7.03.2019, 19:54
Қараулар: 364
«Жүрегі бір болмай ма жыры бірдің…»

«Жүрегі бір болмай ма жыры бірдің…»

Орал қаласындағы «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен Жастар жылына байланысты «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Өнер сайысын ұйымдастыруға облыс әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы және Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы қолдау білдірді.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар бастауының астарында түрікшіл империя құру идеясы жатыр. Біз – ежелгі Түркі қағанатының қарашаңырағын ұстап қалған халықпыз. Әлемдік өркениеттің дамуына үлес қостық. Қазақ даласында табылған Ботай ескерткіші жергілікті халықтың жылқыны алғаш қолға үйреткенін, атқа міну мәдениетін таратқанын дәлелдеді. Атқа мінген адамда сес, жауынгерлік рух болады. Жылқыға мінуге ыңғайлы шалбарды ойлап таптық. Атты әскермен әлемді жауладық, сауыт-сайман соқтық. Металл құю мәдениетінің шыңына шықтық. «Алтын адам» жанынан табылған металл құймалар зергерлер асқан шеберлікпен қымбат бұйымдар жасағанын дәлелдеді. Сондықтан Елбасы сөзін «Батыстың таңсығына еліктемеңдер, олар бізге еліктесін. Біз – Ұлы Түркі қағанатының ұрпағымыз» деп ұғуымыз керек. Қазақ болып туғанымызды мақтан тұтып, алшаңдап жүруіміз керек. Салт-дәстүрімізді құрмет тұтайық. Мәдениет және спорт министріміз Наурызды тойлау үлгісін өзгертейік деген ұсыныс жасады. Амал күнінен бастап елімізде көрісу салтын жаппай өткізейік, ұлттық тағамдарымызды ұсынып, бірбірімізбен қауышайық десіп жатыр. Елбасы әлеуметтік салаға көңіл бөліп, Үкімет және облыс басшыларына халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде тапсырмалар берді. «Мен халқымның болашақта емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деді. Министрлер кабинетінің ауысуы, «Нұр Отан» партиясының XVIII сиезінде қабылданған шешімдер, Елбасының жаңа үкімет мүшелеріне берген тапсырмалары көңілімізден шығуда.

Сондықтан Ақ Жайық төріндегі айтысқа қатысып отырған 20 ақынға жырлайтын тақырып аясы ауқымды, – деді сахнада «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман.

Одан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов ақындарды қош алып, ел рухын көтерер өлең-жыр өрбітуге сәттілік тіледі.

– Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында салт-дәстүріміз айшықталып, ата-баба мұраларын, мәдени және ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау керектігі айтылды. Соның ішінде ғасырдан-ғасырға аман жеткен айтыс өнерінің маңызы ерекше. Жұбан ақынның сөзімен айтсақ, «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Егемендік, ел бірлігі – ең басты құндылығымыз, – деді Алтай Көлгінов.

Сахнадағы «майданды» атыраулық Аманкелді Панабердиев пен оралдық Орынбек Меңдіқұлов бастады. Меңдіқұловтың ақындық қабілетімен өңірімізге танылып келе жатқан жас өрен екені белгілі. Ән шығаратын өнері тағы бар. «Айтулы аламанға алғаш кірдім» деп мойындаса да, сахнада өзін еркін ұстап, әдемі мақаммен айтар ойын анық жеткізіп отырды. Тіпті Аманкелді ағасына тегеурін танытып та үлгерді. «Жығылсам нардан жығылайын» деп едім, елге келген Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртай, Жандарбек Бұлғақовтай мықтылардың бірімен айтысқа шықпадым деген сынды «өкініш білдірді».

Үйшігіңде үрейлі жаңалық бар,

Өткенде елдің ішін шуылдатқан.

Жанды су Жайығыма зауыттардың

Аммиагы хлорлы сіңіп жатқан.

Нәтижесі – у жұтқан балықтардың

Өлгені су бетіне шығып жатқан.

Бекіренің тағдырына бекіре жалды

Бектерің түк айтпады-ау біліп жатқан.

Ең алдымен кезі емес пе солар сөйлер,

Икраны аузына ұрып жатқан.

Тым болмаса ақын болып сен де айтпадың,

Жайықтағы зауыттың мұңын батпан.

Халықты байытамыз деп жатқанда,

Балықты түгелімен қырып жатқан, – деді Атыраудағы экологиялық ахуалды жырлаған Орынбек Меңдіқұлов. Бозбаланың менсінбегеніне назданып, «Рүстем мен Бекарысты не қыласың, Олар сені ұстаса көкпар қылады» деп жауап берген Аманкелді Панабердиев «Нардан құлайтын кезің болады, әзірше аттан құлап үйрене бер» деп мысқылдады.

Елбасы жариялаған «жеті қырда»,

Білесің ат жайында ой қосқанын.

Атқа міну мәдениеті жайында айтты,

Керек емес онда ойсыз ойқастауың.

Елбасы атқа мін деп жатқанында,

Аттан құла дегенің қай сасқаның?! – деп өткір тілмен бүріп қойды Орынбек оғлан.

Осы айтыста түркістандық Бекарыс Шойбеков пен түбі семейлік Рүстем Қайыртайдың бір-біріне деген өткір қалжыңы көрерменді серпілтіп тастады.

«Қасымдағы киллерді көрдіңдер ғой, Шүріппесін сипалап қолдары отыр», «Әкім болып қайта келген Шөкеевтей, Ақын болып қайта кепсіз байрақ ұстай», «Жуас адам болып көрінгенмен, Жуадай қарып түсер тіліңіз бар», «Жиынында жүресіз «Нұр Отанның», Жымиып, жүзіңізді жайдарлы қып» деген Рүстем Қайыртайдың тұспалдары астарлы айшығымен сүйіндіріп, көпке езу жиғызбады. «Ағаның екі көзін шұқи берме, Төрт көзің түгел болып қайтқың келсе», «Күні-түні той қуып түске дейін, Аймаласып жатасың жастығыңмен», «Рүстем жатып атар мергендейсің» деген Бекарыс қарымта қайтарудың шебер екенін дәлелдеп бақты.

Жүрегі бір болмай ма жыры бірдің,

Тілегі бір болмай ма мұңы бірдің.

Алғыс айту күнінде кешегі өткен,

Расқа айналғаны-ай күдігімнің.

Өзімізге өзіміз алғыс айттық,

Өзгелердің ниетін шын ұғындым.

130 ұлт бар екен біздің елде,

Тілегі бір болар тек тілі бірдің.

Біргеміз, бірліктеміз дегенменен

Ұшқыны жоқ негізгі ірі құнның

Қазақшаны жоқ әлі үйренгісі

Татар, орыс, шешен мен түрігіңнің.

Иесіне құрметпен қараса ғой,

Суын ішіп жүргендер құдығыңның.

Барлық ұлыс сөйлесе бір-ақ тілде,

Көкесі сол болар ед бірігудің, –  деп базынасын ақтарған Рүстемнің ойына Бекарыс та қосылды:

Біздің тіл салтанатты жиындарда,

Сәлемдесу рөлін атқарады.

Содан соң қорытынды сөз айтар кезде,

«Сау болыңдар» дегенмен тоқталады.

Біздің тіл қарым-қатынас құралы емес,

Ассамблея ұраны боп барады.

Ана тілің арың ғой бетіңдегі,

Беттің арын қорғамас кім өлердей?

Ағаттықты іздейік өзімізден,

Кісінің туырлығын тіле бермей.

Өзге тілдің барлығын жаттап алып,

Өз тіліңді «құрметтеп» жүре бермей, – деген ол түпкі ойын Қадыр ақын нақылымен шендестірді.

Бекарыс Шойбековтің сахнаға шыққанына өзі де асыға тосып отырғанын хабарлаған Жүрсін Ерман бұған дейін БАҚ-та жарияланған сұхбатында айтыс ауылынан алыстап кеткен Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхандардың «ағаттығын мойындап», ақындар сапына оралып жатқанын айтып еді. Ақ Жайықтағы айтыстың бір жаңалығы – жыры жалын, тілі орамды Жандарбек Бұлғақовтың қатысуы еді. Көкшетаулық Әлібек Серғалиев екеуінің сахнада сөз шарпысуы сұрапыл болды. Сұрапыл емей немене, «Он екі ата Байұлының жерін басқан, Он екі мүшеңде де бақ бар екен» деген Серғалиев оның Жүрсін Ерманнан іргесін аулақ салғанын бетіне басқандай қып айтты.

Екі-үш жыл домбырамды іліп қойдым,

Дарға асып қойғанындай салбыратып.

Құланның құм боратқан тұяғындай

Шабайын қара салмай алдыма түк.

Оттың басын күзетіп көп жаттым ғой,

Аттың басын жіберер келді уақыт, – деген Жандарбек Бұлғақов қарсыласы Әлібекті де жақсы табыс табатын «жоғалған тамадаға» теңеді.

Жағдайым жоқ деп айтса, тегін барам,

Қазақ болса, туыс та, жат та кіред.

Мен саған дұрыстап айтайыншы,

Арам термен бір тиын тапқаным жоқ.

Шіренген шенеуніктей шылқып байып,

Ортасынан бюджеттің қаққаным жоқ.

Көп балалы ананың ақшасын жеп,

Кипр менен Дубайда жатқаным жоқ, – деген Әлібек:

Жер астында көлігі болмаса да,

Қар астында көлігі жатқан мекен.

Наурыз келіп, жұрттарда жер көгерді,

Ал сіздерде әлі де ақпан екен.

Сол ақпанның арындай ақындарға,

Пейілдерің, ағайын, аппақ екен, – деп Жайық жұртына сүйіспеншілігін білдіріп, осы өңірден бір уыс топырақ алып кететінін тілге тиек етті.

Бір уыс топырақ не тәйірі?

Өзіңе беретін әлі бек көп.

Жайықтың жағасына шығып қалған,

Қырылған екі-үш тонна балық ап кет.

Қазталов ауданынан ары қарай,

Орданың шұрқ тесік жолын ап кет.

Жәнібек, Жымпитыны басып қалған.

Ерімей, қатып жатқан қарын ап кет.

Қақиған Чапаевтың ескерткішін,

Самолеттің артына салып ап кет.

Көктем келсе, батпақтың зарын кешкен,

Птицафабриканың зарын ап кет.

Жақсылықтың барлығы Оралда қап,

Жайықтың елі жүрсін жадырап көп.

Жамандықтың барлығы сенімен кетсін,

Жандарбектің жанынан әрірек кет, – деді тілі уытты Жандарбек.

Айтыскер ақындардың аламан додасында шымкенттік Біржан Байтуов пен алматылық Хазірет Бердіхан құрдас, курстас екендерін алға тартып, бірін-бірі қағытпа қалжыңмен қажай отырып, айтыстың бел ортасында әлеуметтік, саяси тақырыптарға ойысты.

Жастарға жақсы жұмыс табу қиын,

Болмаса тамыр-таныс, туысы көп.

Дипломын жаңа алған жас маманды

Қайтарады стажың жоқ, құрышы деп.

Содан кейін кетеді көше кезіп,

Жатын орын, тамақтың жылысы жоқ.

Қолына күрек таппай, пышақ ұстап,

Қоғамның шыға келед ұрысы боп.

Ал біздің мінбедегі мырзалардың

Көбінің сандалған жүрісі көп.

Форумдарда жүреді қолы тимей,

Жұмысы жоқ жастармен жұмысы жоқ, – деген Хазірет Бердіхан жыр арнасын қазіргі кезде күйіп тұрған тақырыпқа ойыстырды:

Жылатқан жесір менен жетімекті,

Еш қоғамның іргесі бекімепті.

Бала үшін ана байғұс не істемейді,

Келеді теңіз бенен кешіп отты.

Берешек бес кредитін жабамын деп,

Бей уақыт бес сәбиін шетінетті.

Бар балаңа жетеді деп он алты мың,

Бір кісінің қызартқаны-ай екі бетті, – деген ақын «нәзік жанын тасқынға көпір еткен» аналар ерлігіне сүйсінетінін айтты.

Маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев пен астаналық Сұлужан Таубалды қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетті. «Алтай әкім басқарған Ақ Жайыққа Алтайдың ар жағынан келген сұлумен» сөз қағысуды Арғынбек өзіне бақыт санады.

Жас қыздың иісі келіп мұрныма,

Маңдайымнан терімді төктірдің ғой.

Он екіде бір гүлі ашылмаған,

Сұлудың қос бұрымын сөктірдің ғой.

Алғашқы айтысы екен Сұлужанның,

Тұсауын кесу үшін бет бұрдым ғой.

Сұлужан кет әрі емессің-ау,

Жымиып маған қарап көп күлдің ғой, – деп әдемі әзілмен бастаған ақын арынынан астаналық қыз қаймықпады.

Айтысқа жаңа келген жас болсам да,

Мен емес сізге оңай олжа болар.

Қылығымды қызықтап қырындайсыз,

Нәпсісін тыйған жігіт молда болар.

Қыздың иісі қымызбен тең емес пе,

Қызығып көп ішкендер жолда қалар.

Үкідейін үлбіреп қала берем,

Болсаң да тұзақ салып, торға қамар,

Өйткені Оралымның текті жұрты

Еліктің лағындай ерке қызын

Арынды арыстаннан қорғап алар, – деп ұтымды жауап қатты. «Аңқау ағасына» ойнаймын деп отырып, он сегіздің отына күйіп қалмауын ескертті.

Қытайда туып-өскен қыз болсам да,

Салтым мен дәстүрімді сақтағанмын.

Киелі асқар таудың баурайында

Қазақтың қара өлеңін жаттағанмын.

Бұлақтың суы жуған бұл бетімді

Құрғатып күн нұрына қақтағанмын.

Қас қылмай қастарымның біріне де

Шашымды шайырменен баптағанмын.

Боз жусанның иісін бұрқыратып,

Француздың әтірін шашпағанмын.

Оспан батыр бабамның арманындай

Атажұрты аңсап келген ақтабанмын.

Мен енді осы ел үшін еңбек етіп,

Осы елге адал қызмет атқарамын, – деп көптің жүрегін елжіретті Сараның қайсар сіңлісі.

Сахнада жерлес ақындардан Жансая Мусина қарағандылық Мақсат Ахановпен, Эльдар Ихсанов қызылордалық Ержан Әміровпен, Мұрадым Мирланов жамбылдық Есет Досалымен айтысты.

Аламан сөз додасында ақындар елдегі әлеуметтік мәселелер күрмеуін, жастар тәрбиесі, рухани жаңғыру аясында жүзеге асып жатқан жобаларды жырға қосты. Ел алдында жалаңаштанып, теріс қылық көрсетіп жүрген Байзақоваларды сынады. Доғарысқа кеткен Үкіметтің көп балалы аналарға қажетті көмек көрсете алмағаны, Жаңаөзен қаласында жұмыс таба алмай, жалақысын ала алмай жүрген жігіттердің жанайқайына жауап берілмей жатқаны да айтылды. Ақ Жайық өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды атап өтіп, жасыл желек жамылған шаһар сұлулығын келісті жырлағандар да болды. Осы жолы байқағанымыз, біраз ақын жергілікті өңірге қатысты  күрмеулі мәселелерді зерттеп келгені анық аңғарылды. Оған нақты деректермен бірсыпыра түйінді ортаға салғандары дәлел. «Орал өңірі» газетінде мәселе болып көтерілген теміржол қатынасында «Тальго» пойызы билеті ақысы қымбаттағанын ақындар назардан тыс қалдырған жоқ.

Айтыскер ақындардың еркін көсілуіне уақыт молынан беріліп отырды. Есесіне, финалдық кезең өткізілмеді. Ақындардың тең жартысына 200 мың теңге – шабыттандыру сыйлығы тағайындалды. Өкінішке қарай, жерлес ақындарымыздан ешкім оза шауып бәйге алмады. Былтыр Астанадағы айтыста «Алтын домбыраны» ұтып алған Жайықтың Жансаясы қарағандылық Мақсатпен қыздар астарлап айтуға да именетін тақырыпта өткір қалжыңдасып, сойқан сөз саптасып еді. Бұл жолы атышулы хит-айтыстың екінші бөлімі өткендей ғана әсер қалдырды. Қалжың сөздің де шекарасы болатынын «айтыс қағаны» Жүрсін Ерман да шегелеп айтты.

Қазылар алқасына ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы төрағалық етті. Алқа құрамында Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Қойшығұл Жылқышиев, Қазақстанның құрметті журналисі, «Аigyn» республикалық газетінің бас редакторы  Нұртөре Жүсіп, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова, ҚР білім беру саласының үздігі, ақын Дариға Мұштанова болды.

– Бір бақытты күн болды кеше Оралда. Қыс құрсауынан шыға алмай жатқан Жайықтың жүрегі жібіді. Астананың, Арқаның, Оңтүстіктің, Ортаның сөзін тыңдап тамсанды. Қол соқты. Таңқалды. Таңдай қақты. Түсінді. Түйсінді. Мен де сол көптің ішінде болдым.

Арбалған торғайдай айтыс алаңына қадалдым да отырдым бастан-аяққа. Түсінгенім, жаны сірі айтыс реңкі кәдімгі шешендік бояуға қаныға түскен екен.

Ала қиқу, арзан сөз айтылса, сөніп, көңіл үшін ғана қол соққан жұрт дәмді сөз, дәйекті ой, бұрынғының  би-шешендерінше ырғаса тартысқан сүлейлерді көргенде көрсететін қошеметі мүлдем басқаша. Сондай керемет сөз орамдары көп болды. Талғамы биік, талабы қатты, шынайылық пен шындықты қатты бағалайтын Оралда айтыс әдемі, бастысы, деңгейлі өтті. Деңгейлілігін мен айтайын, ірі турау, тұтқиылдан жол табу, әзілге сүйей, астармен ой жеткізу, қапы айтқанды қалт жібермей, сақ еткізе қағып жөнге салу, сөз қақпақылын жасап, жауаптаса тартысу, қойшы, әйтеуір, болуға тиіс не қызықтың бәрі болды. Қорғасындай салмақты, мамықтай ұлпа, ұстараның жүзіндей өткір сөз мектебі дәріс беріп жатты көз алдымызда, – деп жазды алған әсерін фейсбукпен бөліскен Дариға Мұштанова.

«Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысында алматылық Рүстем Қайыртай бас жүлдені жеңіп алды. Рүстемге 1 миллион теңге берілді. Бірінші орынға тағайындалған 700 мың теңге қаржыға Төлеген Жаманов (Қарағанды) пен Хазірет Бердіхан (Алматы) ие болды. 500 мың теңгелік екінші орын жүлделеріне Біржан Байтуов (Шымкент) пен Рауан Қайдаров (Павлодар) қол жеткізді. Ал үшінші орын алған Бекарыс Шойбеков (Түркістан) пен Жандарбек Бұлғақовқа (Астана) 400 мың теңгеден берілді. Арнайы сыйлық Сұлужан Таубалды (Алматы), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әлібек Серғалиевке (Көкшетау) тағайындалды. «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман айтысты өткізуге қолдау білдірген облыс басшылығына алғыс айтты.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.