4.03.2019, 21:54
Қараулар: 255
«Төрт айлық» чемпион

«Төрт айлық» чемпион

Танымал боксшы, олимпиада жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков 18 жастан бастап рингке шықса, қазір ұлттық құрама сапында жүрген, республикамыздың үш дүркін чемпионы Теміртас Жүсіпов алғаш рет бокс залына 16 жаста барған екен. Енді олардың қатарына жас жерлесіміз Даниял Сәбит қосылып отыр.

Ол былтырғы күзде Оралдағы Оқушылар және жастар сарайындағы Д. Елеусінов атындағы бокс орталығына барып, жұдырықтасудың қыр-сырын үйрене бастады. Екі-үш айдан соң аталмыш бокс орталығы тәрбиеленушілері арасында болған сайыста өзінен әлдеқайда бұрын келгендерді айқын басымдықпен жеңді. Ал 15 қаңтарда өткен жас былғары қолғап шеберлері арасындағы облыстық чемпионатта да қарсыластарын нокдаунға түсіріп, республикалық сайысқа жолдама алды.

Ел чемпионаты, таяуда, яғни 17-23 ақпанда Шымкентте өтті. 2001-2002 жылы туған жастар арасында болған сайыста 46 келі салмақта рингке шыққан Даниял Сәбит мұнда да әдемі жеңіске қолжеткізді. Төрт бірдей қарсыласын есеңгіретіп тастады. Бокстан БҚО бойынша аға жаттықтырушы Саттар Сұлтанғалиевтың айтуынша, шәкіртінің жеңімпаз атануына оның бойындағы төзімділік, өжеттілік, ақылдылық әсер еткен. «Рингке шыққан екі қарсыластың еңбекқорлығы, төзімділігі, бабы, тәжірибесі, салмағы бәрі бірдей болуы мүмкін. Тек екеуінің бірінде жеңіске деген құлшыныс зор болса, сол үздік шығады, – дейді Саттар Аманқосұлы. – Даниялдың бойында сондай құлшыныс анық байқалып тұрды. Әрі бабы да, бағы да келісті. Ол боксты жай бастаса да, өзгелерден еңбекқорлығымен, шыдамдылығымен, тәртіптілігімен ерекшеленеді. Әрі бойында салқынқанды мінезі бар. Кеше Оралға келген сәтте оған: «Шымкентке аттанғанда сені көп ешкім білген жоқ. Енді танып жатыр. Сол биіктен түспеуің керек. Ол үшін көп еңбектену қажет» – дедім. Мұны қуаныштан көзіне жас алған әкесіне де айттым. Егер осы қалпынан таймай, өзіне қояр талабын күшейтсе, Даниялдың алар асуы биік».

Айта кетейік, Даниял әкелген алтын медальдің өңіріміздегі бокс үшін орны ерекше. Себебі 2013 жылдан бері біздің жас былғары қолғап шеберлері мұндай жүлдеге қол жеткізе алмай келеді.

Төрт айдың ішінде ел чемпионы болып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған, ҚР жастар құрамасының сапына енген  Даниял Сәбит кім?

 Ол Ақжайық ауданының Алғабас ауылының тумасы екен. 2010 жылы Орал қаласына көшіп келген. Бүгінде облыс орталығындағы №4 орта мектептің 10-сыныбында оқиды.

– Әкем жас кезінде еркін күреспен айналысқан. Әкемнің айтуымен үйде түрлі жаттығулар жасап жүрдім. Бірақ ешқандай спорт үйірмесіне қатысқан емеспін. Ағам екеуміз теледидардан, интернеттен Геннадий Головкиннің айқастарын жиі қарайтынбыз. Боксқа қатыссам деп армандадым. 4-сыныпта оқып жүргенімде Саттар Сұлтанғалиев деген ағай балаларды боксқа жақсы жаттықтыратынын естіп, сыныптастарыммен бірген ол кісі жұмыс істейтін №43 мектепке іздеп бардық. Алайда Саттар ағай болмай кетіп қалдық.

Содан ол кісіні тек былтыр күзде, Оқушылар және жастар сарайындағы Д. Елеусінов атындағы бокс орталығында кездестірдім. Сол кезден бастап бокстың қыр-сырына қанығудамын. Шығыс халқында «Ұстаз шәкірт дайын болғанда шығады» деген сөз бар ғой. Боксқа кеш келуім, мүмкін осындай жағдайға байланысты шығар… Осы сәтті пайдаланып, маған сенім артып, алтын уақытын бөліп, бокстың әліпбиін оқытып, тоқытып жүргені үшін бірінші кезекте бапкерім Саттар Аманқосұлына, қашан да мені қолдап, демейтін ата-анам Ақжол мен Сәнімгүлге, ағам Ақназарға және Тайсон деген лақап аты бар командалас ағам Сағындық Молдашевқа шын жүректен алғыс білдіргім келеді, – деді редакциямызға арнайы келген жас чемпион.

Тағы бір айта кетер жайт, республикалық чемпионаттан оралған бойда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева Даниялды бапкерімен бірге қабылдап, жеңісімен құттықтап, жетістіктер тіледі. Алдағы уақытта олимп шыңын бағындыруға деген тілектестігі ретінде олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің қолтаңбасы бар су жаңа бокс қолғабын тарту етті.

Осындай үлкен құрметі әрі облысымыздағы боксшыларға деген тұрақты қолдауы үшін бокстан БҚО бойынша аға жаттықтырушы Саттар Сұлтанғалиевке, Әсия Рақымқызына және №3 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Талғат Ишекеновке өз ризашылығын жеткізді.

Сәкен    ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.