25.02.2019, 20:50
Қараулар: 91
Ыстық тамақпен қамтуда түйткіл көп

Ыстық тамақпен қамтуда түйткіл көп

Өткен  аптаның соңында облыстық  әкімдікте өңір басшысы Алтай  Көлгіновтің  төрағалығымен  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  мәселелері  бойынша аймақтық  комиссияның  отырысы  өтті.

Жиынның күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған тың жобалар мен ұсыныстар, мемлекеттік сатып алулар өткізу кезіндегі заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.

– Халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін әрбір лауазым иесі сыбайлас жемқорлықты болдырмауға міндетті.

Жемқорлықтың алдын алатын тың жобалар мен жаңа әдіс-тәсілдер жасақталуы қажет. Тұрғындардан жұмысқа орналастыру барысында талап етілетін №086у, 083 нысандағы анықтамалары талап етілген жеріне электронды түрде жолдануын іске асыру керек. Электронды техниканың дамыған заманында адам емханаларды жағалап, уақыты мен қаражатын текке жоймауы қажет. Жыл өткен сайын еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейіп, халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары дамыған елдердің санатына жетуі үшін де «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Біздің өңірде де сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін адами факторды барынша азайтып, цифрландыру саласын дамыта түсуіміз керек, – деді Алтай Сейдірұлы.

Өңір басшысы сонымен қатар мектептер мен балабақшалардағы балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесінде түйткіл көп екендігін айтты. Бастауыш сынып оқушылары және аз қамтылған отбасының балаларына тамақ жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен берілетіндіктен, пайда табуды көздеген кәсіпкерлер өздеріне жүктелген жұмыстың жауапкершілігін сезінуі және мектеп басшылығы мен ата-аналардың қатаң қадағалауында болуы керектігін айтты. Сонымен қатар қала және аудан әкімдеріне бір айдың ішінде балаларды ыстық тамақпен қамту жүйесін түпкілікті өзгертуге бағытталған ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Комиссия отырысында аталған бағыттағы мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы, мемқызмет көрсету саласын қоғамдық бақылау, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру жайы да талқыланды.

Нұрбек  ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар