4.03.2019, 21:51
Қараулар: 662
Жас сарбаз жарады!

Жас сарбаз жарады!

Астана қаласындағы «Айбын»  Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан Орал қаласының тұрғыны Досхан Қабдығали жауынгерлік кезекшілік пен тәуліктік нарядта көрсеткен ынта-жігері мен бастамашылықтары, жауынгерлік даярлықта жеткен жетістіктері және үлгілі әскери тәртібі үшін мақтау қағазын алған. Осынау   жақсы  жаңалықты естіген бойда  дереу Досхан жайында жазбаққа оқталып, оның ата-анасымен тілдесуге асықтық.

– Алғаш осы хабарды Досханның өзі айтқанда, шыны керек, қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады. «Әке, апа, ақпанның сегізі күні маған мақтау қағазын тапсырады. Соған келсеңіздер, жақсы болар еді» деген ұялы телефонның ар жағынан ұлымның жарқын-жарқын дауысын естігінде, тіптен толқып кеттік. Зайыбым Жанаргүл мен үлкен ұлым Дархан екеуі Астанаға  дереу жол тартты. Әрбір ата-ана үшін  перзенті қандай да бір жетістікке жетіп жатса, одан асқан бақыт жоқ қой, – дейді бізді үйінің алдынан қарсы алып, қош келдіңіз айтқан Досханның әкесі Қадіржан Құспанов.

Досхан Қабдығали 1996 жылы 20 желтоқсан күні Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында  дүниеге келген. Әкесі Қадіржан қалалық жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны болып қызмет еткен. 2018 жылдың маусым айынан бастап зейнетке шығыпты. Ал анасы Жанаргүл Мұратова бүгінде облыстық периниталды орталығында жұмыс істейді. Орал қаласындағы №45 жалпы орта білім беретін мектебінде білім алған кейіпкеріміз кішкентайынан футбол, волейбол десе, ішкен асын жерге қоятын болған. Сабақтан келе салысымен, ала доптың соңынан қуа жөнеледі екен.

— Отбасымызда екі ұлымыз бар. Үлкені Дархан, кішісі Досхан. 2002 жылы №45 жалпы орта білім беретін мектебінде қазақша даярлық тобы болмағандықтан, Досханды орыс тіліндегі топқа берген болатынбыз. Ауылда өскен бала ғой, орыс тілін білмейтін. «Мені қазақ тілінде оқытатын мектепке беріңдер. Мен қазақша оқимын» деп күнде айтатын. Даярлық тобын бітіргесін қазақша бірінші сыныпқа бердік.

Мектепті өте жақсы оқып, ерекше аттестатқа бітірді. Отан алдындағы борышын өтеуде осындай биіктен көрінгені күпті көңілімізді көкке көтерді, – деп ерекше шаттанды жас сарбаздың анасы Жанаргүл.

 Досханның  мектепте қандай оқушы болғанын білмек болып Орал қалалық №45 жалпы орта білім беретін мектебіне бардық.

– Мен Досханға 5-кластан 10-класқа дейін тарих пәнінен сабақ бердім. Ол өте жақсы оқыды. Сабақтарында үштік баға болған емес. Әрдайым мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласып, өзін жақсы жағынан көрсетті. Осы мектептен білім алған әр оқушы үлкен шыңға шығып, биік белесті бағындырып жатса, біз үшін үлкен қуаныш. Досхандай оқушыларымызды қашанда мақтан тұтамыз, – дейді аталмыш мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Анаргүл Есетова.

2014 жылы мектепті бітірген Досхан Ұлттық бірыңғай тестілеуден 117 балл жинап, өңіріміздегі іргелі оқу орындарының бірі – М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  әлеуметтану мамандығына грантпен оқуға түседі. Университеттің төртінші курсында оқып жүріп ол «Kaspi Bank» АҚ БҚО филиалының біріне менеджер болып жұмысқа тұрады. Сабағы мен жұмысын қатар алып жүріп, университетті қызыл дипломға бітірген.

– Досхан Қабдығали бізде бірнеше ай жұмыс істеді. Ол өзіне жүктелген міндетті қашанда абыроймен атқарды. Әріптестерінің ортасында да сыйлы болды. Волейбол, шағын футболды өте жақсы ойнайтын. Ол қызмет істеп жүрген кезде Тараз қаласында шағын футболдан «Kaspi Bank»-тың турнирі өткен еді. Сол доп додасына бірге бардық. Орал қаласында банктер арасында өткен турнирге де қатысып, әдемі ойын өрнегін көрсетіп, көзге түсті. «Әскерге кетейін деп жатырмын, жұмыстан шығамын» дегенде,  жасыратыны жоқ кішкене қынжылып қалдым. Өйткені Досхандай қызметкер бізге ауадай қажет. Біз әдетте жұмыстан шығып кеткен адамды қайтадан алмаймыз. Бірақ Досхан әскерден келгесін осы жерде қайтадан жұмыс істеуге ниеті болса, қуана жұмысқа қабылдаймыз, — дейді «Kaspi Bank» АҚ БҚО филиалының директоры Дмитрий Ким.

Еліміздегі маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін күзететін «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде азаматтың борышын өтеу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десек те болатын шығар. Себебі ол жерге денсаулық жағдайын былай қойғанда мінез-құлқы мен ерік-жігері тұрғысынан үздік деп танылғандар ғана алынады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.