4.03.2019, 22:52
Қараулар: 923
Сегіз мың халықтың талап-тілегіне селқос қарамайық!

Сегіз мың халықтың талап-тілегіне селқос қарамайық!

Оралдағы «Зашаған» бау-бақша серіктестігі мүшелерінің «Ер Төстік» ертегісіндегі Кенжекей сұлу құсап «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды атам» деп жылайтын жәйі жоқ. Өйткені қалаға ауылдан қоныс аударғандардың бірі жер телімін мемлекеттен тегін, енді біреулері екінші нарықтан қымбат бағаға сатып алып, ешкімнің күштеуінсіз қоныстанды. Олар тірлік етуге қажетті газ, суын қаржы жинап тартып алды. Былайша айтқанда, «басқа түссе баспақшыл», серіктестік жері қала аумағына кірмейтіндіктен, мемлекет қазынасынан дәметпей, өз қазанында өздері қайнап келеді. Бірақ қазіргі уақытта 1650 үйі, ресми емес мәлімет бойынша 10 мыңдай тұрғыны бар саяжайдың түйткілді мәселелеріне биліктің назар аударатын уақыты жеткендей. Бұл – тек БҚО-дағы емес, күллі еліміздегі сан мыңдаған саяжайды амалсыздан, басқа таңдау болмағандықтан қоныстанған халықтың тіршілік, әл-ауқаты мәселесі. Сондықтан саяжай аумақтарын іргелес қала аумағына қосу жөніндегі мәселеге жергілікті атқарушы, өкілетті билік құрылымдарына қоса, тиісті заңдылықтарға өзгерістер мен түзетулер енгізу үшін  ҚР Парламенті депутаттарының назарын аударуы тиіс.

А. Байтұрсынов атындағы №10 мектептің акт залы тола жиналған оралдықтар арасында «Құс фабрикасы» ауылы аталып кеткен саяжай тұрғындары ашулы көрінді. Басқосу басталысымен, тұрғындардың наразылығымен «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесовтың есепті баяндамасы басталмай жатып үзілді. Өзін Нәзира Әділгереева деп таныстырған келіншек бұл жиынның саяжай тұрғындарының сұрауы бойынша ұйымдастырылғанын, сондықтан уақытты созбай,  төрағадан халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға қысқа әрі нақты жауап беруін тұрғындар атынан талап етті. Залдағы гу-гу еткен қатысушыларды тәртіпке шақырған жиналыс төрағасын «Сізді жиналыс төрағалығына біз ұсынған жоқпыз, Қабесов ұсынды, сізді танымаймыз» деп ызы-қиқы, айқай-шуға басты. «Біз саяжайға қала мәртебесі берілуін сұраймыз», – деді ортаға шыққан бастамашыл топтың өкілімін деген жігіт. Оның сұрағына жиынға қатысқан Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жауап берді.

– Саяжай тұрғындарының бастамашыл топ құрғанын білеміз. Қала іргесіндегі бау-бақша серіктестігінің жерін қала аумағына кіргізу бірнеше жыл бойы кент, қала, облыс әкімдерінің есептік кездесулерінде айтылып, облыс, қала әкімдерінің блоктарына жазылып жүр. Түйткілді мәселемен қала және облыс басшылығы таныс. Осы жерге қоныстанғанда бұл жердің бау-бақша серіктестігінің жері екенін білдіңіздер.

Бұл жер бау-бақша серіктестігіне тиесілі болғандықтан, заң тұрғысынан мемлекет есебінен инфрақұрылым тартуға болмайды. Сіздер серіктестік жерін қалаға қосып, оған қаланың мәртебесін беруді сұрайсыздар.  Ұсыныстарыңызды облыс басшылығына міндетті түрде жеткіземіз.

Тек оны жазбаша түрде берсеңіздер. Зашаған кенті әкімінің мәліметі бойынша саяжайда 8 мыңға жуық халық тұрады, 1600 тұрғын үй салынған. Газ бен су құбырын тарттыңыздар, енді жол мәселесі туындап отыр. Көктем, күз мезгілдерінде жол батпақ, үлкендерге, балаларға жүруге қиын. Мұның барлығын білеміз. Бірақ бау-бақша серіктестігі жеріне ресми түрде инфрақұрылым тарта алмаймыз. Қалада жол құрылысы жүруде, сол жолдардан алынған ескі асфальтты саяжайдағы жолдарға төсеу қолға алынады. Жер кепкеннен кейін өздеріңіздің ұсыныстарыңызға қарай аутобус жүретін жерлерден бастамақпыз. Мектепті қала жоспарына сәйкес саяжайға жақын жаңа аутоцон (аутоХҚО) жанынан салуға мүмкіндік бар. Ал бау-бақша серіктестігі аумағынан мектеп сала алмаймыз. Жиналыста айтылған мәселелер бойынша бастамашыл топ серіктестік төрағасымен бірге қала әкімдігінде бас қосып, сол жерде кеңінен талқылаймыз, – деді Бақытжан Нарымбетов.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, қала аумағында 107 бау-бақша серіктестігі бар. Саяжайлар аумағы серіктестік мүшелерінен түсетін жарнаға күтіп ұсталуы тиіс. Әкімдік тек қиын жағдайларда ғана қолұшын соза алады. Бұдан кейін саяжай тұрғындары кезек-кезек микрофон алып, тұрғындарды алаңдататын кейбір  мәселелерді  көтерді.

– Саяжай аумағына жазда аутобус кірмейді, қыста ішінара жүреді. Қоғамдық көліктер қозғалыс уақыт аралығын сақтамайды. Әсіресе, жазда күре жолдың арғы бетіне түсіріп кетеді. Онда көлік ағыны күшті, жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Әлде жолақ салу үшін бір адам қайғылы жағдайға ұшырауы керек пе? Аутобус ішке кірсін не жолаушыны күре жол бойына түсірмесін. Саяжайға бұрылыста бір жол белгісі және шамдар жоқ.

Кешкілікте сабақтан қайтқан балаларға қиын. №51 аутобус бізге келгенде бос орын болмайды. Қаланың әр түкпірінде оқитын ұл-қызын ата-аналар амалсыз таксимен тасымалдайды, – деді  ардагер-ұстаз Нұргүл Жұмағалиева. Ал зейнеткер Меңдеш Ізтілеуов биыл қар әдеттегіден 8 есе көп екенін айтып, саяжай аумағын қардан тазартуға Зашаған кенті әкімдігінен көмек сұрады. «Серіктестік төрағасына айтарым, 2017 жылы тұрғындардың айқайымен жиналыс өткізіп едік, ол да айқай-шумен жабылды. Қалалық мәслихаттың депутаттығына Аққали Әубекеровты сайлағанымызбен, оған аманат тапсырған жоқпыз. Халық қалаулысына бірқатар мәселені шешуді тапсырғанымыз жөн. Түрлі деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиындарына көпшілігіміз белсенділікпен қатыспаймыз. Сондықтан «өз қотырымызды өзіміз қасымасақ» іс бітпейді. Асылбек, жұмысты істегеніңізбен, басқарма мүшелерімен ақылдаспайсыз», – деп серіктестік төрағасын  да  бір  «түйреп»  өтті.

– Жиналысқа келген тұрғындардың 80 пайызы серіктестік төрағасын танымайды. Өйткені ол бір сағат қана, кешкі 5-тен 6-ға дейін жұмыс істейді. Сол уақытына қанша жалақы алады? Саяжайда 2 мыңдай үй салынып, адамдар тірлік кешуде. Олардан жылына 5 мың теңге жиналады, сол жиналған 8 млн. теңге қайда жұмсалуда? Ай сайын көшедегі жарыққа ақы төлейміз, содан түскен 800 мың теңге қайда кетуде? Көшедегі тұрмыстық қалдықты үш адам жинайды. Олар қоқысты қолмен жинап үлгермейді. Сол 800 мың теңгені қалтаңызға салғанша, тұрғындарға  беріңіз, өздері жинайды. Екі жылдың ішінде тұрғындарға бір рет есеп бермедіңіз. Балаларға ойнайтын жазғы спорт алаңы салынбады. Кейбір көшеге төселген тас тұрғындарға зиянын тигізбесе, пайдасын тигізіп отырған жоқ. Боранды күндері көлікпен күре жолға шыға алмай, күртік қарда омбылап жүргеніміз. Халықтың қамын ойласаңыз, ертемен трактор жіберіп, аутобус қатынайтын бір көшені қардан аршуға неге әрекет етпейсіз? Көшемізде жоқ асфальт, көшеде жоқ «трасса» сіздің аулаңызда. Кезінде Құс фабрикасы аумағында тұрмасаңыз да, тұрғындар сізді төраға сайлады. №3 аутобусты өз көшеңізбен жүретін қылдыңыз, ең болмаса, бір-екі көшені қосып қоймадыңыз. Аутобус 3, 8 минут сайын жүреді деген өтірік. Жарты не бір сағат сайын қатынайды. Жұрт таксимен жүреді. Осы жақта такси жүргіземін, тұрғындарды жақсы танимын. Таксимен жүруге көпшіліктің қалтасы көтермейді. Сондықтан №5, 2 аутобустардың бірін саяжай аумағына қатынасын дейміз. Халық үшін жұмыс істемесеңіз, бүгіннен бастап төрағалық орынды босатыңыз, – деген саяжай тұрғыны Саягүл Иманқұлованың сөзін залдағы жұрт қолпаштап, шапалақ ұрды.

Осындай қанағаттанарлықсыз баға берген пікірлерден кейін ғана серіктестік төрағасына 2017 жылдың ақпан айынан 2019 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта жасалған жұмыстар жөнінде есеп беруге мүмкіндік туды.  Баяндамаға сүйенсек, саяжай аумағында өткен жылдардағы есеп бойынша 6742 тұрғын болса, оның сыртында тіркеуге енбей қалған тұрғындар баршылық. 2017 жылы басында 1350 үй салынса, қазір саяжайда 1650 үй бар. Төраға тұрғындар сөзінде айтылған қоғамдық көлікке қатысты сыни пікірлерді қоштады. Қоғамдық көліктер қозғалыс уақытын сақтамайды, жолаушылар көлікке симай қалып жататыны үйреншікті көрініс. Кешкі 8-ден кейін олардың жүрмей қалатыны да ащы шындық. Саяжайда тұратын  оқушылардың басым бөлігі іргелес №10 мектепте оқиды. Бұл білім ұясына даярлық тобында 150 бала, бастауыш және жоғары сыныптарда 730 оқушы, жалпы №10 мектепте 880 бала білім алуда. Соңғы 2-3 жылда мектепте оқитын саяжайлық балалар саны 300-ге өскен. Осы көрсеткіштерден Құс фабрикасы аумағындағы тұрғындар санының күрт көбейіп келе жатқаны байқалады. Екі ауысымда оқитын ұл-қызды мектепке тасымалдауға көлік шығарылған. Бортау ауылындағы мектепте саяжайдан 143 оқушы оқиды. Сонда екі мектепте саяжайдан бір мыңнан аса бала білім алуда. Одан басқа қаладағы өзге білім ұяларына қатынап оқитын шәкірттер де баршылық. Биыл серіктестік жерінде жаңа үйлер салынатыны анық. Сондықтан бала саны жыл өткен сайын арта түспесе,  азаймайды, ал оларды тасымалдап оқыту қалай болмақ?

Зашаған кенті әкімінің тұрғындармен кездесуінде мектеп мәселесіне қатысты қала әкімі М. Мұқаев аутоХҚО аумағынан жаңа мектеп бой көтеретінін айтты. «Ол орын саяжайға қашықтау екенін ескерсек, оған оқушылардың қатынауы ойлантады. Өкілетті орындарға қала және облыс әкімдігіне саяжай аумағына жақындау жерден мектепке орын қарастырылса», – деген ұсынысын білдірді  төраға  Асылбек  Қабесов.

Оның айтуынша, Самара – Шымкент тасжолының серіктестік аумағына бұрылатын төрт  бұрылысы, кіреберіс жолдары құм, тас, құрылыс қалдықтарын төсеу арқылы қалыпқа келтірілген. Саяжай аумағындағы көшелердің тар болуына байланысты қоғамдық көліктерді кейбір көшелермен жүргізу мүмкін болмай отыр. Жалпы ұзындығы 3,5 шақырымдық саяжайдың көше жолдары көктемгі, күзгі мезгілдердегі жауын-шашын кезінде аутобустардың қатынауына жарамсыз, мидай батпаққа айналады.  Серіктестіктің бұл жолдарға жөндеу жасауға қалтасы көтермейді. 2018 жылы Зашаған кенті әкімдігінің көмегімен 50 «КамАЗ» ескі тасжол қалдықтары тасымалданып, қоғамдық көлік жүретін жолдың 300 метріне төселген. Бұдан бұрын жеті жыраға су өткізгіш құбыр салынған. Биыл қыста қар қалың түскенімен, төраға саяжай аумағы жолдарының  қардан уақытында тазаланғанын алға тартты. Ал тұрғындардың пікірі әлгіндей, керісінше… Өткен жылдары Жәңгір хан даңғылы жағындағы үлкен сайға көктемде жоғары жақтан ағып келетін қар суын бұратын арық көпірге дейін жеткізілген. Көпірден қызыл суды өткізетін бетон сақиналар жаңартылған. Саяжай аумағындағы жолдың алты шақырымына, яғни 300  метріне асфальт қалдықтары, 1 шақырым 200 метрге тас қалдықтары, 400 метрге темір шлагы, 4 шақырымға бортас қалдығы төселген. Жүк көліктерін жалдау, құрылыс қалдықтарын тасымалдау жұмыстары серіктестік мүшелерінің жарналарынан түскен қаржы есебінен жасалған. Рас, тұрғындар жолға әктас, темір шлагын төсеуге бірігіп ақша жинаған. Биыл жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғаспақ. Ұзындығы бір шақырым болатын жолға жететін құрылыс қалдықтары тасымалданып, жолға төсеуге дайын тұр. Бірақ мұнымен жол мәселесі шешілмейтіні айдан анық. Серіктестіктегі үйлер жарықпен қамтылған. Сол мақсатқа саяжай аумағына мүшелік жарна есебінен сегіз трансформатор қойылған. Былтыр жарна есебінен жаңа бір трансформатор орнатылып, соның арқасында тұрғындардың бір бөлігі қалыпты тоқ қуатымен қамтылған. Жыл санап үй саны көбейіп, электр қуатын пайдалану көлемінің өсуіне байланысты жаңа трансформатор сатып алудың қажеттігі әлі бар. Сондай-ақ Шұғыла көшесіне 500 метрлік электр желісі тартылып, бағана шамдары ілінген. Бұрын көшелерде барлығы 350 шам болса, өткен жылы жаңадан 50 шам іске қосылып, көшелер 99 пайызға жарықтандырылған.  Осы жұмыстар серіктестіктің жаңа мүшелерінің электр қуаты көзі үшін төлеген мақсаттық жарнасы есебінен жүргізілген.

– Трансформатор, бағана орнатуға, желі тартуға  тұрғындардан ақша жиналмайды, – деді төраға.

Жиында электр қуатына тариф мәселесі де сөз болды. Тұрғындар пайдаланылған электр қуатына, оны тасымалдайтын электр сымдарында және трансформаторда болатын қуат шығыны үшін де  қосымша төлемақы төлейді. Серіктестік пен электр қуатын жеткізуші кәсіпорын арасындағы келісілген тариф бойынша электр қуатына төленетін қаржы жеткіліксіз. Өйткені саяжайда электр қуатын ұрлау фактілері орын алуда. «Ұсталмаған ұры емес» десе де, ұрланған электр қуаты жалпы есептегіш құрылғыдан шығатындықтан, төлемей «құтылу» қиын. Электр қуаты үшін төлемақы төлеуді «естен» шығаратындар аз емес. 2014-2019 жылдар аралығындағы пайдаланылған электр қуаты үшін 2 млн. 125 мың теңге қарызды серіктестік мүшелерінің жарнасы (5 мың теңгелері есебінен) есебінен жауып, жарықтан ажыратудың алдын алған. Көшедегі шамдарды жарықтандыру шығыны тұрғындарға ортақ болып есептеледі. 400 дана шамға кететін тәуліктік шығын 12 мың теңгені, бір айлық шығын 360 мың теңгені құрайды. Сондықтан 1600 үйдің әрқайсысынан 250 теңгенің орнына 200 теңгеден жиналуда. Биылғы жыл басынан электр қуаты тарифі 1 теңге 15 тиынға арзандағанын, соған орай серіктестік төрағасы халықтан қуат үшін жиналатын төлемақыны ұсынды.

Өткен екі жылда саяжай аумағынан 7200 текше метр қоқыс полигонға шығарылған.  Қоқыс жәшігі 22 орын белгіленіп, қойылып, темір тормен қоршалған. Сол қоршаулар жаңартылуы керек. Кейбір тұрғындар қоқысты көше бұрылыстарына тастай салатыны өкінішті. Жыл санап тұрғындар саны артуына орай қоқысты қол күшімен тазалау қиынға соғады. Сондықтан арнайы көлік алмайынша аумақты таза ұстау мүмкін емес. Қоқыс шығаруға төленетін төлемақыны төлемейтіндер баршылық. Қоқыс жәшіктерін көбейту мүмкін емес, өйткені саяжай аумағы қоқыс полигонына айналмақ. Екі жеке балабақша жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын көбейте түсу қажет. Жазда жасөспірімдер футбол, волейбол және өзге де спорттық ойындар ойнайтын алаңдар жасақталған. Бірақ волейбол ойнайтын тор, аялдамалардағы металл жаймалар қолды болған. Таза сумен қамтылған үйлер саны 920-ға жеткен. Атқарылатын істер де аз емес. Атамекен көшесі №129 мекенжайындағы трансформаторды пайдаланушылар шамадан тыс көп. Сондықтан қуатты тұтынушыларды екіге бөліп, тағы бір трансформатор орнату керек. Жолды ретке келтіру жұмыстары мүмкіндігіне қарай жалғастырылмақ. Қазіргі жүк көлігін арнайы көлікке, қоқыс жәшіктерін порталды түріне ауыстыру жоспарланған. «Интернет желісін тарту, ең бастысы,  саяжайға қала мәртебесін алу бағытында жұмыстанамыз», – деп қорытты сөзін  төраға А. Қабесов.

Жиында тұрғындардың бірқатар сұрағына Зашаған кенті әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитов жауап берді. Мазасызданған залдағыларды тыныштыққа шақырған бір әженің: «Алғашқы көшіп келген кездегіден, қазір жағдайымыз шүкірленді, Асылбектің жұмысы қанағаттанарлық. Жол салынуда. Бюджеттен көк тиын алмай-ақ ол барлық шаруаны істеуде», – деген сөзін ешкім құлаққа ілмеді, тіпті «Сіз төрағаның адамысыз» деп микрофонын тартып алғандай болды. Жиынның басында өзін Нәзира Әділгереева деп таныстырған бастамашыл топтың өкілі тұрғындардың қошеметтеуімен серіктестік төрағасына сұрақтар қоюды бастап кетті. Бірақ бұл сұрақ-жауаптан гөрі, тергеушінің жауап алу процесіне ұқсап кетті. Серіктестік балансында не бар деген сұраққа төраға кеңсе, 9 трансформатор, электр бағандары мен желі, шамдар,  ескі «ГАЗ-53» жүк көлігі бар екенін айтты. Көпшілік айтып отырғандай, жеке меншігінде жаңа тракторы жоқ. Серіктестіктің бұрынғы төрайымы жұмыстан кеткенде серіктестіктің жарна қорында 9 млн. 200 мыңдай теңге қалды деген төраға жауабына сұрақ қоюшы оның 11 млн. теңге көлемінде қалды деген фактісіз деректі алға тартты.

Төрағаның саяжайдағы 1650 үйден жылына бір рет жиналатын 5 мың теңге жарнаның күнделікті тұрмысқа қажетті жұмыстарға жұмсалатынын, көше шамдарын ұстауға жиналатын 200 теңге жайы баяндамадағыдай қайтадан айтылды. Бұдан кейін тұрғындар жеке мәселелері бойынша өзара айтысып, зал іші дау-дамайға, айқай-шуға айналды. Саяжайдың кейбір қыз-келіншек-терінің жиналысқа қатысып отырған үлкендер алдындағы өздерін соншалықты еркін ұстаулары  «жаға  ұстатқандай»   еді…

Ұзаққа созылған дау-дамайдан кейін тұрғындар саяжай серіктестігінің басқарма мүшелерін қайта сайламақ болып келісті. Бірақ тұрғындар мүшелікке ұсынылғандардың бірін «Асылбектің адамы», енді бірін «егде» десе, бастамашыл топ ұсынған адамдарды тағы бір топ қолдамады. Осылайша бұл мәселе де Крыловтың мысал өлеңіндегідей «Тартады аққу көкке, шаян кейін, жұлқиды суға қарай шортан шіркіннің» кебін киді. Жиналыстағылар тексеру (ревизиялық) комиссиясының есебін тыңдауға құлық танытпады. Қала әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовке саяжай балаларына мектеп қарсы беттегі аутокемпингтердің орнына, тіпті Құс фабрикасын алып тастап, шағын мектеп, аурухана, балабақша неге салмасқа деген сұрақтар қойылды. Қала әкімінің орынбасары мектеп мәселесі қаланы дамыту жоспары бойынша аутоХҚО маңына жоспарланғанын айтып, айқай-шумен ештеңе шешілмейтінін, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылау үшін бастамашыл топты тағы да әкімдікке шақырды. Бағбандар серіктестігінің кезекті тұрғындар жиыны алдыңғысының, 2017 жылғы өткен жиналысының кебін киді. Қатысушылардың сөзіне сенсек, содан бергі уақытта бірде-бір жиналыс өтпеген. Тұрғындардың серіктестік төрағасының ісіне көңілі толмайтыны, халықтан жиналатын жарна және өзге де ақшаның қайда жұмсалатынына күдікпен қарайтыны айқын көрініп-ақ тұрды. Жұмыста ашықтық болмаса, солай болары хақ. Бірі төрағаны жақтап, енді бірі төрағаны даттап, бір-біріне сенімсіздікпен қарайтын жағдай қалыптасқан саяжай тұрғындарының іс-әрекеті «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» дегенді еске салды.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.