25.02.2019, 21:01
Қараулар: 182
Тасқалада эвакоқосындар жасақталды

Тасқалада эвакоқосындар жасақталды

Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болды. Биылғы қалың түскен қардың салдарынан бұл аудан көктемде су тасқыны болуы мүмкін аймақтар қатарына кірген болатын.

Ауданда көктемгі еріген қар суынан келетін келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ауылдың кіреберісінен ұзындығы 800 метр канал қазылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар Шамов каналын, қар суы өтетін тасжол бойындағы сақиналарды қардан тазарту жұмыстары атқарылуда. Аудан орталығындағы Ә. Молдағұлова, М. Мерәліұлы, Қ. Мұңайтпасов көшелерін қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Егер су тасқыны бола қалған жағдайда ауыл тұрғындарын баспанамен, ыстық тамақпен қамту мақсатында Тасқала ауданында үш жерден эвакуациялық қосындар  жасақталған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, биылғы жылғы қардың мол түсуіне орай облыс орталығымен қатар Тасқала, Бәйтерек, Қазталов аудандарында су тасқынының қаупі бар.

Кейбір аудандардағы қардың қалыңдығы қалыпты мөлшерден 3 есе, яғни 60 сантиметрдан асуда.

Ауа райын болжаушы мекеменің мәліметінше, алдағы аптада қар жауып, бұрқасын болады. Төтеншеліктер Жайық, Шаған, Деркөл секілді өзен-көлдердегі мұз кептелісі орын алып, арнасынан тасуының алдын алу мақсатында мұз қабатын кесу жұмыстарын бастаған.

– Су тасқынының алдын алу мақсатында біздің тарапымыздан барлық шара алынуда. Суға кету қаупі бар қала мен ауылдағы үйлердің тұрғындары өз аулаларындағы қарларды шығарып, үй төбелерін тазартса екен дейміз. Себебі шатырлардағы қарлардың қалыңдауынан үй төбелерінің опырылуы жиілеп отыр, – дейді Ж. Жұмашев.

Аудандағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен танысқан өңір басшысы жұмыс қарқынын арттыруды, қар тазалауға қосымша жеке кәсіпкерлердің техникаларын жұмылдыру керектігін айтты. Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы су тасқынына байланысты жұмыстарға барлық ауыл түрғындарын, мекеме-кәсіпорын қызметкерлерін, жастар жасақтары мен еріктілер тобын жұмылдыруды тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы Тасқала ауданы орталығынан «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Әрқайсысы 36 пәтерден тұратын қос үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Үш қабатты әр үйде 12 бір бөлмелі, 24 екі бөлмелі пәтерлер орналаспақ. Аталған үйдің құрылысын «Альтаир» ЖШС жүргізуде. Жобалық құны 831 млн. теңге болатын көп қабатты тұрғын үй кезекте тұрған аудан тұрғындарына жалдамалы пәтер ретінде табысталмақ. Құрылыс жұмыстарына 50 жұмысшы тартылған болса, соның  16-сы – аудан  тұрғындары.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Тасқала  ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.