22.02.2019, 10:56
Қараулар: 297
Биіктігі 8 метрден асатын аққала

Биіктігі 8 метрден асатын аққала

Федоров ауылының тұрғыны Ерлан Рысқалиев  биіктігі 8 метр 20 см аққала жасап шықты.

– Жақында «Youtube» желісіндегі балаларға арналған ресейлік «Сливки Шоу» арнасы #SLIVKISHOW #100КЗАСНЕГОВИКА хэштегімен байқау ұйымдастырған болатын. Сайыстың шартында ұйымдастырушылардың Қазақстан бойынша ең биік 100 аққаланы анықтайтыны, аққала тұрғызғанда ешқандай техника қолданбай, түрлі тәсілдерді, сондай-ақ уақытты тиімді пайдалану қажеттігі жазылған.

Содан отбасымызбен сайысқа қатысуға бел будық. Жеті күннің ішінде ойымдағы аққаланы соқтым.

Оңай болған жоқ. 8 метрге баспалдақпен шығып, су құю, жан-жағын ағашпен тегістеу сынды жұмыстар көп күшті талап етті. Байқауға қатысып жатқанымды естіп, баланың ермегі деп күлмей, қолдаған достарым Арман Серіков пен Жасұлан Оңбаевқа алғысым шексіз. Қолымнан келетініне сендіріп, әрқашан демеу болған жұбайым Заринаға да ризамын, – дейді аққаланың «авторы» Ерлан Мақсотұлы.

Отағасының бір апталық тірлігін ұялы телефонына түсірген Зарина Дышекованың 14 ақпанда жариялаған бейнесін үш күннің ішінде 1000 адам көрген. «Біз бұл бейнені «Сливки Шоу» арнасын көретін балаларға арнап түсірдік. Балғындарға мақсатқа жету жолында ештеңеден тайынбай, алға ұмтылуды, төзімді болуды үйреткіміз келді», – дейді Ерланның жұбайы  Зарина.

Теректілік ерлі-зайыптының еңбегін бүгінде «Youtube» желісінен 1164 адам көріп, оның 229-ы «ұнайды», 25-і «ұнамайды» белгісін басыпты. 251 көрермен жағымды пікір қалдырған. Сайыс қорытындысы келесі аптада шығады. Жеңімпазға 100 000 рубль  ақшалай сыйлық берілетін көрінеді.

Аягөз   АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.