25.02.2019, 20:52
Қараулар: 287
13 оқушы университет грантын иеленді

13 оқушы университет грантын иеленді

Жәңгір  хан  атындағы  Батыс  Қазақстан аграрлық-техникалық  университеті  биылғы  Жастар  жылында жастарды қолдауға  бағытталған  шаралардың ауқымын  кеңейтуде.  Облыс  мектептерінің  11-сынып оқушылары  арасында  ұйымдастырылған  «Білімді ұрпақ – ел болашағы»  облыстық  зият-керлік  байқауының  13  жеңімпазына  университетте  төрт  жыл  тегін  оқуға  мүмкіндік  беретін  оқу  гранттары табысталды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен облыстық білім басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Білімді ұрпақ – ел болашағы» облыстық зияткерлік байқауында облыс мектептерінің барлық 11-сынып оқушылары бақ сынады. Байқаудың мақсаты – жастардың интеллектуалды, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру және шыңдау, білімді және дарынды жастардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашу, өндіріс орындарымен таныстыру арқылы болашақ мамандықтарына қызығушылығын ояту.

Қос кезеңнен тұратын байқау барысында қатысушылар қазақ және орыс тілдерінде «Туған жер – тұнған тарих», «Полиглот», «ХХІ ғасырдағы химия»  тақырыбындағы зияткерлік ойындарында,  «Цифрлық  Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы «DigitalArt-2019» сайысында, «Бизнеске алғашқы қадам» ғылыми жобалар байқауында білім жарыстырды. Әр мектептен тек бір топтан қатысуға рұқсат берілді. Сәйкесінше, тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, информатика, экономика және химия бағыттары бойынша үздік шыққан топтар іріктеліп, байқаудың екінші, яғни шешуші кезеңіне жолдама алды.

Ал өткен сенбі күні аталмыш ЖОО-да өткен қорытынды сайыста ең білімді, ең дарынды және ең талапты 150 оқушы бақ сынады. Үздік шыққан 13 оқушы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өздері қалаған мамандықта білім алу мүмкіндігіне ие болды. Жеңімпаздарға оқу гранттарын Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова табыстады.

– Зияткерлік байқауға «ХХІ ғасырдағы химия» бағыты бойынша қатыстым. Ғылыми жобамның тақырыбы – «Тұрмыстағы синтетикалық жуғыш ұнтақтардың адам ағзасына әсері». Университеттің оқу грантына ие болғаныма өте қуаныштымын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мектеп бітірген соң құжаттарымды «Машина жасау» факультетіне тапсырмақпын, – дейді Орал қаласындағы №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Әзімбаев.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.