22.02.2019, 10:46
Қараулар: 292
Кәсіподақтармен келісім күшеймек

Кәсіподақтармен келісім күшеймек

Кеше облыс әкімі Алтай  Көлгінов пен Астана қаласынан келген ҚР Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым әлеуметтік серіктестікті нығайту жөнінде меморандумға қол қойды.

Басқосуда Бақытжан Жарылғасынұлы еңбек адамдарының құқығын қорғауда кәсіподақ ұйымдары арқылы ұжымдық шартты бекітудің ерекше рөл атқаратынын айтты. Еңбек заңдылығын сақтауға байланысты жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы дауды шешу, әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеу үшін жергілікті билік құрылымдарымен тығыз байланыста қарекет ету де маңызды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов еңбек дауы туындағанда қос тарапты татуластырып, жұмысшылардың құқын қорғауға басым көңіл бөлетін кәсіподақтар ұйымдарының белсенді қызмет етуін Елбасының өзі қадағалап отырғанын, сондықтан өңірде еңбек заңнамасы талаптары сақталуына мүдделі екенін, әріптес ретінде бірлесе жұмыс жасауға қолдау білдіретінін жеткізді.

– Біздің облыста кәсіподақтар ұйымына 75 мың адам тіркелген. Өңірімізде кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет қолдау білдіруде. Ел экономикасын дамытуға ірі инвесторлар да қызмет етуде. Осындай квазимемлекеттік сектордағы компанияларда қызмет ететін мыңдаған азаматтың еңбек құқы бұзылмауы, олар еңбекақысын уақтылы алуы тиіс. Жергілікті атқарушы құрылымдар заң аясында кәсіподақтар ұйымдары қызметінің жандануына қолдау көрсетеді, – деді Алтай Сейдірұлы.

ҚР Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіпкерлік нысандарында еңбек шарты жасалмайтынын, жұмысшылардың құқығы қорғала бермейтінін айтты. Оның сөзінше, ұжымдық шартқа қол қоюдан бас тартқан кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сай 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынады. Сондай-ақ Бақытжан Жарылғасынұлы мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарда қызмет етіп жүрген көп балалы аналардың еңбек құқығын қорғап, оларға жағдай жасауға айрықша назар аударылып жатқанын атап өтті.

Жиында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы болып жеке кәсіпкер Аманкелді Таспихов сайланды. Осыған дейін өңіріміздегі кәсіподақтар орталығын басқарып келген Ербол Салықовқа ҚР Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым алғыс  айтты.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.