22.02.2019, 10:48
Қараулар: 287
«Zhas Project» жобасынан миллион теңге ұтыңыз

«Zhas Project» жобасынан миллион теңге ұтыңыз

Жұмыссыз жастар «Zhas Project» жобасына қатысып, бір миллион теңге қайтарымсыз грантты  ұтып алуларына болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында  айтылды.

– Биыл Елбасының Жарлығымен Жастар жылы деп жарияланды. Жастарға  сенім арта отырып, белсенді болуға шақырамыз. «Zhas Project» жобасын – ҚР Білім және ғылым министрлігі мен

Дүниежүзілік банк бірлесіп жүзеге асыруда. Аталмыш жоба «Балық берме, қармақ бер!» тәсілі арқылы жастардың бойындағы көшбасшылық қабілетті дамытып, идеяларын жүзеге асыруға, қаржыларын тиімді жұмсауға баулиды. Жобаның негізгі басымдығы жұмыссыз жүрген, оқымайтын немесе жұмыс жасаса да, табысы мардымсыз жастарға беріледі. Бұл дегеніңіз, ағылшын тілін, компьютерді үйрететін курстар, тігін шеберханалары, шаштараз секілді қоғамға қажетті кәсіптерді ашуға мол мүмкіндік. Бүгінде облыста 14-29 жас аралығында 136 мың жас бар. Ал NEET санатына жататын, яғни оқымайтын, жұмыссыз жүрген жастар үш пайыз. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Осы жастар жобаға қатысу арқылы қоғамдағы белсенділігін арттыратынына күмәнім жоқ. «Zhas Project» жобасы бірнеше облыстарда жүзеге асатындықтан, өзге өңірдің жастары да жарысқа түседі. Өңір жастарын тың идеялар ұсынып, бәсекелестікке түсуге шақырамын, – деді баспасөз мәслихатына спикер ретінде қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Жастар корпусын дамыту жобаларын басқару тобының үйлестірушісі Гүлмира Ескендірованың айтуынша, жобаға Астана, Алматы қалалары, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақмола облысының жастары қатысады. Грантты ұтып алу үшін кемінде үш адам бірігіп, қоғамға пайда әкелетін кәсіп түрін ұсынуы керек.

– Жобаның басты мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған немесе жұмыссыз жүрген жастарды қоғамға бейімдеу, оларға қолдау білдіру. Жоба аясында гранттар мен шәкіртақылар бөлінеді. Қайтарымсыз грант бір миллион теңге шамасында, ал алты айға дейін төленетін шәкіртақы 60 мың (ЖОО бітірушілеріне) және 40 мың теңге (қалған қатысушыларға)  аралығында. Сондай-ақ жобаға қатысушылар үш кезеңнен тұратын оқыту тренингіне қатысады. Тренингте  жобаны жүзеге асыру жолдары, оны бизнеске айналдыру тәсілдері туралы кеңес беріледі. Биыл 1100 грант бөлініп, 3500 жасқа берілмек. Жобаға мектепте оқымайтын 14-29 жас аралығындағы  жастар  қатыса алады. Айта кететін мәселе, грант қайтарымсыз болғандықтан, жауапкершілігі де зор. Грант иегерлері бір миллион теңге қаржыны екіге бөліп алады. Алғашқы 500 мың теңгені алғаннан кейін қаржылық есеп береді. Яғни чектерін, құжаттарын тапсырады. Содан соң қалған қаржыны алады. Өйткені кей жастар сол қомақты қаржыға бағалы ұялы телефон сатып алған жағдайлар да кездесті. Ондай жағдайда жастар қаржыны сот арқылы қайтаратын болады, – дейді Гүлмира Ескендірова.

Оның сөзінше, бұл жоба елімізде 2017 жылы қолға алынған. Содан бері 1500 жоба жүзеге асыпты. Жобаның әлеуметтілігіне тоқталсақ, грантты ұтқан жоба бойынша әлеуметтік әлсіз топтағы адамдарға тегін қызмет көрсетілмек. Жобаға қатысу үшін өтінімдер 15 наурыздан 15 сәуір ара-лығында қабылданады. Ақпаратты press@zhasproject.kz,  https://facebook.com/zhasproject/, https://www.instagram.com/zhasproject/ сайттарынан алуға болады. Жобаларды іріктеу үш кезеңнен өтеді. Біріншісі, техникалық іріктеу, тапсырылған құжаттардың дұрыстығы, шартқа сай екендігі тексеріледі. Келесі бөлім  комиссиялық бағалау. Үшіншісі, компьютерлік іріктеу. Онда компьютер арқылы кездейсоқ сан белгіленіп, грант иегерлері анықталмақ.

Гүлсезім    БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар