4.03.2019, 22:18
Қараулар: 258
Үздік спортшыларға стипендия тағайындалды

Үздік спортшыларға стипендия тағайындалды

Жуырда  облыс  әкімінің  орынбасары Ғабидолла  Оспанқұловтың  төрағалығымен спортшылар  мен  бапкерлерді  спорттық жоғары  нәтижеге  ынталандыру  мақсатында  ай сайынғы  жабдықталым  тағайындау  жөніндегі  комиссия  отырысы  өтті.

Ақшалай жабдықталым алатын спортшылар мен жаттықтырушылардың тізімі әр тоқсан сайын нақтыланып отыратындықтан, бұл жолы комиссия шешімімен 165 үздік спортшы мен 55 бапкерге және бір команда басшысына стипендия тағайындалды.

Облыстық дене шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Әсия Аманбаеваның мәлімдеуінше, Ұлттық құрама сапында 433 батысқазақстандық спортшы бар. Жазғы спорт түрлері бойынша 350 спортшы, ал қысқы спорт түрлері бойынша 83 спортшы қабылданған.

– Спортшыларды ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі өткен жылға дейін жылына 68 млн. теңгені құраса, 2018 жылдан бастап 123 млн. теңгеге ұлғайды. Азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын өтетін комиссия отырысында спортшылар мен жаттықтырушылардың тізімі спорттағы нәтижелеріне байланысты қайта қаралады. Егер үш ай ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатса, сәйкесінше стипендия мөлшері де көбейеді, – дейді Әсия Рахымқызы.

Мәселен, Рио олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионоваға ай сайын 400 мың теңге стипендия бөлінсе, самбодан әлем чемпиондары Нұрбол Серіков пен Темірлан Ихсанғалиевке тағайындалған ай сайынғы стипендия көлемі 150 мың теңге. Жасөспірімдер арасындағы жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген спортшылардың стипендиясы 30 мың теңгеден басталады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.