4.03.2019, 21:52
Қараулар: 169
«Әлемнің жарығы»

«Әлемнің жарығы»

Кеше осындай атаумен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық аналар форумы өтті.

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен шарада аналардың қоғамдағы рөлін насихаттау, отбасы құндылығы төңірегінде келелі әңгімелер айтылды. Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жүргізді.

– Құрметті ақ жаулықты аналар, бүгінгі форумға қош келдіңіздер! Бала тәрбиені, ең бірінші, отбасынан алады. Ата-анасынан жақсы тәлім-тәрбие алған перзенттің болашағы да жарқын болады. Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеп, төрге оздырған. Сұлулықтың символы, болашақ ана деп бағалаған. Ұлттық мәселеге де, демографиялық көрсеткіштердің артуына да аналардың қосар үлесі зор. Әке мен ананың қоғамдағы беделін арттыру үшін осындай форумдарды жиі ұйымдастыруымыз қажет. «Әкелер форумында» ер-азаматтың бала тәрбиесіне қосар үлесі айтылды. Жалпы, перзент әкеден батырлық, қайсарлық секілді қабілеттерді қабылдайды. Ал ана бала арқылы ұлтты тәрбиелейді. Құранда ананы сыйлап, қадірлеудің маңыздылығы жөнінде «Жәннат аналарыңның табанының астында» делінген. Сондықтан бәріміз аналарды құрметтейік. Жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII сиезінде Елбасы Үкіметке, облыс әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Сол тапсырмалардың 80-90 пайызы аналарды қолдауға бағытталған. Бұл болашақта өз нәтижесін беретін болады, – деді форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Бүгінде нәзікжандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар қоғамның сан саласында еңбек етіп жүр. Ананың қоғамдағы рөлі туралы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева ерекше тоқталды.

– Барша аналарды әдемі көктемнің мерекесімен құттықтаймын!

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған, Даланың әр гүлін жинадың сен маған» деп келетін жолдары бар «Ана туралы жыр» әнін студент кезімізде  алғаш шырқадық. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Ғафу Қайырбековтың бұл ортақ өнер туындысы Ана атаулыға арналған гимн іспетті. Осындай ғажайып әннің алғашқы жолдарын бүгінгі форумның тақырыбы етіп алғандарыңыз үшін үлкен рақмет! Ана болып, ұрпақ тәрбиелеу деген ең қиын, ең асыл, ең ұлы міндет-миссия. Өйткені, сен өз ұрпағыңның алдында ғана жауапты емессің, сен бүкіл адамзатқа ұрпақ қосасың, адамзаттың ертеңін тәрбиелейсің. Егер ұстаз, ана болсаң, екі есе жауаптысың.

Содан шығар, баяғы бабаларымыздың «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып, әкелсең де ақ сүтін ақтай алмайсың» дегені. Осы сөзді көп айтпаймыз. Сондықтан да шығар, қарттар үйін бала-шағасы бар қариялар, ақ жаулықты аналар паналауға мәжбүр. Елді, ұрпақты сүйіңіз. Қыздарым мен сіңлілерім, сіздерге әйел, ана бақытын тілеймін! – деді Ақұштап Бақтыгереева.

Форумда біраз көп балалы ананы облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов алғысхатпен марапаттады. Мерекелік кеш қала мектептерінің оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Клара РИЗУАНОВА,

«Алтын алқа» иегері,  ұстаз-ана:

– 34 жыл  ұстаздық еңбек өтілім бар. Еңбек жолымды туып-өскен Атырау облысында бастадым. 1984-1989 жылдары Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану және география факультетінде оқыдым. Ауған соғысының ардагері, жұбайым  Нұғманмен институтта бірге оқып, 1988 жылы шаңырақ көтердік. Өзім көп балалы үйде тәрбиелендім. Ата-енем де «Бақыт көп балалы үйге қонады» деп жиі айтып отыратын. Үлкен кісілердің сол ақыл-кеңесінің  әсері шығар, өмірге жеті перзент әкелдім. Балаларымды өсіруде ата-енемнің үлесі зор болды. Солардың арқасында мұғалімдік қызметімнен де қол үзбедім. 2001 жылы Жалпақталдан Орал қаласына қоныс аудардық. Өзім де, жұбайым да қалалық №44 мектепте  мұғалім болып еңбек етіп, балаларымыздың алды да осы мектепте оқи бастады. 2004 жылы жұбайым қайтыс болды. Сол кезде жеті баланың үлкені сегізінші сыныпта оқитын, кенжесі төрт жарым жаста болатын. Енем 80 жасқа толды. Содан балаларымды білімді де тәрбиелі етіп өсіріп, жұбайымның аманатын орындауға бел байладым. Қазір Аллаға шүкір, ұл-қыздарым  өмірден өз орындарын тауып, барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек етуде.

Бибігүл  МАҚАНОВА,

патронаттық тәрбиеші-ана:

– Мен Ақсай қаласынан келдім. Туған жерім – Ақжайық ауданы. Көп балалы отбасында өстім. Ата-анам – 10 перзент сүйген жандар. Қызмет бабымен жүріп, тұрмысқа шықпай қалдым. Сәби сүйгім келді. Бірақ кеш еді. 46 жасымда балалар үйінен ағайынды үш қызды асырап алдым. Жастары төрт-бесте болатын. Басында үйренісе алмай қиналған едім. Бірақ ана болуға деген ынтамның арқасында қиындық-кедергілерді төзіммен жеңіп шықтым. Қазір перзенттерім өмірімнің мәніне айналды. Қыздарым өте дарынды, ақылды, білімді болып өсіп келеді. Ұққаным, балалы ана ең бірінші өзін тәрбиелеуі керек екен.

Себебі, қыздарым кішкентай кезінен бастап менің сөзімді, дағдыларымды, әдетімді қайталайтынын көрдім. Жақсы ана болуға тырыстым.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.