26.02.2019, 11:22
Қараулар: 116
«Ендігі арманым – қос немереммен қауышу»

«Ендігі арманым – қос немереммен қауышу»

(Баласы  жат  ағымға  арбалған  ананың  әңгімесі)

Белгілі  футболшы,  кезінде «Ақжайық»  футбол командасының  капитаны  болған,  жанкүйерлері  «красавчик»  деп  атаған  Айбек  Ғұбайдулиннің анасы Сара Қайырғалиевамен редакцияда  әңгімелестік.

АЙБЕК  ҚАНДАЙ  БАЛА  БОЛДЫ?

– Айбек 1988 жылы мамыр айының 19-ында Алматы қаласында жарық дүниеге көрінді. Сол жерден балабақшаға, мектепке барды. Ол бала кезінен футболға әуес болды. Допты ерекше жақсы көретін. Мектепте жүріп 1-сыныптан футболға көңілі ауды. Айбектің 10 жасында 1998 жылы елге көшіп келдік. Өзіміз – Сырым ауданындағы Қызылту ауылының тумасымыз. Біз елге келген кездер қиын жылдар еді ғой. Ауылға бармай, қаладан үй алып, тұрақтап қалдық. Айбек қаланың қақ ортасындағы №19 орта мектепте оқыды. Біз үйді басқа ауданнан алсақ та, ол сол мектепте оқи берді. Өзі іздеп жүріп футбол клубын тауып алып, жазылып, қатысып жүрді. Оны қолынан жетелеп, ешкім спортқа баулыған жоқ. Бәрі де өзінің қалауымен, ізденісімен болып жатты. Футболда біраз жетістіктерге жетті, команда капитаны болды. Айбегім ойынға шыққан сайын мен стадионда отыратынмын. Ол ақкөңіл, адал бала болды. Бала болып тентектік жасап көрмепті. Футболдың арқасында талай жерге барды. Өзінен үлкен жол сөмкесін арқалап, үйге кіріп келе жатушы еді… Шетелге де шықты. Ресейдің көп қаласын аралады. Кішкентайында басқа қалаға кетерде бапкері үйге келіп, алып кететінді. Өткен жылы Алматыда әуежайда бір топ спортшы балаларды көрдім. Әлгі жерде «Менің де ұлым сөмкесін арқалап, осылай жүретін еді…» деп көз жасыма ерік бердім. Өзімнің үш ұл, екі қызым бар. Анаға баланың бәрі бірдей ғой. Бірақ Айбегім өзгелерден бөлек еді. Төрт балам бір төбе, Айбегім (Аюхам) бір төбе еді…

ФУТБОЛИСТІҢ   МАНСАБЫ   НЕГЕ   ҚҰЛДЫРАДЫ?

2010 жылы 30 қыркүйекте Айбек пышаққа түсті. Бұл оқиғаның алдында футболистер жеті ай жалақы алмады. Сол кезде жоғары жаққа арыз жазамыз деп жүргенінде, «Команда болып, жазса ғана қосыл, жазбаса, тыныш жүр, өзіңе кесірі тиеді» деп айттым. Бірақ екі өзге ұлттың өкілімен Айбек қол қойып, арыз жазды. Осыдан кейін футбол клубына қыр-уар айыппұл салды. Екі-үш айдан соң футболистердің еңбек-ақысын берді. Ол кезде олар ең жоғары жалақы алды ғой. Алды 3 миллионның үстінде жиналып қалған ақшаларын алды. Осы жағдайдан кейін Айбектің мансабына балта шабылды. Сол 30 қыркүйекте ойыннан шығып, машинасымен мені үйге әкеліп тастады. Содан соң «Бір-екі сағат достарыммен болам, ақша түсті, өзіме 10 мың теңгесін алдым» деп ақша алатын картасы мен машинасының кілтін үстел үстіне қойып, шығып кетті. Ол айтқан уақытынан кешікпей келетін үйге. Түнімен қайта-қайта бөлмесін қараймын. Балам сол күні келмеді. Таңда «Айбек жансақтау бөлімінде жатыр, төрт жерден пышақталған, жағдайы ауыр» деген хабар алдық. Жүрегімізді қолымызға ұстап, жүгіріп ауруханаға бардық. Дариянда дәрігер болып жасайтын қайын сіңлімді шақырттым. Ол да естіген бойда жүгіріп келіп, Айбектің жанында болды. Сөйтіп балам төрт күн жан-сақтау бөлімінде жатты. Басында аппаратта жатты естүссіз. Үйде жүріп, ауруханадан хабар күтеміз. Бір күні таңғы бесте тұрып алып, үйді айналып: «Ей, Алла, балама мына жарық дүниені көрсете көр!» деп жылап тұрып тіледім.  Сол күні балам есін жиды. Дәрігерлердің рұқсатымен жансақтау бөліміне кіріп, қасында жарты сағаттай болдым. Содан ол төрт күн жансақтау бөлімінде, айдан астам уақыт ауруханада жатып шықты. Кейіннен Самараға барып емде-ліп қайтты. Жағдайы жақсарып, қайтадан футболға барды. Жазылып, қайтадан алаңға шыққанында, стадионда отырып, жылап жібердім. Жанымдағы Айбегімнің жанкүйерлері «Апа, неге жылайсыз? Балаңыз алаңға қайта шықты ғой» деп мені жұбатып жатыр. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Ол футболдан алыстатыла бастады. Алматыға барып, келісімшартқа қол қойып, орналасып тұрған жерінен оны ол командаға алғызбай тастады. Одан шағын футболда ойнады. Ол да үйлеспеді. «Доптан басқа жұмыс қарасаңшы. Қашанғы доп тебесің?» десем, «Мама, аяғым жүрмей қалғанша доп тебемін» дейтін. Есіл-дерті доп болды. Бірақ ол бұйырмады. Баламды рухани тұрғыдан сындырған кімдер екендігін аналық жүрегім анық сезеді. Олар да Алладан өз жазасын алып жатыр ғой. Егер оның футболда жолы кесілмегенде, мұндай жағдайға ұшырамас еді…

ОЙЫНШЫНЫ   ЖАРАҚАТТАҒАН   КІМДЕР?

30 қыркүйек күні кафеде Айбек бір қыз баланы байқамай қағып кеткен. Төбелес содан басталған. Әлгі жігіттер «Бұл қоғамдық орын, сыртқа шығайық» деп сыртта төбелескен ғой. Балам ауруханада жатқанында, палатаға шыққан күні бір ер адам мен әйел адам келді. Олар: «Айбекке қандай көмек керек? Шатақтың ішінде біздің баламыз да болған екен. Жағдайы қалай?» деп сұрады. Мен «Айбекке Құдайдан басқа ешкім көмектесе алмайды. Бірнеше күннен бері жылап-еңіреп, өзім де көмектесе алмай тұрмын» деп палатаның есігін жауып алдым. Сонда балам: «Әлгі кісі кімдер? Ер адам маған пышақ салған балаға ұқсайды екен» деді. Айбектің қасында мен түнімен отырамын. Күндіз жеңгесі отырып жүрді. Сонда ылғи пышақ салған жігіттің апасы жылап келеді екен. Маған үйге де келді жылап-еңіреп. «Жүгіріп жүрген баламды мүгедек қылдыңдар. Кешіре алмаймын» деп кесіп айттым. Бір күні Айбегім: «Мама, мен қазір ауырып қалғанда сен қалай қиналып жүрсің?

Бір күн тыныш ұйықтаған жоқсың. Ол да сіздей ана ғой. Баласының осылай жасағаны үшін ата-анасы кінәлі емес. Жазасын Құдай берер, мен арыз жазбайтын болдым», – деді.

Айбекке пышақ салған бала өздері үйде екі ұл екен. Оның біреуі түрмеде. Енді екінші ұлдары да түрмеге түссе, қиын болады деп ойлаған шығар. Әйтеуір, бәрін Аллаға тапсырып, бұл іс жабылды.

ОЛ   ҚАЛАЙ   ӨЗГЕРЕ   БАСТАДЫ?

Оның бала күнінен бірге өскен Азат деген досы болды. Ол кішкентайынан намаз оқитын. Сол ауруханада жатқанында, арасында бізді үйге жіберіп, Айбектің қасында қалатын еді. Азат Айбектің дін жолына түсуіне әсер етті. Ауруханадан шыққан соң «Намаз оқимын. Алланың қалауымен аман қалдым. Енді сол жолда құлшылық жасаймын» дегенінде, үзілді-кесілді қарсы болдым. «Намаз оқу ойыншық емес. Оны қаза қылмауың керек. Сен ылғи жолда жүресің. Бұл үлкен жауапкершілік» деп оқытпадым. Бұл 2010 жыл еді. Арада үш жыл өткен соң, 2013 жылы сырттан келсем, үйде қыздарым «Айбек Азатпен бірге намаз оқуда» деп жылап отыр. Осылай ол өзгере бастады. Мединститутта оқитын керемет қызбен көңіл жарастырып жүр еді. Арасында «Мама, маған Айнұрдың мамасы ол жалғыз, қасында бол» деп айтты деп жүретін. Мен болсам «Айнұрдың мамасы қызық екен, қойды қасқырға бақтырып» деп әзілдеймін. Бәрі жақсы болатын. Аяқ астынан бәрі өзгеріп шыға келді. 2013 жылы ешкімге айтпастан қара жамылып, бүркенген қызды әкелді. Той жасаған жоқ. Сонда да болмай, қазақтың жөн-жоралғысымен ет жақындарымды ертіп барып, қыздың ата-анасының алдынан өттім. Бір үйдің төрт қызы бірдей жат ағымға түсіп кеткен ғой. Солардың ең кішісіне Айбек үйленді. Екі балалы болды. Үйленгеннен кейін ол ата-енесімен тұрды, одан пәтер жалдап кетті. Бізбен бірге тұрған жоқ. Әйелімен екеуі үйге келгенде: «Сендер дұрыс жолда жүрген жоқсыңдар. Бұл ата-бабамыздың жолы емес. Сендер адасып жүрсіңдер» деп айтып жүрдім. Сонда екеуі де маған қарсы шықпайды, үндемей, жай ғана тыңдап отырады. Айбек 2014 жылдың 18 мамырында «Мен Ақтауға жұмысқа кетіп бара жатырмын» деп үйге соқты. Екеуміз ас үйде шай іштік. Үйде үлкен ұлым бар еді. Соған «Маманы ренжіт-пеңдер, ауырып қалмасын» деп қайта-қайта айтып, мені тапсырыпты. Бір емес, бірнеше рет айта бергесін: «Соғысқа бара жатсың ба? Неге айта бересің» дегенінде, үндемепті. Бұл менің Айбегімді соңғы көруім екен. Ертеңіне туған күнінде құттықтайын деп ұялы телефонына хабарлассам, оны үйге тастап кеткен. Содан Ақтаудағы үй телефонына хабарласып, «Қандай жұмыс жасап жүрсің?» дегенімде, «Қағазбен жұмыс» деді. Сол жылы 8 шілде күні «Мама, мен Түркиядамын» деп хабарласты. «Онда не жоғалттың?» дегенімде, «Солай жасау керек болды» деп жауап берді. Содан кейін Айбекпен телефон арқылы хабарласып тұрдық. Ол «Аяқ киім өндіретін фабрикада жұмыс жасап жүрмін» деп айтып жүрді. Біраз уақыттан соң кішкентай ұлы мен қызын алып, әйелі «Айбектің соңынан барамын» деді. Төрт рет шекарадан өте алмады. Бірінде Стамбулдан ұшақтан түскен бойда елге кері қайтарып жіберді. Сонда да болмай, бесіншісінде қасына барыпты. Шекарадан қалай өтті, білмеймін. Табандылықтары күшті енді. 2015 жылдың 2 қазанында ұлыммен сөйлестім. Сонда ол: «Мама, отбасым қасыма келіп, жан-жағым толып, көңілім жайланып қалды. Қызым өзімнен аумайды, балам әкеме тартқан» деп біраз әңгіме айтты. Бұл Айбегіммен соңғы тілдесуім екен. Алтыншы қазан күні қаралы хабар алдым. Келін ата-анасына: «Айбек қаза болды. Біз оны жерлеп келдік» деп хабарласыпты.  Кейіннен келінмен хабарласып: «Саған Айбектің әлдебір затын әкеліп берді ме? Өзің оның сүйегін көрдің бе?» деп сұрағанымда, «Көрген жоқпын, ештеңе әкеліп берген жоқ» деп жауап берді. Оның өлгенін көрген кісі жоқ. Дегенмен «өлді» деп хабар келді ғой, қайдан білейін?..

АЙБЕГІМ   ҮЙГЕ   КІРІП   КЕЛЕТІН   СИЯҚТЫ…

Ұлымның жансыз денесін көзіммен көріп, қолыммен ұстамағасын үміттенемін. Біртүрлі, бір күні Айбегім үйге кіріп келетін сияқты… Жақында ол түсіме енді. Үйде қонақ бар екен деймін. Солардың ішінде Айбегім жүр. Мен жармасып құшақтаймын. Балам да жылап жатыр, мен де жылап жатыр екенмін. Өз дауысымнан өзім шошып ояндым. Құдайдан «Айбегім келіп, құшағыма қысып тұрып, мауқымды басып, сол жерде жаным шығып кетсе де ризамын» деп тілеймін.  Ешбір ана өз баласын жамандыққа қимайды ғой.

Бірде Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері шақырды. Үлкен ұлыммен бардым. Екеумізді жеке қабылдады. Компьютермен әлдебір суреттерді көрсетіп: «Міне, балаңыз, Сирияда соғысып жатыр» деді. «Мен бұған сенбеймін» деп шығып кеттім. Қазақтың басынан қаншама нәубет өтті. Бұл да біздің басымызға төнген нәубет болды. Жалғыз менің балам емес, талай ана зарлап қалды ғой. Осы баланың қайғысы мені тұралатып тастады. Айбегім туралы әңгімелегенде, жүрегім қан жылайды.

Адам баласының бәрінде де қайғы-қасірет бар ғой. Біреудің анасы, біреудің әкесі, біреудің ағасы өмірден өтіп жатады. Оның қайғысы бір бөлек. Анаға баланың қайғысы көрге өзімен бірге кететін қасірет екен.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар