28.02.2019, 18:45
Қараулар: 56
Ауырып барып, тоналып қайттым

Ауырып барып, тоналып қайттым

Мен Ақжайық ауданының Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылында тұрамын. Жасым 54-те, төрт  бала тәрбиелеп өсірген анамын. Бір үйде жұмыссыз екі ұлым, мұғалима келінім, кочегар күйеуім, екі  немереммен 7 адам тұрып жатырмыз.

Тұрмыс тапшылығы жүйкеге салмақ түсіретіні шындық. 2019 жылдың ақпан айының 4-інен 5-іне қараған түні қан қысымым көтеріліп, ауырып қалдым. Күйеуім дереу ауыл дәрігері Шынар Мұхамедиярованы шақырды.

Ауыл дәрігері келіп, алғашқы көмегін көрсетіп кетті. Көп кешікпей аяқ-қолымнан жан кетіп, ес-түссіз құлап қалыппын. Екінші рет келген ауыл дәрігері Тайпақ ауруханасынан «Жедел жәрдем» шақыртуға әрекет жасағанымен, ол жақтан ешкім телефон тұтқасын көтермеді.

Амал жоқ, мені күйеуім мен ауыл дәрігері таксимен Тайпақ ауылындағы ауруханаға алып келді. Бұл түнгі сағат 2-нің шамасы еді. Аурухана дәрігерлері ес-түссіз күйдегі мені қабылдап алып, система қойып, қолдарынан келген көмегін жасапты. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

5 ақпаннан 16 ақпанға дейін 11 күн Тайпақ ауруханасында емделіп жаттым. Осы уақыт ішінде отағасы Қуаныш Тұяқов 6 ақпаннан 11 ақпанға дейін қасымда күтуші ретінде бірге болды. Жұмыстан сұранып келгендіктен, күйеуім бір аптадан соң ауылға қайтты. Ол кезде мен де өз-өзіме келіп, жүріп-тұра бастаған едім. Мені жеке палатадан жалпы палатаға ауыстырып, сол жерде 6 күн болған соң, ауруханадан шығаратын болды.

Такси келіп үйіме жиналғанда, ауылдан аяғыма кигізіп жіберген етігімді киім қоймасынан таппай, таң-тамаша болдым. Қызым сыйлыққа әкелген біркиер жаңа қара етігімді біреу жымқырып кеткенге ұқсайды. Оның орнында түсі қара болғанымен, ескілеу бөтен етік қонышы қисайып мені “күтіп” жатыр. Дереу бұл менің етігім емес екенін айтып, өз етігімді тауып беруін талап еттім.

Таңертеңгі 9-дан кешкі 6-ға дейін етігім болмағандықтан, кете алмай, осы ауруханада отыруға мәжбүр болдым. Менің талап етуіммен полиция шақыртылып, тергеуші Талғат Төлегенов келіп, осы мәселеге байланысты арыз жаздырып алды. Сол кезде ауруханадағы «техничка» қызметіндегі әйел адамның дөрекі түрде дөң-айбат көрсетіп, ұрыс-керіс туғызғаны тағы бар.

– Сені ес-түссіз күйде көтеріп әкелген. Аяғыңа не киіп келгеніңді білмейсің! Өз аяқкиіміңді танымай отырсың! – деп бет бақтырмай шабаланғанда, онсыз да мазам болмай уайымдап отырған менің қан қысымым тағы көтеріліп кетті. Қайтадан дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді.

Кеште таксимен мені алып кетуге келген келінім Гүлнәз Сәрсенғалиева аурухана басшысы Сәбира Сүндетоваға телефон шалып, жұмыс орнына келіп, мәселені шешіп беруін сұрағанда, ол кісі: «Мен ештеңе білмеймін. Қазір жұмыс күні емес. Бірінші күні келіңіз» – деп байланысты үзіп тастапты. Мына жағдайдан ауырып тұрғанымды көріп, қан қысымымды өлшеген дәрігер:

– Мұндай қан қысыммен үйге жібере алмаймыз, қайта жатқызамыз, – деп укол салды. Осыдан кейін қан қысымым түсті. Бұл жерден кетемін деп таң атқалы бекініп отырғандықтан, қала алмадым. Онсыз да таңертеңгі таксиді етігім болмағандықтан қоя бергенмін. Кеште мені алып кетуге келген таксимен ақ қар, көк мұзда тәпішкемен үйге қайттым. Бөтен етікті кигенім жоқ.

Бір апта өткен соң тергеуші Талғат Төлегенов, жедел уәкіл Медет Саясат екеуі ауылыма келіп, куәлардан түсініктеме алды. Мен ауырып ес-түссіз жатқан кезде аяғыма етігімді кигізуге көмектескен көрші апай Әлима Үмбетова полиция әкеліп көрсеткен баяғы етікті қарап шығып, күйеуім екеуі ол етіктің менікі емес екенін растап, куәлік берді.

Мені Тайпақ ауруханасында тәртіпсіздік қана емес, ұрлық та орын алып отырғаны күйіндіреді. Ешкім еріккеннен ауырмайды. Заманның зарпынан, жағдайдың жоқтығынан, тұрмыстың тапшылығынан жүйкеге шамадан тыс салмақ түсіп, қанша азамат қалпақтай түсіп ауырып қалып жатыр. Өстіп дертіме дауа іздеп емханаға барғанда, ауру үстіне уайым жамап, тоналып қайтқаным жаныма батады. Ең сорақысы, бұл ауруханада ешкім ешнәрсеге жауап бермейді екен. Арнайы қоймадан науқастардың киімі жоғалса, ешкім жауапты емес! Сонда қалай, аурухана әскери орыннан кейінгі тәртіп жөнінен екінші орында тұруы тиіс мекеме емес пе?! Егер киім жоғалуына ешкім жауапкер болмаса, жаңа келген науқасқа бірден: «Жұрт қызығатын біркиер киіміңізді бұл жерде қалдырмаңыз, ұрланып кетуі мүмкін» деп ескертпей ме? Тіпті Құдай үйі саналатын мешіт есігінде де: «Аяқкиіміңізге абай болыңыз! Ұрланған аяқкиімге мешіт жауап бермейді» деп жазулы тұрады.

Рас, аурухана есігінде:

«Қалтаңызға бағалы заттарыңызды, ақша, телефон т. б. қалдырмаңыз» деген ескерту жазулы тұр. Бірақ қалтаға салып, жымқырып кетуге келмейтін, соқталдай «етігіңіз қолды болуы мүмкін» деген ескерту жоқ қой. Егер аурухана әкімшілігі науқастардың киімінің жоғалмауына жауапкер болмаса, «Аяқкиіміңізге абай болыңыз, қолды болуы мүмкін» деп келген бетте күйеуіме неге ескертпейді? Сол кезде күйеуім менің киімімді тастамай алып кетіп, шы-ғарар кезде ғана алып келер еді ғой. Арнайы мекеме болғандықтан, бұл жерде күзетші, қоймашы, еден жуушы секілді арнайы мамандар  жұмыс атқарады. Егер ешкім жоғалған затқа жауапкер болмаса, олар не үшін ақы алып отыр? Осының бәрі жауапкершіліктің жоқтығынан деп білемін.

Кіреберісте бақылау камерасы да орнатылған, тек жасамайтыны болмаса…

«Басына іс түскен пақырға қастық қылма,

Қайғысы көшер басыңа» деген бар.

Жұмыссыз, қамкөңіл, науқас адамның дүниесін жымқыру, болмаса әділетсіз қаралап, ғайбат сөзбен көңіліне кірбің салу ешкімге екі дүниеде абырой әпермесі анық.

«Іңгенімді қараймын деп, мінгенімнен айырылдым» демекші, мен қазір етігімнен бір хабар бола ма деп елеңдеп күтіп жүрмін. Мал сатып, қалаға барып арнайы емделу де керек еді, бірақ етігім жоқ… Енді  қайтсем екен?..

Шамшырақ    АЙТМАҒАМБЕТОВА,

Атамекен   ауылы,

Ақжайық   ауданы

P.S.  Оқырманның бұл хаты бойынша Ақжайық аудандық полиция бөлімінің басшысы Бекбол Ортаевқа хабарласып, мән-жайды білген едік. Ол аталмыш мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтты.