4.03.2019, 22:33
Қараулар: 171
«Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау»

«Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау»

Кеше «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының активі өтті. Жиынға партияның аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихаттардың «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттары, фракция жетекшілері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар  қанатының  өкілдері, облыстық  мемлекеттік атқарушы  құрылымдар басшылары  қатысты.

– «Nur Otan» партиясының XVIII сиезінде партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік, тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім» дей келе, халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Сипаты жағынан әлеуметтік бағытқа көп көңіл бөлінген жиында қоғамда жиі талқыланып жүрген аз қамтылған және көп балалы отбасыларға жәрдемақы мәселесі шешімін тапты. Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға бар күш-жігерді жұмсауымыз қажет.

Тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарта түсу – жергілікті атқарушы органның басты міндеті бола бермек. Әсіресе, аз қамтылған, көп балалы отбасылар басты назарда болады. Десе де, біз жастарды еңбекке баулуға мән беріп, жалқаулыққа бой үйретіп алмауды да қаперде ұстауымыз қажет. Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбек қоғамындағы еңбек адамдарының рөлі туралы ерекше атап өтті. Азаматтарды жұмысқа тартып, біліктілігін арттыру, қайта даярлаудан өткізу – жұмыла жүріп атқаратын борышымыз. «Nur Otan» партиясы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дөп басып анықтап, азаматтарға қолдау танытуы үшін жұмыстануымыз қажет. Осы орай-да партия филиалдарындағы қоғамдық қабылдаулар мен түрлі деңгейдегі әкімдердің жеке қабылдаулары, жүйелі түрде ұйымдастырылатын «Ашық әкімдік» шарасының маңызы орасан зор болмақ, – деді Алтай Көлгінов.

Алтай Сейдірұлының мәлімдеуінше, сиезде айқындалған міндеттерді өңірде жүзеге асыру мақсатында іс-шаралар кешені жасақталып, мерзімі мен қаражат көлемі нақтыланған. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жан-жақты баяндап берді.

–  «Nur Otan» партиясының кезекті сиезінде елдегі әлеуметтік саясаттың маңызды үш бағыты айқындалды. Алғашқысы, халықтың әл-ауқатын арттыру мен жағдайы жұтаң отбасылардың тұрмысын тіктеу. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап күнкөріс деңгейі төмен және аз қамтылған көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету механизмі өзгереді. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына орай облыста 21 мың адам, соның ішінде 12 мың бала қамтылатын болады.

Біріншіден, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайтын болады. Оның көлемі 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артады. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының әр баласына 20 789 теңге көлемінде кепілдендірілген төлем төленеді. Аталған жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса, 23 жасқа дейін беріледі. Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін арнаулы әлеуметтік жәрдемақы (10 504 теңге), «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы (16 160 теңге), мүгедек балаға берілетін жәрдемақы және шәкіртақы сынды жекелеген жәрдемақылар есепке алынбайды. Төртіншіден, әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерісі барынша жеңілдетіледі. Оған қоса, облыстағы 18 жасқа дейінгі мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2500 ата-ананың жәрдемақысы 30 пайызға артып, 38 605 теңгені, ал І топтағы мүгедек баласын бағып отырған 538 ата-ананың жәрдемақысы 40 538 теңгені құрайды.

Сонымен қатар облыстағы төмен жалақы алатын 56 мыңнан астам бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға, аудандық және облыстық деңгейде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін, төмен жалақы алатын 2000-ға жуық қызметкердің еңбекақысы 25% өседі, – деді Бибігүл  Тишанқызы.

Осы арада облыс басшысы Алтай Көлгінов жаңа әдіспен есептелетін көмекті көп балалы аналармен қатар, бір немесе екі, үш баласы бар аналардың да ала алатынын атап өтті.

– Облыста 12 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Аз қамтылған отбасының барлығына да қолдау болады. Бұл ретте жиынтық табыстың көрсетілген 20 789 теңгеден асып кетпеуі қадағаланады. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту және әлеуметтік келісімшарт – атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты болып қала бермек. Ең басты мәселе – еңбек қоғамын қалыптастыру, – деді өңір басшысы.

Елбасы тапсырмасына орай, өңірде аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту жұмыстары басты назарда болмақ. Биыл көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар және аз қамтылған отбасыларға пәтер алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында Орал қаласында 20 көппәтерлі тұрғын үй (2704 пәтер) және ауылдық жерлерде 70 тұрғын үй (439 пәтер) құрылысын қолға алу көзделіп отыр. Соның ішінде облыс орталығында 5 көппәтерлі (954 пәтер) және ауылдарда 50 жалдамалы тұрғын үйлер (319 пәтер) құрылысы басталады. Жыл соңына дейін барлық санаттағы 1700 адамды баспанамен қамтуға мүмкіндік беретін 15 көппәтерлі тұрғын үй мен ауылдардағы 30 үй пайдалануға берілмек, облыста 2025 жылға дейін 8,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Жиында облыстағы білім беру саласының жалақысы төмен 25 мыңнан астам қызметкерінің, денсаулық сақтау саласының 14 мыңнан астам қызметкерінің жалақысы артатыны туралы да айтылды. Олардың қатарында балабақша тәрбиешілері, әдіскерлер, кітапханашылар, психологтар, санитарлар, медбикелер, техникалық қызметкерлер, өңірде сұранысқа ие дәрігерлер және т.б. бар.

Өңірлерді кешенді дамыту бойынша биыл облыста 290 шақырымнан астам аутожол жөнделмек, бұл мақсатқа 27 млрд. теңге жұмсалмақ. 28 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Нәтижесінде 18 жоба іске асырылып, жыл соңына дейін облыс елді мекендерін орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 49 пайызға жетпек. Газдандыру жұмыстары Қазталов және Теректі аудандарында жалғасып, өңірдің көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші  96,4  пайызды  құрамақ.

Активте сөз алған «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиевтің пайымдауынша, партияның онжылдық бағдарламасы халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерге жауап берумен қатар, ертеңіне деген сенімін арттыруымен құнды.

– Республикалық «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы аясында қоғамдық қабылдау бөлмесі жанынан әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау бағытында арнайы жұмыс тобы құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша 170 адам қабылдауда болса, олардың 101-і көп балалы отбасылар. Көтерілген мәселелердің 70 пайызы – тұрғын үйге қатысты, қалғаны әлеуметтік көмек көрсету бойынша. Материалдық көмекке мұқтаж 33 отбасына депутаттар мен еріктілер тарапынан көмектер көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек акция шеңберінде ғана емес, жыл бойына жалғасады, – дей келе, Талғат Мұратұлы партияның Сырым аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына жоғары оқу орындарына түсуге және жұмысқа орналасуға қолдау көрсету мақсатында «Өмірге жолдама» жобасын қолға алғанын жеткізді.

Өңірдегі алтын құрсақты, көп балалы аналардың алғысын арқалай келген Теректі ауданына қарасты Федоров ауылының тұрғыны Жанна Әлдибаева еліміздегі ана мен балаға жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.

–  «Балаларын – байлығым» деп санаған халықтың ұрпағымыз. Үлкен қызым 10 жаста болса, кенже ұлым 2 жаста. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Еліміздің демографиясына үлес қосып, үлгілі ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Сиезде айтылған тапсырмаларды біз үлкен қуанышпен қабылдадық. Ана мен бала, отбасы мәселесі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Бүгінде көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Тұрмысымыз түзеліп, болашаққа нық сеніммен қарайтын жағдайға жеттік. Өткен жылы мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыны табыс ретінде есептеу арқылы атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғанбыз, міне, енді атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие болдық. Осының арқасында біз мемлекет тарапынан үлкен қолдауды нақты сезінетін боламыз. Бұл көп балалы отбасылар үшін үлкен қуаныш болатыны айдан анық, – деді бес баланың анасы Жанна Әбузарқызы.

– Мемлекет тарапынан қамқорлық азаймайды. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыруды қолға алды. Облыстағы әр отбасының әлеуметтік картасы жасақталуда. Жаңа жүйе бойынша әлеуметтік жәрдемақылар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап төлене бастайды. «Nur Otan» партиясы – халық сенім білдірген партия ретінде алдыңғы шепте болуы керек. Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау, – деп түйіндеді жиынды «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.