7.03.2019, 20:29
Қараулар: 393
Дингольфингтен сәлем-сауқат алып тұратын әже

Дингольфингтен сәлем-сауқат алып тұратын әже

Бір  жасында әкесінен,  ал бес жасында  анасынан  айырылып,  тағдыр тауқыметін  тартқан  Әбдірахманова  Моншақ  әжей сексеннің  сеңгіріне  шығып отыр.  Кезінде тағдырдың теперішін көп көрген  «Алтын  алқалы»  ана бүгінде  өзін  бақытты  санайды.  Ұл-қыздары  аяқтанып, ел  қатарлы  еңбек етіп жүр. Тіпті  сонау  жылдары бұрынғы  Жымпиты  ауданы  Талдыбұлақ  ауылында  көрші  болып,  кейін Германияның  Дингольфинг қаласына  көшіп  кеткен неміс  отбасылары  сәлем айтып,  сауқаттарын  да  беріп жіберіп  тұрады  екен.

1958 жылы бұрынғы Жымпиты ауданындағы Тасқұдық ауылының  Аққұдық ауылына келін болып түстім. Совхоз уақыты ғой, келін болып түскен соң бес күннен кейін сиыр саууға жұмысқа шақырды. Бригадирге барып, «Ағай, мен сиыр саууды білмеймін» деппін ғой. Ол «Өзің сияқты қыздар сиыр сауып жүр. Қол-аяғың балғадай, оның оқу-тоқуы жоқ, үйренесің» деді. Ол кезде Жымпиты ауданында немістер көп болатын. Сиыр сауып жүргендердің арасында неміс қыз-келіншектері де болды.  Әрқайсымызға 20 сиырдан бөліп берді. Бұрыннан жұмыс жасап жүргендері сүтті, жуас сиырларды алған да, маған екі-үш емшегі ғана сүт беретін, сүзетін, тебетін сиырлар қалған ғой. Қорқасоқтап саууға барсам, біреуі теуіп жібереді, асау, екіншісін байлайын десем, сүзеді. Малға азық үшін өгіз арбаға шөп тиейміз. Шөмеледен  шөп алудың әдісін білмеген соң қайтақайта айырдың басын сындырып ала беретінмін. Одан қала берді, өгізді жегуіміз керек. Қамыттың ауырлығы сондай, көтеруге әлім келмейтін. Өгіз де менің қорық-қанымды сезіп, қамытты кигіздірмей, көзін алартып, басын алып қашатын.  Содан «тентек» өгіз бен сиырды таяқпен ұрып үйреттім. Сиыр саууға таңғы сағат төртте тұрамыз. Өйткені сағат 06.00-де Буденновка ауылына сүт тасымалдайтын машина келіп тұрады. Сиыр сауып болған соң қосынға келіп, жылынып бір-екі кесе шәйімізді ішіп, шөп тасуға шығамыз. Мал суарып, жемін береміз. Бесін уа-қытында сиырды кері сауамыз. Ол кезде байпақ деген жоқ. 30 градус суықта  аяғымызға шұлғау байлап, резеңке етік киеміз. Аяғымыз қатты тоңа бастаса, резеңке етігімізді шешіп, жалаң аяғымызды  қатты қарға уқалаушы едік. Сонда аяғымыз едәуір қызып, бойымызға қан жүгіретін. Жұмыстан келген соң үйдегі екі-үш сиырымызды сауып, балаларға май-қаймақ былғап, құрт жасаймыз. Шаршау дегенді білмейтін едік-ау, шіркін… Беті-қолымыз жарылып кететін. Роза Лейфрид, Марош және Екатерина Ленгле деген көршілерім болды. Екатерина Ленглені Катя дейміз. Олар 1996 жылы  көшіп кеткенше достығымыз  ажыраған жоқ.  Ол маған банка жабуды, түрлі тосаптар қайнатуды үйретті. Негізі, немістер адал, еңбекқор, мәдениетті халық. Өсек, өтірік айтпайды. Балаларын еңбекке тәрбиелейтін. Бірінші сыныпта оқитын қызы таң ала кеуімде аула сыпыратын. Жасөспірім балаларына қора тазалатып, малға шөп салдыратын. Мектепте оқитын балалары үш ай жазда тіркемеге отырып,  шөп шабады. Солай өздері  еңбектеніп жүріп, тапқан табысына жаңа оқу жылына киім алатын. Жиырма жыл тату-тәтті көрші болдық. Ағайын-нан артық болып кеттік десем, артық айтқаным болмас. Түс мезгілінде ет асып, мен шақырсам, кеш бата  тәтті шай әзірлеп, олар шақыратын. Жұбайым Қамеш пен Екатеринаның жолдасы Иван Рейдель құрдас болатын. Бірге жұмыс істеді. Балаларымыз да құлынтайдай бірге өсті. Біздің отағасы Талдыбұлақ ауылында агроном, бригадир, қойма меңгерушісі болып қызмет атқарды.  Артылған бидайды комбайнмен алып келіп үлестіретін. Мен ең бірінші Катя мен Роза көршілеріме таратамын.

Олармен әлі күнге сөйлесіп тұрамыз. Ұлдарым да әлеуметтік желі арқылы жиі амандық-саулық сұрап тұрады. Германиядан сәлемсауқатын, күлше-кәмпитін, орамалын салып жібереді, — дейді Моншақ әже.

*  *  *

Моншақ әженің әкесі бір жасында соғысқа аттанып оралмаған. Екі жасқа толар-толмас уақытта анасы қайтыс болып, тұл жетім қалады. Ағасы әскерде болғандықтан, оны балалар үйіне тапсыратын адам болмапты. «Атаанамнан қалған мал-мүлікке қызықты ма екен, нағашы ағам қамқорлығына уақытша ғана алды» дейді әже. «Кісі есігі темір» демекші, сол үйдің қара жұмысы оның мойнына жүктеледі. Содан жеті  жасына қараған шағында көзі қызылшадан басыр болып, өлімші хәлге түскенде, нағашысы ауруханаға апарып тастайды да, сауыққанда  алып кетуге келмейді. Кейін әскерден ағасы оралып, өз қамқорлығына алады. Қыстыгүні алыс бөлімшеден мектепке баруы  мұң болғандықтан, сабаққа баруы сирейді. Кейін ағасы үйленіп, балалы болған соң сабақты мүлдем доғаруға мәжбұр болады. Жиырма жасына дейін аға-жеңгесінің балаларын бағып, үй шаруасымен айналысады. Уақыт өте құрдас қыздары келіп, кірпіш зауытына жұмысқа орналасуға шақырады.

— Сол кезде Жымпиты ауданында дүркіреп тұрған кірпіш зауыты болатын.  Сонда жұмысқа орналастым. Кірпішті шығарып, қалаймыз. Екі ауысымда жұмыс істедік. Сол уақытта айналымда «көпірген» ақша болды ғо, айлық табысым 300  мың сом еді. Киініп, адамдармен араласа бастадым. Өзімнің араласатын  ортамды таптым. Жұбайым Қамешті кездестірдім. Бірінші кездесіп, сөз салғанда ата-анамның жоқтығын, алайда жетім екенмін деп ешкімнің қолбаласы бола алмайтынымды және ешкімді басындырмайтынымды айттым. Екінші кездескенде алып қашты. Алып қашуы да қызық болды. Мәдениет үйінде концерт көріп отыр едік. Құрдас қыздар мен жігіттер сыртқа шығып кетуімді қайта-қайта өтінді. Сыртқа шыққаным сол еді, көлікке отырғызып алды. Ештеңеден қаперім жоқ, қасымда қыздар болғасын, мәз-мейрам болып отырмын. Үйге келіп, басыма жаулық салынған кезде бір-ақ білдім. Ауыл жастары жиналып, кішігірім той жасадық, — дейді кейіпкеріміз.

*  *  *

Әжейдің жұбайы, марқұм Қамеш Әбдірахманов өте еңбекқор, білімді жан болған. Еселі еңбегінің нәтижесінде «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген. Әкесі Хамза соғысқа аттанып, оралмапты. Әкеден қалған жалғыз тұяқ Қамеш ағайды анасы өсіріп жетілдірген.

— Әкемнің еңбекқорлығы сондай, жылына бір берілетін кезекті еңбек демалысын алмастан жұмыс істейтін. Соны ескеріп, оны жыл сайын шипажайға демалысқа жіберетін. Сочиге, ВДНХ-ға барды.  Күндіз бригадир, кеште күзетшілік  жұмысына кететін. Оның демалатын уақыты да болмаған шығар деп ойлаймын. Өйткені бірімізден соң біріміз оқу құралының қажеттігін айтып, студент кезімізде анандай-мынандай киім-кешек керек деп келе беретінбіз. Балаларының білім алуы үшін барлық жағдайды жасады. Әкем 61 жасында өмірден озды. Ол да қиындықты көп көріпті. Бір жылы қақаған қыста трактормен далада қалып қойған. Трактор тұтанбай, соның ішіне түнеген. Аяғында резеңке етік екен. Қатты сыз өтіпті. Соның зардабы шығар, үлкейе келе аяғын баса алмай, балдаққа сүйеніп жүрді, — дейді қызы Рәзия Әбдірахманова.

Қамеш ата мен Моншақ әже 11 перзент сүйген екен. Алайда төртеуі сәби кезінде шетінеп кетіпті. Аузынан Алласы түспейтін мәуелі бәйтерек бүгінде бақытты. Бала-келіндері қолын жылы суға малып, қас-қабағына қарап, бабын табуда. Қыз-күйеулері де алдын кесіп өткен емес.

— Ұл-қыздарым есейіп, өздері ақыл айтатын жасқа жетті. Немере-жиендеріме арақ ішпеңдер, темекі тартпаңдар, өтірік айтпаңдар және ешкімнің ала жібін аттамаңдар деп айтып отырамын. Аллаға шүкір, балаларым үмітімізді ақтады. Шаңырақтарын көтеріп, зәулім үйлерін салды. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ үйдегі реніш ешқашан сыртқа шықпауы керек. Өмірлік тәжірибем бойынша айтарым, шаңырақ көтерген екі жас сабырлы болса, сезімдерін суытпаса, сыйластықтарын жоғалтпаса, барлық қиындық та, сәтсіздік те еңсеріледі, — дейді кейіпкеріміз.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Амандық   ИСАТАЕВ,

Орал   қаласының   тұрғыны:

– 2009 жылы Сырым ауданының Талдыбұлақ ауылынан Орал қаласына көшіп келдік. Егде тартқан жасымда ауылдан қалаға көшу оңай тимеді. Құрдастарымды, көршілерімді қимадым. Ауыл тұрғындары 1946 жылдары көшіп келген немістермен өте тату тұрды. Немістер де қазақтар секілді өте бауырмал халық. Қазақтарға қуырдағын, еттің асын пісіріп, жерге дастарқан жайып  дайындайтын. Үйге шөп түсіретін болсақ, көмектесуге айтқызбай-ақ жетіп келетін. Ауылда Иван Рейдель есімді немістің отбасымен Қамеш ағай бір анадан туған бауырдай  араласып тұрды. 1956 жылы Иван жиырма жастан асқан жігіт болатын. Бірақ көзінің кемістігіне байланысты  жұмысқа орналаса алмай жүрді. Сол кезде ауылда бригадир болған  Қамеш ағай шынжыр табанды трактор беріп, еңбек етуіне мүмкіндік жасады. Әлі күнге дейін осы жақсылықты олар ұмытқан емес. Германияға көшіп кеткен неміс көршілерімізбен әлі күнге дейін сөйлесіп тұрамыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.