22.02.2019, 10:58
Қараулар: 77
«Мейірімді көктемде» мейірімімізді төгейік!

«Мейірімді көктемде» мейірімімізді төгейік!

Облысымызда  көп  балалы  отбасылар  мен  мүмкіндігі  шектеулі  жандарға  және  әлеуеті әлсіз топтарға  көмек  беру  мақсатында «Мейірімді көктем»  атты  акция  бастау  алды.

Осыған орай дүйсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және кәсіпкерлер қатысты.

 – Облыс басшысы жариялаған «Мейірімді көктем» акциясының негізгі мақсаты көмекке мұқтаж жандарға барынша қамқорлық көрсетіп, қолұшын беру болып табылады. Жүрегінде жылуы бар әрбір адам мүмкіндігінше айналасындағы көмекке зәру дос-жарандарына, көршісіне  көмегін тигізуі тиіс. Осы игі бастаманы барлығымыз атсалысып жүзеге асырайық. Тек материалдық көмекпен емес, моральдық жағынан да қолдау білдіру қажет. Мысалы, бір кәсіпорында көп балалы ана жұмыс істейтін болса,  сол кәсіпорынның басшысы ананың балаларына барып, қарап тұруына мүмкіндік беріп, жұмыстан босатса, оның өзі үлкен көмек. Ұжымның ішінде де «Сіз анасыз ғой, кішкене демалып алыңыз, жұмысты біз істей тұрамыз» деп жылы сөзін айтса, қандай жақсы! Жұмыс берушілердің аналарға дәл осылай қарым-қатынас жасап, түнгі кезекке аналарды қоймаса, жақсы болар еді. Осыларды біз қолға алуымыз керек. Барлығымыз бауырмалдықтың, жанашырлықтың бар екенін көрсетіп, қоғам болып атсалыссақ, бірде-бір адам жалғыз қалмайды, – деген  облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов әрдайым жанашырлық танытып жүрген «Автокомбинат» ЖШС-ның басшысы, кәсіпкер Валерий Голоуховқа  «Жомарт  жан»  медалін  табыс  етті.

 Қайырымдылыққа орай әр айға «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар» сынды атаулар берілген. Бұған қоса «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік терезе жобасын қолға алған. Әр ауданда жұмыс топтары құрылып, олар мониторинг жүргізіп, көмекке зәру отбасылардың тізімін жасайды.

– Қоғамдық қабылдауға тұрмыстық жағдайымен келген отбасыларға сол жерде жедел көмек көрсетіледі. Ол жерде барлық саланың мамандары отырады.  Мұқтажын айтып келген адамның мәселесін дереу шешуге тырысамыз. Егер материалдық көмек қажет болса, оны белсенді кәсіпкерлердің көмегімен шешеміз, – дейді «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен.

Жиында сондай-ақ іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталмыш акцияға атсалысу туралы үндеу қабылданды.

Есенжол    ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар