25.02.2019, 21:18
Қараулар: 493
180 мектеп асханасында санитарлық ереже талаптары сақталмаған

180 мектеп асханасында санитарлық ереже талаптары сақталмаған

Денсаулықты нығайтудың негізгі себептерінің бірі бұл дұрыс тамақтану екендігі баршаға мәлім. Сол себепті мектеп оқушыларының толыққанды ыстық тамағын ұйымдастыру қазіргі заманғы ғылыми ұстанымдарға негізделіп, мектеп асханасының дастарқан мәзірі құрамында жас ағзаға аса қажет дәрумендер жеткілікті дәм-тағамнан түзілуі шарт.

Қазақ тағамтану академиясының мәліметіне қарағанда, елімізде 14 жасқа дейінгі әр бесінші бала артық салмақ, яки семіздіктен зардап шегеді екен.

Семіздіктің кесірінен жүрекқан тамырлары дерті, 2 типті қант диабеті мен тірек-қимыл аппаратына қатысты ауру-сырқау түрлері өршитіндігін ескерсек, мектеп оқушыларының уақтылы әрі сапалы тамақтануының мән-маңызы айшықтала түседі. Өкінішке қарай, кейбір білім ошақтарының ас мәзірі бала денсаулығына өте қажет құнарлы тағам түрлерін қамтымайды.

Бүгінгі күні мектептер оқушыларды ыстық және буфеттік тамақпен қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы құрылымдар (органдар) 1-4-сынып оқушыларын, сонымен қатар табыс-кірісі аз отбасылардың ұл-қыздарын мектептерде бір мезгіл ақысыз тамақпен қамтуда. Мұндай игілік барлық бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы балаларының 99,1%-ын қамтиды. Мектеп асханаларында дәм-тағам әзірленгенде, бала ағзасының азықтық-физикалық қажеттілігінен гөрі тамақ түрлерінің нарықтық бағасы басты факторға айналатындығы белгілі. Осындай үстірт көзқарастың салдарынан өсіп-жетілу барысындағы бала ағзасына қажет ет, сүт, сары май, балық, жұмыртқа, ірімшік секілді құнарлы тамақ түрлерін мектеп асханасының дастарқан мәзірінен аз мөлшерде көресіз.

Өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететін факторлардың бірі дұрыс және қауіпсіз тамақтану мәселесі әрдайым өзекті. Осыған орай мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттарды әзірлеу қажеттілігі туындауда. Ұлттық салауатты тағамтану орталығы жыл маусымдарына сәйкес мектептегі тамақтанудың төрт апталық ас мәзірін әзірледі. Ас мәзірінде оқушылардың мектепте болу ұзақтығы, олардың жас шамасы, тағам рационына дәруменді-минералдық кешенмен байытылған тағам өнімдерін енгізу қажеттігі қарастырылған. Осы орайда облыстық білім басқармасы мен қоғамдық денсаулық сақтау департаменті оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттарды енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.

Батыс Қазақстан облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 2018 жылы 229 мектеп асханасына тексеру жүргізді. Нәтижесінде 180 мектеп асханасында, яғни тексерілген асхана атаулының 78 пайызында санитарлық ереже талаптарының сақталмағаны анықталды. Осы асханалардың бірқатарының жұмысын жүргізу кәсіпкерлік нысандарына сеніп тапсырылған.

Тексерістердің нәтижесінде Орал қаласындағы №28, 33 мектептердің асханасы мен  А. Қапанов атындағы халықаралық гимназия асханасында балаларға берілген бірқатар тағамдардың құрамында ішек таяқшалары тобындағы бактериялардың бар екендігі анықталды. Ал Ақжайық ауданындағы Жайық, Есенсай мектептері мен Бөрлі ауданындағы №5 мектеп асханаларында, сондай-ақ Бәйтерек ауданына қарасты Щапов, Өркен ауылдарындағы мектеп асханаларында балаларға берілген тамақтың бекітілген ас мәзіріне сәйкес келмейтіндігі мәлім болды. Осындай ағаттық Ақжайық ауданындағы Болдырев мектебінің асханасы, Бәйтерек ауданы Дариян, Садовый ауыл мектептерінің асханаларына да тән болып шықты. Бұған қоса Ақжайық ауданындағы Алмалы,  Бәйтерек ауданындағы Новенький мектептерінде тамақ өнімдерін сақтау талаптарының орындалмайтындығы анықталды. Біраз білім ошақтарының асханаларында қолданылатын дезинфекциялық ерітінділердің қажетті концентрацияға сәйкес келмеуі, вентиляция жүйелерінің тиімсіз жұмыс жасауы секілді кемшіліктерге де жол берілген. Барлық анықталған кемшілікті жоюға санитарлық ұйғарымдар беріліп, жауапты тұлғаларға жалпы мөлшері 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Күні бүгінге әшкереленген кемшіліктер жойылды. Енді ондай кемшіліктер орын алмауы үшін оқу-үйрету семинарлары өткізілмек. Ретті жерінде айта кетелік, тексерулер барысында зертханалық зерттеулер «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының көмегімен жүргізілді.

Жансая   ХАМЗИНА,

БҚО   қоғамдық  денсаулық сақтау департаментінің  баспасөз хатшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.