25.02.2019, 21:38
Қараулар: 72
Кәсіпкер пәтер сыйлады

Кәсіпкер пәтер сыйлады

«Мейірімді көктем» жобасы ауқымында оралдық кәсіпкер көп балалы анаға пәтер сыйлады. Жомарт жүрек демеуші – «Қазхолл» ЖШС-ның құрылтайшысы Тимур Әмин.

Оның айтуынша, аталған  компания 2006 жылдан бері Орал қаласында құрылыс  жұмысымен  айналысады.

Жақында Құрманғазы көшесі, 198-мекенжайы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылған көп қабатты үйді пайдалануға берді. Облыс әкімдігі ұсынысын қабыл алған кәсіпкер осы үйден Манар Бүркітоваға үш бөлмелі пәтер сыйлауға  бел  буыпты.

– Жеті баланы бағып отырған отбасыға беріліп жатқан үш бөлмелі пәтердің аумағы – 90 шаршы метр. Газ, су, электр жүйесімен толық қамтылды. Одан бөлек асүйі бар, – деді Тимур Әмин «Алтын алқа» иесі Манар Бүркітоваға  пәтер  кілтін  табыстаған  соң.

Манар Кеңесқызы 16 жылдан бері Орал қаласында пәтер жалдап келген. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеуде. Олардың алтауы №46 мектепте оқиды екен. Кенжесі үш жаста. Үш жыл бұрын үй кезегіне тіркелген. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, көп балалы ана ІІ топтағы мүгедек санатына жататын қызының күтімімен отыр. Отбасында жолдасы Ержан Бүркітов қана жұмыс істеп, нәпақа  табады.

– Қуаныштың әсерінен өң мен түс аралығында тұрғандай күй кешудемін.

Қазақ елінің болашағы ретінде  есептелетін балаларымды адал азамат етіп тәрбиелеуге уәде беремін. Шарапаты тиер деп «Алтын алқамды» сақтап жүр едім. Ауыртпалық артында игілік бар екен. Жомарт жүрек азамат бақытты болсын! – деді көзіне жас алған Манар Бүркітова.

«Қазхолл» ЖШС-ның құрылтайшысы Тимур Әмин бұған дейін де қайырымдылық істермен айналысқан. Бірнеше спортшыға тегін  пәтер  алуға  демеушілік  жасаған.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

Орал   қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар