4.03.2019, 22:10
Қараулар: 165
Медицина қызметтері біріктірілуде

Медицина қызметтері біріктірілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті жиын 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу жұмыстарының қорытындысы және медициналық мекемелерде цифрландыру бағдарламасының енгізілуіне арналды. Оның жұмысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы БҚО филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова қатысты.

Брифингте Нұржамал Жұмағұлова медициналық сақтандыру қоры 2019 жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт бекітуді аяқтағанын айтып өтті.

– Келісімшарт бекіткен емханалар мен клиникалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайды. Осы жылдың басында әлеуетті жеткізушілер дерекқорына облыс бойынша 57 медицина ұйымы енген болатын. Оның 38-і мемлекеттік, 19-ы жекеменшік клиникалар. Яғни мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жекеменшік клиникалар өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артып отыр. Сонымен қатар барлық көрсетілетін ақылы медициналық көмектің тарифі қайта қаралды. Психикалық, наркологиялық және туберкулез ауруларына кешенді тариф енгізілді, – дейді Нұржамал  Шамғонқызы.

Оның сөзінше, облыс бойынша медициналық сақтандыру қорының филиалы биылғы қаңтар айында мемлекеттік тапсырысты алу туралы 51 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 38-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік клиникалар. Медициналық көмек көрсететін жеткізуші ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы құны 32 млрд. 959 млн. теңгені құраған.

–  «Жедел  жәрдем» қызметін  жетілдіру мақсатында облыста екі деңгейлі модель енгізілді. Бұл модель негізінде облыстық «Жедел жәрдем» стансасы мен аудандық стансалар, қалалық емханалар бір желіге біріктірілді. 36 медициналық ұйымының 33-інде бақылаушы кеңестер құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі күні 20182025 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық дамуының бірыңғай перспективалық жоспары аясында туберкулезге қарсы қызметке қарасты ауруханалар психиатриялық және наркологиялық қызметтермен біріктіріліп, төрт медициналық пункт жабылды. Облыстық кеңесші-диагностикалық орталық пен облыстық клиникалық аурухана қосылып, облыстық көпбейінді ауруханаға айналды. Енді осы жылы Ақжайық аудандық орталық ауруханасының базасында инсульт орталығын ашуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ кардиологиялық ем-шара алушыларға 160 орындық ғимарат салу, 18 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізу, 35 медициналық жабдық пен 20 санитарлық көлік сатып алу жоспарда бар, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.