен қарсы  алатын теміржолшы  қыз-келіншектер жиі  ұшырасады. Ал  олардың  қатарындағы  вокзал  басшысының  кезекші көмекшілерінің  жұмысы қаншалықты  маңызды екенін екінің  бірі  біле  бермесі  анық.

Қыс түскелі ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық бағыттағы аутокөлік жолы бірнеше рет жабылғаны белгілі. Ұшақтардың да ұшу кестесі бұзылған кездер болды. Тек теміржол өз қызметін тоқтатпады. Осы жерде мен теміржолда қызмет істеп жүрген қызкеліншектердің еңбегін ерекше атап өтер едім. Әсіресе, теміржолдың барлық саласындағы жұмыстарды үйлестіретін вокзал басшысының кезекші көмекшілерінің еңбегі зор. Осы қызметкерлердің жедел әрі тәртіпке негізделген жұмыстарының арқасында вокзалдың қызметі ақсаған емес, – дейді Орал теміржол вокзалының  басшысы  Қайырболат  Ғайнеденов.

Вокзал басшысының кезекші  көмекшісі вокзалдың іші мен сыртындағы барлық жұмысты үйлестіріп, жолаушыларды діттеген жерлеріне жөнелтуді қадағалайды.

Пойыздардың уақытында қозғалып, қалыпты жүрісінен жаңылмауын осы қызметкерлер жіті бақылап отырады. Тіпті билет кассирлерінің де жұмыс тәртібін тексереді. Дикторлардың пойыздардың жүру кестесін уақытында хабарлауы да бұлардың назарынан тыс қалмайды. Вокзал стратегиялық нысан болғандықтан, ондағы қауіпсіздік шаралары да қатаң бақылауда. Жолаушылар ағынын реттеу міндеті де осы кезекші көмекшілерге  жүктелген.

Жалпы, Орал вокзалы басшысының кезекші көмекшісі лауазымын бес нәзікжанды – Қаракөз Құтжанова, Зәмзәгүл Бекжанова, Айша Кенесарина, Ғалия Оралова, Светлана Абдуллаева атқарып жүр. Орал вокзалы арқылы күніне 900 жолаушы жол жүретін болса, солардың жүріп-тұруын осы қызметкерлер реттейді. Олар 24 сағат бойы ауысыммен  жұмыс  істейді.

Қаракөз Құтжанова  теміржол саласында 35 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Соның 18 жылы аталмыш лауазымға арналыпты. Бұйырса, келер жылы зейнетке шығады. Айта кету керек, оның әулетінің мүшелері де теміржолда еңбек етеді. Мәселен, қайын атасы Ақтөбе облысындағы «Жылан» бекетінде 40 жыл станса басшысы қызметін атқарған болса, жұбайы пойыздардың қауіпсіздігін бақылайтын ревизор, ұлы диспетчер, ал  келіні  билет  кассирі.

– Біз халықпен тікелей байланыс жасап, көз алдында жүреміз. Сондықтан да вокзал басшысының кезекші көмекшісінің жеке мінез-құлқына,  жүріс-тұрысына, тіпті сөйлеу мәнеріне де ерекше мән беріледі. Әрине, толассыз ағылып жататын жолаушылардың арасында жүргендіктен, жеке бас әдептілігін де ұмытпауымыз қажет. Сыртқы кескін-келбетімізді де жинақы ұстау керек. Кезекшілерге жеңіл макияж жасауға болады. Салпыншақ әшекейлер тағуға, тырнақты қанық қызыл түспен бояуға тыйым салынған. Сондай-ақ ыңғайлы қара түсті туфли кию керек. Вокзал басшысының кезекші көмекшісі болу сабырлы және мәдениетті болуды қажет етеді, – дейді Қаракөз Барлыққызы. Вокзал  басшысының кезекші көмекшісі – жолаушылардың барлық талап-тілегін, шағымын тыңдап, орын алған олқылықтарды реттеуге атсалысатын лауазым иесі. Әсіресе, қарттарға көмектесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды вагонға орналастыратын да осы қызметкерлер.

Мәселен, өткен жылы Орал вокзалы арқылы 972 мүмкіндігі  шектеулі  жан  сапарға  шыққан  екен.

– Жер-жаҺанның жаңарып, құлпыратын шағы нәзікжандылардың төл мерекесімен басталады.

Мен аяулы аналарды, қызғалдақтай құлпырған қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтаймын!

Әрдайым еліміз бен отбасымызда береке-бірлік болып, ел үшін атқарып жүрген қызметіміз жемісті болғай!

Әрдайым сіздерге сәтті сапар тілейміз! Жолдарыңыз болсын! – дейді  Қаракөз  Барлыққызы.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар