25.02.2019, 20:51
Қараулар: 204
Ескі көпір толықтай бұзылды

Ескі көпір толықтай бұзылды

Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы «Омега» көлік өткелін қайта салу жұмыстарының қарқынымен танысты.

Бүгінде көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қараша айында басталған ескі көпірді бұзу жұмыстары толықтай аяқталған. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Ка-Строй ЛТД» ЖШС-ның жұмысшылары құрылыс алаңына бұрғылау машиналарын әкеліп, көпір бағандарын қазу, бағандардың қаңқаларын әзірлеу жұмыстарымен айналысуда. Көлік өткелінің толықтай аяқталуы 2021 жылдың тамыз айына жоспарланғанымен, мердігер компания құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.

Өңір басшысы ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, жұмысты уақтылы және сапалы атқаруды тапсырды.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа көпір екi есеге кеңейiп, ені 21 метр, ұзындығы 988 метр, ал тротуардың ені 1,5 метрді құрайтын болады. Сондай-ақ 4 жолақты көлік  қозғалысына  есептелген.

Содан соң әкім облыс орталығының бірқатар шағынаудандарында болып, қалың түскен қарды қала сыртына шығару, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының жайымен танысты. Мәселен, Сарытау шағынауданында қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, биіктегі қар суының ауыл ішіне кірмеуі үшін айналма каналдар қазылып, қардан тазартылуда. Сонымен қатар қар көп жиналған көшелер де назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Шағынауданды аралап көрген облыс әкімі құзырлы мекеме басшыларына уақытты тиімді пайдаланып, қар шығару жұмыстарының қарқынын арттыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы тұрғындармен жолығып, көктемгі еріген қар суынан келетін келеңсіздіктерді болдырмау үшін әр адам өз ауласын қардан тазарту керектігін ескертті.

Шаһардағы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында тәулік бойы коммуналдық мекеменің 300-ге жуық арнаулы техникасы мен 450 жұмысшысы еңбек етуде. Қаланың барлық аумағындағы қар шығару шарасы белгіленген жоспарға сай жүргізілуде. Осы уақытқа дейін қала сыртына тасымалданған қардың жалпы көлемі 680 мың текше метрге жеткен.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.