25.02.2019, 20:46
Қараулар: 76
«AQJAIYQ SKI RACE – 2019»

«AQJAIYQ SKI RACE – 2019»

Сенбі күні  Орал қаласындағы Омега айналма жолы аумағындағы «этноауыл» алаңында «AQJAIYQ SKI RACE – 2019» көпшілік шаңғымен жүгіру өтті.

Елбасының тапсырмасына орай 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданатын халық санын 30 пайызға арттыруды, қысқы спорт түрлерін дамытуды, салауатты өмір салтын насихаттауды  мақсат еткен шараға 1000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтары  қатысты.

Өңіріміздегі жастардың ерекше белсенді екендігін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бұл бастама Жастар жылына орай жалғасын тауып,  түрлі спорттық шаралар өтетіндігін тілге тиек етті.

Көпшілік шаңғымен жүгіруге қатысқан қала  тұрғындары мен қонақтарының  қарасы көп болды. Олардың арасында шашын қырау шалған қариялар да, 5-6 жастағы балалар да бар. Көпшілік шаңғымен жүгіруге қатысушылар үшін бір айналым, яғни 2,5 шақырым – қола шаңғы жолы, 5 шақырым – күміс шаңғы жолы, 7,5 шақырым – алтын шаңғы жолы айналымдары болып белгіленді. Әр айналым сайын қатысушылардың қызығушылығы оянып, алтын шаңғы жолын, яғни 7,5 шақырымды бағындыруға ниет танытқандардың қатары басым болды.

Қатысушылардың барлығы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ «AQJAIYQ SKI RACE – 2019» көпшілік шаңғымен жүгірудің ең жас қатысушысы Жанарыс Жасұланұлы, «Белсенді волонтер» Дулат Жүсіпқалиев, «Үздік ұйымдастырушы» Тұрарбек Алтынбекұлы, «Шаңғымен жүгірудің ақсақалы» Какиден  Ұлықпанұлы   ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтарға ие болды.

Жанарыс  НҰРЛЫБЕК,

жас  қатысушы:

– Менің жасым 5-те. Шаңғы тепкенді жақсы көремін. Өз шаңғым бар. Әр демалыс сайын әкем, ағам  үшеуміз шаңғы тебеміз. Көпшілік шаңғымен жүгіруге бірінші рет қатыстым. Қатты ұнады.

Қайрат БЕРСЕБАЕВ,

қала тұрғыны:

– Бүгінгі көпшілік шаңғымен жүгіру жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар өте көп болды. Қала тұрғындарының салауатты өмір сүруге ұмтылып, денсаулыққа көңіл  бөле бастағаны мені қуантып тұр. 4-5 жасар бүлдіршін, 70-тен асқан қарияларға дейін қатысқан спорттық шараның тәрбиелік мәні зор болды. Осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса,  жақсы болар еді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.