4.03.2019, 22:49
Қараулар: 295
«Алғыс айту күні – тарихқа құрмет»

«Алғыс айту күні – тарихқа құрмет»

Алғыс  айту  күнінде этно-мәдени  бірлестіктердің төрағалары  мен өкілдері, ақсақалдар,  қала тұрғындары, студенттер  мен  мектеп оқушылары шаһарымыздағы  «Қазақ  халқына мың алғыс»  монументіне гүл  шоқтарын қойды.  Мерекелік  жиынға  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  арнайы қатысты.

Бүгін ерекше мереке. Себебі, 1 наурыз, ассамблеяның құрылған күні Елбасымыздың ұсынысымен Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл – ортақ тарихымызға деген құрмет. Елімізде қанша этнос тұрса да, бәріміз бір отбасының мүшелеріндей бірлікте еңбек етіп келеміз. Біз осындай басты құндылығымызды сақтап, дамыта білуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде көп мемлекет бізді үлгі тұтады. Баршаңызға мереке құтты болсын! – деді шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ мерекелік жиында «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, Бөрлі ауданындағы корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан сөз алып, ата-бабаларының басына күн туған кезеңде қазақ халқының көрсеткен жанашырлығы мен мейірбандығы туралы тағылымды әңгімелер өрбітті. Олар қазақ ұлтына деген шынайы алғыс сезімдерін жеткізді.

– Біз қазақ халқына деген алғысымызды білдіру мақсатында 2012 жылы «Қазақ халқына мың алғыс» монументін тұрғыздық.

Бұл жай ғана белгі емес, өткен қасіретті тарихымыздан сыр шертер ескерткіш. Қазақтар біз үшін туған бауырымыздан кем емес. Осы сөзімнің айғағы ретінде қазақ ұлтының бір перзенті Асхат Ароновты өзіме ұл еттім. Мен бұл жайында әрдайым мақтанышпен айтамын. Өйткені бүгінде ол бала елінің ұлтжанды азаматы болып қалыптасты. Біз, корейлер, сөзімізді нақты ісімізбен дәлелдейміз. Төртінші қаңтар күні Алматы қаласынан Бөрліге жету үшін ұшаққа мінгенімде, мен кезекті рет өңіріміздің тұрғынын, кенеттен жүрегі тоқтап қалған 77 жасар әжені аман алып қалдым. Оның жүрек соғысын қалпына келтіруім үшін 40 минуттың үстінде үздіксіз көмек жасауыма тура келді. Алдыңғы жылы Ақтау қаласына ұшқанымда дәл осындай жағдай басымнан өткен еді. Ол жолы 19 жасар қыз бен қырық жас шамасындағы ер адамды құтқарып қалған едім. Мен шын жүрегіммен Қазақстанда тұратын барша тұрғынның амандығын тілеймін. Маған қазіргі жауып тұрған қар ата-бабаларымыздың көз жасындай болып сезіліп тұр. Ендігі ұрпақ олардың бастан кешірген қиындықтарын көрмесе екен деп тілеймін, – деді толқи сөйлеген Бөрлі ауданындағы корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан.

Орал қаласындағы №3 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ольга Подхватилина «Благодарен Отчизне» атты өлеңін оқыса, жастар шығармашылығы орталығының «Жігіттер» тобы «Қазақтай ел қайда» әнін шырқады.

*  *  *

Алғыс айту күніне орай БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов қаламыздағы Достық үйінде ел ағалары және ақсақалдармен жүздесті.

«Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға құрмет көрсету» деп жиынды Елбасының сөзімен бастаған облыс әкімі жуырда ғана «Нұр Отан» партиясының сиезінде айтылған әлеуметтік қамқорлық мәселесі, Елбасы саясаты, өңірдің дамуы, Алғыс айту күнінің мән-маңызы туралы әңгімелеп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Жиында ҰОС ардагерлері, ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандардан келген құрметті ақсақалдар сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады, тағылымды ой-пікірлерін ортаға салды.

– Өзінің күнтізбесіне Алғыс айту күнін енгізген халықты ұлы халық дегім келеді. Біз осы жерде дүниеге келгеніміз үшін Жаратқанға, осы жерді сақтаған хандар мен батырлардың, тарихта болған Абай мен Шоқан секілді ақындар мен ғалымдардың бізге қалдырған баға жетпес мұрасы үшін, жер жүзіндегі барлық қайырымды жандардың игілікті істері үшін алғыс айтамыз! – деген ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшесі Александр Ялфимов Елбасының бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатына, ассамблея жұмысына ризашылығын  жеткізді.

Қазақ халқының кеңпейілділігіне, қонақжайлылығы мен дарқан мінезі үшін риясыз алғысын жеткізген сөз алушылардың арасында «Грамада» белорусь этномәдени бірлестігінің өкілі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Ирина Разенкова да болды.

Жиын соңында БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов ассамблея жұмысын ілгерілетуге үлес қосып жүрген ардагерлерге айрықша ілтипат көрсетіп, оларды  алғысхатпен  марапаттады.

*  *  *

Ал, түстен кейін Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті.

– БҚО ҚХА-ның 14 облыстық және аудандық кеңестері, 239 қоғамдық келісім кеңестері, 153 ақсақалдар кеңесі, 158 аналар кеңесі, ғылыми сараптамалық топ және М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы ассамблея кафедрасы, журналистер клубы, облыстық мәслихаттың «Ынтымақ» депутаттық тобы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, барлық оқу орындарындағы «Достық» клубтары және «Мейірім шуағы» атты еріктілер қозғалысы, этномәдени бірлестіктер өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға зор үлес қосуда. Бүгінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы құрамындағы 21 мыңнан астам жерлесіміз ассамблеяның «Даму тұжырымдамасын» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында нәтижелі еңбек етуде, – деді БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

Облыста түрлі ұлт өкілдерінің рухани өркендеуін қамтамасыз ету  үшін олардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін, ділін сақтауға және дамытуға барлық жағдай жасалған. Жалпы, өңірде 53 этномәдени бірлестік қызмет етуде. Бәрінің ортақ мүддесі –  қоғамдық келісімді нығайтып, тұрақтылық тұғырын бекемдеу.

Мерекелік концертте этномәдени бірлестіктердің дарынды өнерпаздары қазақ халқына алғыс айтып, өздерінің ұлттық ән-биінен шашу шашты. Осылайша татулық пен бірлікті ту еткен көпэтносты халқымыздың бай мәдениеті мен өнері тағы бір мәрте ұлықталды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.