25.02.2019, 21:13
Қараулар: 68
Банк жастарды жұмысқа шақырады

Банк жастарды жұмысқа шақырады

Орал қаласындағы С. Датов көшесі, 28-үй (4-шағынаудан)   мекенжайында  «Тұрғынүйқұрылысжинақ  банкі» АҚ-ның облыстағы ең үлкен бөлімшесі ашылды.

– Филиал қызмет ете бастағалы он мыңнан астам батысқазақстандық отбасы үй алды. Өткен жылы екі мыңға жуық шаңырақ баспаналы болды. Жаңа ғимарат халықтың қуанышына ортақтасарына сенім  мол, – деді  салтанатты шарада облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев.

Банк клиенттерінің игілігі үшін  жаңа ғимаратта бірнеше жоба қолға алынуда. «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ БҚОФ-ның директоры Диас Рахымхан бейне кеңес алу, яғни онлайн байланысу кабинетімен таныстырды. Алматы қаласында ғана жұмыс істеп жатқан бұл пилоттық жобаны еліміздегі аймақтар арасында Батыс Қазақстан  облысы бірінші болып қолға алған. Банкте кезек көп күтіп қалған  клиентке  Алматы қаласындағы байланыс орталығының мамандары осы жерде онлайн түрде кеңес беретін болады.  Одан басқа банк клиентінің үйінде отырып hcsbk.kz сайты арқылы онлайн кеңес алуына мүмкіндігі бар. Мұндағы  тағы  бір пилоттық жоба шеңберінде кредиттік өтінішті қабылдау және  төлем қабілетін растау уақыты үш есе азайған. Бұрын бұл құжаттар 104 минут қабылданған болса,  енді қабылдау уақыты 38 минутқа дейін қысқарған. Пилоттық жоба толық қолданысқа енген сәтте, банк клиенттерден кейбір құжаттарды сұрамайтын болады.

– Наурыздың  1-інен бастап Жастар жылына орай «Жас маман» акциясы басталмақ. Өңірдің 18-35 жас аралығындағы белсенді жандардың мобильді кеңесші ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Жұмыс сапасына қарай жоғары жалақы төленеді. Оларға қойылар талап банк салымшысы болулары керек. Облыс бойынша осындай 75 мобильді кеңесші жұмыс істемек. Жастар  тұрғындарға банк мамандары ретінде кеңес береді, – дейді Дияс Ерланұлы.

Банк филиалына балаларымен келетін клиенттерге арналған балалар ойын алаңы да жасақталуда. Сондай-ақ мұндағы тың жоба – «Өз пәтеріңді таңда!»  мотивациялық картасы пәтер таңдауға мүмкіндік берсе, телеграмм жүйесінен ашылған «Қуаныш» чатбот  арқылы есепшот жөнінде мәлімет алуға болады.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар