4.03.2019, 22:11
Қараулар: 72
Магнитті сепаратор орнатылды

Магнитті сепаратор орнатылды

Орал қаласындағы Зашаған кентінің Мұрат Мөңкеұлы көшесінде орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесіндегі құбыр желісіне жылу магистралі арқылы келетін ыстық суды арнайы сүзгімен тазалайтын сепаратор орнатылды. Пилоттық жоба «Black Powder Solutions Inc» канадалық компаниясы мен «Каз Центр ЖКХ» АҚ-ның бірлесуімен Қазақстанда тұңғыш жүзеге асуда. Бұл жабдық судың құрамынан тат пен темір оксидін тұтып қалып отырады. Бұған дейін Мұхит көшесіндегі үйде жаңа технологияның тиімділігі сыналған.

– Біздің акционерлік қоғам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында инновациялық жо-баларды жүзеге асырумен айналысады. Пилоттық жоба аясында қолданысқа енгізу қарастырылып жатқан магнитті сепаратор су құбыры желісінің тозуын баяулатып, оның жарамдылық мерзімін екі есеге дейін арттырады. «Black Powder Solutions Inc» компаниясы осы құрылғыны бірнеше үйге орнатып, қысқа мерзімге сынақтан өткізбек.

Магнитті сепараторды іске қосу өте қарапайым. Құрылғы ішіндегі магнитті білікке темірдің таты тартылып, жабысқаннан кейін оны бөлек алып, тазалап отыру оңай. Инновациялық технологияның  тиімді екені толық дәлелденсе, елімізде кеңінен қолданысқа енгізу жайы салалық министрлік деңгейінде шeшіледі. Канадалық компания әзірше Орал мен Ақтау қалаларында ғана пилоттық жобаларын жүзеге асырып жатыр, – деді «Каз  Центр ЖКХ» АҚ-ның Батыс  Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан  Мырзағалиев.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар