7.03.2019, 19:52
Қараулар: 323
Арыстан жүректі ару

Арыстан жүректі ару

Аралас жекпе-жек немесе ММА (Mixed Martial Arts) айқастарын бүгінде көпшілік құмарта қарайды. Жастардың да бұл спортқа деген құлшыныстары ерекше. Сайдың тасындай жігіттермен бірге октагонға (сегіз бұрышты ринг) арыстан жүректі арулар да шығып жүргені белгілі.

Солардың бірі, жерлесіміз – Нұржамал Садықова. Ол бүгінде аралас жекпе-жектен Азия, әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғауда.

Оралда дүниеге келіп, 5-сыныпта оқып жүрген Нұржамалды әкесі Әділ «қыз бала қашан да өз-өзін қорғай білуі керек» деп С. Қонақбаев атындағы бокс мектебіне апарады. Мұнда белгілі бапкер Нұрсұлтан Қонарбаевтың, артынан Руслан Сариевтің қарамағында жаттығып, жұдырықтасудың қыр-сырын меңгереді. Меңгеріп қана қоймай, жасөспірімдер, жеткіншектер арасындағы Орал қалалық, облыстық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанады. 2011 жылы Көкшетауда өткен ел чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. «Көкшетаудан үлкен әсермен оралдым, – дейді Нұржамал.

– Бокспен жүйелі түрде шұғылданып, жаңа белестерді бағындыру үшін Алматыдағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатколледжінде оқуға бел байладым.

Емтихандар тапсырып, спорттық бағыттардағы, соның ішінде спарринг бойынша да  түрлі сынақтан өтіп, аталмыш оқу орнына қабылдандым. Оқуға түскеннен соң екі айдан кейін Таразда халықаралық чемпионат өтіп, онда күміс медаль еншілеп, жасөспірімдер бойынша ел құрамасының сапына алындым. Ал келер жылы Сербияда болған халықаралық турнирде 2-орын иелендім. Сол жылы ел чемпионатында қола жүлде бұйырды. Жалпы, аталмыш оқу орны қабырғасында жүргенімде, жыл сайын түрлі халықаралық турнирлер мен ел чемпионаттарынан құр қол қайтқан кезім болған жоқ. Сол себепті ұстаздарым әрі бапкерлерім болған Гүлзара Әзізова мен Жұмабек Өмірзақовқа айтар алғысым зор, — дейді ММА аруы.

2014 жылы әйелдер арасында ұйымдастырылған бокстан Қазақстан кубогінде 3-орынға қол жеткізген Нұржамал жарақат алып қалады. Сөйтіп, ол біраз уақыт жарақатын емдеп, демалады. Міне, осы кезде колледжін бітіріп, «бокс бойынша бапкер-педагог» атанып, Оралға оралады.

Аралас жекпе-жек жөнінде біраздан бері естіп келе жатқан ол туған жерінде бұл спорт түрінің өркен жая бастағанын көріп, «ережесіз жекпе-жекте» бағын сынап көрмекші болады. Сөйтіп, 2017 жылы Оралдағы ММА бойынша спорт клубына барады.

— Алғаш келген кезде Нұржамалда ММА-ның не екенін білу, өзі үшін дайындалу мақсаты ғана болды. Ол бұрын бокспен айналысқасын жекпе-жектің дайын жауынгері екені бірден көрініп тұрды. Жауынгерлік тұрысы, соққы техникасы да ерекше болды. Берілген тапсырманы бірден ұғып алады. Тәртіпке әбден шыңдалған. Мұндай спортшының бағындырар белесі көп болары анық. Екі-үш апта айналысқаннан кейін «Саратовта грэпплингтен (күрес түрлерінің барлық әдісін біріктіретін жекпе-жек өнері) халықаралық турнир болады, барасың ба?» дегенімде, бірден келісті. Ол бұл сайыстан 3-орын алды. Сол жылдың желтоқсанында Астанада осы грэпплинг пен джиу-джитсудан Қазақстан кубогы болды. Мұнда да жақсы өнер көрсетіп, екі спорт түрінен де жүлделі оралдық. Былтыр кикбоксингтен, панкратион (қайта жаңғырған ежелгі олимпиадалық аралас жекпе-жек өнері) мен грэпплингтен ел чемпионы атанып, Қытайдың Харвин қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Жыл соңында Бахрейн мемлекетінің астанасы Манамада ММА-дан ұйымдастырылған әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Иә, аралас жекпе-жек қыздар үшін қатаңдау спорт қой. Бірақ әркім алдағы жолын өзі таңдайды. Нұржамал секілді ер мінезді қыздар осындай спорттың арқасында елге, әлемге танылып, ел абыройын асқақтатып жүргені бәріміз үшін мақтаныш, — дейді бапкері Руслан Арыстанов.

Негізінен аптаның бір күнінде ғана спортзалдың есігін ашпайтын Нұржамал бос кезінде кітап оқығанды жақсы көреді екен. Әкесінің «өткенін білмеген жанның болашағы жоқ» деген сөзін санасына түйіп өскен ол көбіне халқымыздың тарихы туралы романдарға үңіледі.

— Қаламыздағы Тұңғыш Президент алаңының маңынан өткен кезде желбіреп тұрған үлкен Туымызды көрген сайын тебіренемін. Өзімнің осынау жолды таңдап, түрлі сайыста көк байрақтың желбіреуіне үлесімді қосып жүргеніме шүкіршілік айтамын. Бір-екі айдың ішінде Таиландта ММА-дан Азия чемпионаты болады. Күзде әлем чемпионаты өтпекші. Осынау додаларда, әріде Тұмар мен Зарина патшайымдары, беріде Мәншүк пен Әлиядай батырлары бар қазақ қыздарының осал еместігін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің Туын биіктен желбіретуді армандаймын, — деген спортшы қыз нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, қаракөздеріміздің әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарын нығайтып, әдемі болып  жүрулеріне  тілекстестігін білдірді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.