22.02.2019, 10:54
Қараулар: 244
Ұлттың жоғын жоқтаған жазушы

Ұлттың жоғын жоқтаған жазушы

Көрнекті  жазушы  Рахымжан  Отарбаевтың  өмірден өткеніне  жыл  болып  қалыпты,  жалған  дүние-ай…

ХХ ғасырдың сексенінші жылдары қазақ әдебиетіне қосылған дарынды жастардың қарасы көп болды. Одан соң қайта құру мен жариялылық кезеңі басталғанда, осылар қазақ әдебиетіне алаш рухты жазушылар легін әкелгендей әсер қалдырды. Бұл жазушылардың ішінде қазақ әдебиетінде өзіндік ізі бар қуатты және дарынды қаламгер – Рахымжан Отарбаев суырылып алға шықты десек, артық айтқандық болмас. Дарынды жазушыда Б. Майлиннің әңгіме жазуындағы шеберлік, Ж. Аймауытов тіліндегідей көркемдік, Ә. Нұрпейісов қаламына тән адамның ішкі психологизмі араласа келген болатын. Р. Отарбаев шығармалары әдебиетке Еуропалық деңгейдегі жаңа түр емес, керісінше, қазақ әдебиетіне қазақылық мазмұн тәріздес шығармалық леп әкелгендей болды. Р. Отарбаев шығармалары Ж. Аймауытов пен Ә. Нұрпейісов шығармалары іспетті, тек жазушының ғана емес, психологжазушының еңбектері сияқты көрінеді. Жазушының тілі де Ж. Аймауытов, М. Әуезов бастаған қазақ жазушыларының тілі сияқты өте көркем. Ал юморы Б. Соқпақбаевтың табиғатына жақын ба деп қаласың. Оның сөз сиқырын меңгерген ерекшелігіне барлық оқырман қауым дән риза десек, қате айтпаспыз, ал тілшілер үшін оның тіл байлығын зерттеу зор іс болар. Жазушының еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жазған әңгіме-хикаяттарының өзі бір төбе.

Рахымжан Отарбаев шығармашылығы бірлі-жарым зерттеу мақалаларда әдеби қырынан қарастырылған. 2016 жылдың қараша айында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай «Қазіргі әдебиеттану, тілтану мәселелері және жазушы, драматург Рақымжан Отарбаев шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Пленарлық мәжілісте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры, ақын Ақұштап Бақтыгереева «Рахымжан – өзіндік мінез, өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер», «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, п. ғ. д., профессор Абат Қыдыршаев «Рахымжан Отарбаев – текті сөздің зергері», ф. ғ. к., доцент Рита Сұлтанғалиева «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: тарихи драма, тарихи тұлға, көркемдік шешім және жаңашыл көзқарас», Сырым ауданы, жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлі Мақсотова «Жазушы Р. Отарбаев шығармаларының оқушының сөйлеу мәдениетін дамытудағы орны» тақырыптарында ғылым-тәжірибелік баяндамалар жасады.

Ендігі кезекте жазушы Мереке Құлкеновтың мына бір пікіріне зер салғайсыз: «Рахымжанның көп жазушыдан артықшылығы, бір жазушы «пойызға мінді» деп жазуы мүмкін. Рахымжан «пойызға өрмелеп шығып бара жатыр» дейді. Қазір драматургияға еңбек сіңіріп жүр. Драмаға керегі – тіл. Тілі жоқ драматургия – драматургия емес. Халықтың алдына шыққан адам актер бейнесіне кірген кезде айтатын ойы, сөзі дұрыс болуы керек. Ол сөз адамның жанына, жүрегіне жетуі керек. Тағы бір артықшылығы – өте еңбекқор. Қай кезде уақыт тауып жазып жүр деп таңғаласың. Драматургияға қоса, қазір роман жазу үстінде. Рахымжан әлем оқырмандары мойындаған шын талант иесі».

Ал, 2011 жылғы  2 мамыр күні жарық көрген «Ана тілі газетінде» Р. Отарбаев туралы «Қара сөзбен сурет салған қаламгер» атты мақалада мынадай пікір берілген: «Модернизация! Бұл – қара сөзбен сурет салудың хас шебері Рахымжан Отарбаевтың шығармаларына ғана тән». Бұл жазушы Жұмабай Шаштайұлының пікірі. Сонымен қатар жазушы шығармашылығын әдеби тұрғыдан сөз еткен бірлі-жарым ойларды ғаламтордан көрдік.

Отарбаев Рахымжан Қасымғалиұлы – 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық телерадио компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2009 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры болып ауысты.

Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» бас-пасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұр-жауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған. Ол – Махамбет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Айтматов академиясының академигі, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры.

2016 жылдың күзінде қазақтың классик жазушысы Рахымжан  Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойы Түркияның астанасы Анкара қаласында кеңінен аталып, Түркиядағы Қазақстан елшілігінің  ғимаратында Еуразия Жазушылар одағының қолдауымен жазушының «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағы мен «Бас» романының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге «Kardes Kalеmler» журналының қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арнаған санының да таныстырылымы сәтті жалғасын тапты. Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын түрік тіліне жазушы Мәлік Отарбаев пен ғалым Гүлзада Теменова тәржімалаған. Суреткер өз шығармашылығына бүгінгі дәуір шындығын, қоғамның ең өзекті мәселелерін арқау етеді.

Ел мерейін өсірген қаламгер Қазақстан елшілігінің «Қазақстан-Түркия» бауырластық медалімен және «TÜRKSOY» тағайындаған «Haldun Taner» халықаралық медалімен марапатталды.

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың 2016 жылдың қыркүйек айында «Әдебиет порталында» Бағлан Оразалыға берген сұхбатына тоқтамай өтсек, жазушының келбетін байқай алмас едік. Еліміздің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Шыңғысханның көз жасы» шығармасы байқаудың екінші кезеңінен алынып тасталғаннан кейін жазушы ашу-ызамен бірқатар ақын-жазушыларды сойып салған болатын. Міне, осы сұхбатында біраз деректерді байқауға болады. Сұхбаттан үзінділер келтірелік:

– Сіздің шығармаларыңыз шет тілінде жақсы оқылады деп ойлайсыз ба? Меніңше, қазақы сөзге қан жүгірткен көркем еңбектеріңізде оқиға шиеленісі аздық ететін сияқты…

– Мақтанғаным емес, менің шығармам әлемнің көптеген тіліне аударылды. Бірақ қай деңгейде аударылғанын тіл білмейтін мен қайдан білем. Кейбір жиындарда «қазақтың айшықты, көркем тілі менімен бірге өледі» дегенді айтып қалып жүрмін. Сөз – тірі құбылыс. Ана тіліміздің академиялық дәрежесінің астарында қалың ой, сұңғыла сюжеттің сан түрін таба беруге болады. Бірақ қаламгер үшін әлем қажет деп табатын бір ауыз сөз айту қиын.

– Ақын Өтежан Нұрғалиев пен жазушы Асқар Сүлейменовтің және сіздің мінезіңізден үлкен ұқсастықты көремін. Өздерін классикке балайтын әдебиетшілер өміршең туынды жаза алды ма?

– Маған келетін болсақ, мен қазақтың сөзін қойдай өргізетін адаммын. Таңқалмаңыз, ана тіліміздің шұрайлы тіркестерін топтастырып бір қораға қамай аламын. Мені Ғабит Мүсіреповтің мектебінен шыққан жазушы деп жатады, бірақ мен өзімді Бейімбет Майлиннің шәкіртімін деп есептеймін. Жаныма сол жақын. Бірақ  қазаққа керек шығарманы жаза алдым ба, әлде жазбадым ба деген сұрақ болашақтың еншісінде.

Өтежан жақсы ақын. Бастапқы өлеңдері әдеби ортаға жағымды әсер етті. Бірақ, ол өмірінің соңында Эйнштейн сияқты бас ауруымен ауырды. Менің мінезім қаншалықты қыңыр болғанымен, оның кейінгі өлеңдерін қабылдай алмадым. Ал Асқар Сүлейменов жазушы емес. Оның «Ақ кемпірі» мен «Қара шалынан» басқа жөні түзу көркем шығармасы жоқ. Ол бар болғаны өзінің еркіндігін ғана қорғаған адам. Бірақ, әлемдік деңгейдегі этнограф, ғалым еді. Білмейтін дүниесі жоқ. Дегенмен  екеуі де өздері айтқандай классикалық туынды қалдырған жоқ. Әдебиетті тек қана хобби ретінде қарастыратын бірқатар жазушылар болды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов пен Тәкен Әлімқұлов сондай еді. Тәкен өз талантына, оның ішінде қазақ әдебиетіне қиянат жасады. Ол әдебиетті хобби ретінде емес, тұтас ұлттың құндылығы ретінде қарастырғанда, үлкен шығармалар жазып кетуге ішкі қуаты жетіп артылатын…

– Шығармашылық жолыңызды поэзиядан бастапсыз ғой. Жақсы ақындар ығыстырып тастады ма?

– Иә, оныңыз рас. Жас кезімде жазған өлеңдерімді газет-журналдар жариялап тұрды. Бір өлеңім кеңес үкіметіне қарсы пікір айтты деп саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Сол үшін журнал басшысы Тұманбай Молдағалиев жоғарғы жақтан ескерту алды. Содан кейін Тұмағаң «Сен бала осыдан бастап өлең жазуды доғар» деді (күлді). Ағалардың тілегін қалай аяқ асты етесің? Әлі күнге дейін өлең жазған емеспін.

Бір өкініштісі, осы сұхбаттан кейін бір топ ашулы оқырман жазушының «Шыңғысханның көз жасы» кітабын Астанада өртегенін БАҚ-тан оқыдық.

ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлері тәуелсіздік, бостандық үшін күрессе, Р. Отарбаев – ХХІ ғасыр басында ұлт үшін, ар мен ұят, ынсап пен иман үшін күрескен қаламгер. Р. Отарбаевтың қай шығармасын оқысаңыз да, оның негізгі кейіпкері қазақы рухты, таза қазақы болмысты ұстанатынын көресің. Оның шығармаларында қазақы рухты аңсаумен қатар, рухани құндылықтарды жоқтаған мұң, трагизм  жатқанын  аңғарамыз.

Ғабит   ХАСАНОВ,

М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  профессоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.