22.02.2019, 10:49
Қараулар: 215
«Әндер мен жылдар»

«Әндер мен жылдар»

Жуырда Ғ. Құрманғалиев атындағы  облыстық филармонияның әншісі,  «Ерен  еңбегі үшін»  медалінің  иегері,  халықаралық ән   байқауларының лауреаты  Марат  Сарбөпеевтің «Әндер мен жылдар» атты шығармашылық кеші өтті.

Өнер иесінің 45 жас мерейтойына орайластырылған думанды кешке Болгариядан арнайы келіп қатысқан «Еврофест» халықаралық байқауының негізін қалаушы, халықаралық конкурстардың лауреаты Захари Чернев Марат Мәулетұлына байқаудың ұйымдастыру комитеті атынан арнайы сыйлық және жаңа ән табыстады. Кеш барысында М. Сарбөпеев ҚР мәдениет қайраткері, композитор, дирижер Нұрлан Байкөзовтің, ҚР мәдениет саласының үздігі, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі Әлімжан Ермекбаевтың дирижерлық етуімен, композитор Болат Қохамановтың күйсандықта сүйемелдеуімен жаңа әндерін көрерменге тарту етті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Ұсаева, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева, жас өнерпаздар Аружан Бисенбаева мен Сұлтан Қайырсапиев, «Назерке» халықтық биі ансамблі, «Step Up» би тобы, БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі кеш көркін қыздыра түсті.

Шырайлы шараның соңына таман облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев Марат Мәулетұлын құттықтап, арнайы шақырылған кеш қонақтарына алғысхаттар табыстады. Ақтөбеден ат арытып келген «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев кеш иесіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын табыс етті.

Тілеген   КӘКІМОВА,

зейнеткер, Теректі   ауданы:

– Марат Сарбөпеевтің шығармашылығын ерекше жақсы көремін. Ол кейбір әншілер секілді олпы-солпы қалыппен, шала дайындықпен сахнаға шықпайды. Киелі сахнаға деген құрметі ерекше. Жасым 75-ке келсе де, сырқаттанып жүргеніме қарамастан, бүгінгі концертке келдім. Сахнаға шығып, батамды беріп, арнайы әкелген сыйымды табыстадым. Көз қуанышымыз болып аман жүрсін Марат балам, әлі талай ән додасында еліміздің  атын  шығарарына  сенемін.

Орынғали   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Орал   қаласының   тұрғыны:

– Бүгінгі концертке көңілім толды. Марат бауырымды керемет әнші ретінде ғана емес, жан-жағына сыйлы, жақындарына, ауыл-аймағына жанашыр азамат ретінде танимын.

Сахналық образы қандай салмақты, сабырлы болса, өмірдегі қалпы да, жалпы ұстанымы да сондай. Алдағы уақытта шығармашылық шабыт, кәсіби өрлеу тілеймін.

Айтжан   ДАУМОВА,

Орал   қаласының   тұрғыны:

– Марат інімнің шығармашылығымен етене таныспын. Бірнеше тілде ән шырқайтын оның даусы да ерекше. Орындау шеберлігін талай ән байқауларында көрсетіп, өзін мойындата білді. Әншіні қолдап, кешіне жиналған  қауым  қарасы  да  мол  болды.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.