28.02.2019, 19:00
Қараулар: 363
Кішіпейілділік

Кішіпейілділік

Соңғы жылдары мұғалімнің оқушыны ұрғаны, оқушының ұстазға қол көтергені жөнінде жағымсыз хабар жиі қылаң беретін болды. Әлеуметтік желілерде мұндай оқиғалар дүркін-дүркін талқыланып отырады. Бірі қос тарапты да кінәлай сөйлесе, бірі немқұрайлы қарайды, енді бірі  бар мәселені жастар санасының таяздығына әкеп тірейді.

Оқиғаның ізі суығанша қоғамдық талқылаулар қызу жүріп жатады. Бірақ көкейкесті мәселелер шиеленіскен күйінде қалып, көптеген сауал жауабын таппайды. Жұлдыздай жыпырлаған пікірлердің ішінде көкейге қонымдысы – түйткілдің түп төркінін танымай, яғни алдын алумен айналыспай жатып, оның салдарымен күресумен болатынымыз жайында жиі айтылатынында. Кейде ойға шомып отырып, жолымызды жазатайым болса да, кесе көлденең өткенді күстаналап, көңіліміз жылымай қоятыны жүректегі мейірім шуағының азайып кеткенінен екендігіне көз жеткізгендей күй кешесің. Жалпы жастарға саусақ нұқи көтеріп, үлкенге көрсетер сый-құрметінің азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағатындар көп-ақ. Сол кезде қайран ақкөңіл, жайдары  жүретін  ауыл  адамдары  еске  түседі.

Мектепте мұғалім болып, еңбек жолын бастаған кезім еді. Түске таяу сабағымды аяқтап, әдеттегідей үйге беттедім. Көп ұзамай алдымнан Жөргей ақсақал көрінді. Ауылдағы қадірменді қариялардың бірі еді. Көкірегі қазына қария домбыра тартып, күй тарихын шертетін,  жаны  өнерге  жақын  адам  болатын.

– Ассалаумағалейкүм! – деп лезде қолымды созып, амандасып-ақ жатырмын.

– Уағалейкүмсалам! – деді байсалды қоңыр үнімен сәлеміме қауқылдай жауап қатып. Бірден хал-жағдайымды сұрап та үлгерді. Атаның жолын кесіп өтпейін деп, өзімше ілтипат сақтап тұр едім. Қыстың кезі. Айнала аппақ қар. Қолымда қоңыр портфель. Мұғалімге ұқсаған түріме ақсақал  қоңыр  көзімен  бір  шолып  шықты  да:

– Біз – мұғалімді сыйлап, жолын кеспеуді үйреніп өскен ұрпақпыз. Кәне, сен өтіп кет! – деп саңқ ете қалды. Аузымнан будақ-будақ бу шығып тұрған қақаған қыстың күні болса да, бойымнан қара тер бұрқ етті. Азар-безер болып, өтіп кетуін күтетінімді айттым. Ақсақал ақырын ғана қарымнан ұстады да, қояр да қоймай арқа тұсыма шығып, қадамын нық басып жүре берді. Өзімді қоярға жер таппай, кінәлі адамдай сезініп қала бардым.  Бірақ ерекше таңданғанымды жасырмаймын. Жаны жәннаттық болсын, бір-ақ кесімді шешімімен бүгінде құны бес тиын болып бара жатқан мұғалім беделін бір күнде аспандатып тастағандай сезініп, сол  кезде  марқайып  қалғаным  рас.

Ауылда көрші орналасқан үйден Нәпия әжейдің кездесе кететіні тағы бар. Шүйкедей ғана кемпір құдды туған баласын көргендей айналып-толғанып тұрғаны. Және өтіп кетуіңді күтіп, келіннен бетер әдеп сақтап тұрады. Оған тағы бетім қызарып, қыздан бетер қысылып-қымтырыламын. Уақыт өте келе алшаң басып өте беретін болдық. Оның бәрі ер-азаматқа деген қазақ әйелдерінің құрметінен туындайтын ілтипат екенін жастық буымен қаперіме де ілмей кетуім мүмкін еді. Әрине, «обал, сауап, ұят болады» ұғымдарының мәніне терең үңілмей кетсем. Әдеп, иба, ар, иман жөнінде қазақ халқы ежелден терең қаузап кеткен. «Кішілік те кісілік» деп бағалайды. Ауылға бара қалсаң, әлі күнге дейін жанарына мейірім ұялап, ағайыннан бетер құшақ жайып қарсы алып, жылы ұшырай амандасатын аға буын өкілдері көп. Парасат-пайымы мен тау тұлғасы, терең ойы мен шешен тілі азаматтық болмысын ажарландыра түсетін, өзіміздей жастардың көбі ұстаз тұтатын, лауазымды қызметтің түр-түрін атқарып жүрсе де, кішіпейіл қалыбынан танбайтын, ақын, журналист, дәулескер күйші Дәулеткерей Атауұлының жасымыз бірнеше есе кіші болса да, «сіз» деп тең дәрежеде ескере сөйлеп, есті сөз айтатын, әңгіме айтсақ, байыппен құлақ түретін қарапайым мінезіне қанықпыз. «Ұлық болсаң, кішік болдың» қарапайым мысалы осы болса керек. Әрине, арыстай ағаларымыздың бәрінің мінезі жібектей есіліп тұруы шарт емес. Тек сары алтынның сынығы сынды кішіпейілдік те ілуде бір кездесетін қастерлі қасиетке айналып  кетпесе  екен  деп  тілейміз.

Тоқ етері, көбік сөзбен емес, көркем мінезбен үлгі болудың ұрпаққа деген маңызы зор. Иман айнасын, кішіпейілдік жорасын амал-қарекетімен көрсете білу – тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Көкірегі дүмбілез болмаса, саналы жас «Адам – сыйлағанның құлы» түсінігін, түптің түбінде, қайта оралар қазығы ретінде қабылдауы кәдік. Сонда ұятты ұмытып, ұстазға қол жұмсайтын, қауқары кеміген қария мен ақ жаулықты әжелерге тіл безейтін безбүйрек бозбала мен көк бет қыздар азаяр еді. Мәселенки, жүректегі иман қуатының қандай дәрежеде екенін қоғамдық орындардан күнде байқап жатамыз. Әсіресе, қоғамдық көліктерде ақсақалды ата мен ақ ұлпа орамал тартқан әжелер, аяғы ауыр келіншектер орын таппай қалып жатады. Көптің тасасында байқамай қалғандай болып, еңгезердей жігіттер қалғып-мүлгіп отырады.

Бірде орта жастағы әйел аутобусқа мінді. Аз-кем тұрып, амалы таусылған соң, қақ алдында кірпік қақпастан терезеге қарап отырған қарындастан орын беруін өтінді. Екі-үш қайталап, сабырмен айтса да, қаршадай қыз міз бақпады. Санасына сәуле түскені сол ма, қалың жұрттан қаймықты ма, біраз уақыт өткізіп барып қабағын шыта орнынан тұрып кетті. Тағы бір мысал, шағын аутобустың аялдамаға тоқтағаны сол еді. Шүйкедей ғана бір кемпір тез-тез басып ішке кірді. Смартфон қарап жайбарақат отырған бозбала мыңқ етпеді. Есесіне, әжей пысық екен.

Жас жігіттің алдына отыра кетті. «Қозғалма, белімнен ұстап отыр» деп қояды және. Бозбала сасқанынан басын шайқаған күйі атып тұрды. «Ұядан ұлағаттылық көрмеген бе?» деп өзіміз ұяттан өртене жаздадық.

Дәуірінде дәрмені кемімей, дәурені жүріп тұрса да, даңққа дандайсымаған тұлғаның бірі – қазақтың арда азаматы болған Бауыржан Момышұлы. Батыр бабамыз жұрт қатарлы бір әкімқара-ның кабинеті алдында кезекке тұрған кезі болса керек. Бауыржан Момышұлының келгені жөнінде хабар лезде жетіп, шенеунік қабылдауына бірден шақыртады. Сонда қаһарына мінген батыр, әкімқараны кезек тәртібін сақтамай, өзін қабылдағанына ренжіп, әбден сөгеді. Қарапайым жұрттың қабылдауын сарыла күтіп отырғанын айтып, жер қылады. Сөзімізді түйіндесек, қарапайымдылық пен кішіпейілділік үлкен-кішінің бәріне жарасады. Ізгі ілтипат – сансыз нығмет бастауы. Данагөй Махмұд Қашқари «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» екенін айтқанын ұмытпайық,  ағайын!

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.