18.02.2019, 22:12
Қараулар: 512
Атқарылған жұмыс ауқымды, нақтыланған жоспар нық

Атқарылған жұмыс ауқымды, нақтыланған жоспар нық

Жыл басынан бері облыстың барлық ауыл-ауданында түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері өткені белгілі. Бұл маңызды шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, бұқара мен биліктің байланысын нығайту, көпшіліктің көкейіндегі күрмеулі мәселелердің шешімін табу.

Өңірдегі бір айға созылған есептік кездесулерді өткен сенбіде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов түйіндеді. Облыс басшысының қорытынды есебін Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайындағы ұзын саны мыңнан астам халықпен қоса, облыстық «Ақжайық» телеарнасы ұсынған тікелей көрсетілім арқылы бір мезетте жүз мыңдаған батысқазақстандық көріп, тыңдады. Өткенді саралап, ертеңгінің еңселі жоспарын салмақтауға арналған жиынға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов қатысты.

– Өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдіктер бір жылдың ішінде 140-тан астам ашық әкімдік шарасын өткізді. Сонымен қатар апта сайынғы қабылдаулар бар. Әр деңгейдегі басшылар 2 500-ге жуық азаматты қабылдаса, менің жеке қабылдауымда 1 500-ге жуық азамат болды. Осындай сұхбаттардың нәтижесінде жылдар бойы қордаланған мәселелерді ретімен шешіп келеміз. Өмірдің өзі үздіксіз дамудан тұратындықтан,  жаңа заманның талаптарына сай кемшіліктер де, сұрақтар да туындайды. Біз мәселенің бар екенін ашып айтудан ешқашан қашпаймыз, – деп сөзін салмақты бастаған Алтай Көлгінов есептік баяндамасында өткен жылдың өрелі істері мен қомақты жетістіктеріне кеңінен тоқталды.

 

«Әр  отбасының  әлеуметтік картасы  болады»

Мемлекеттің басты міндеті – халықтың тұрмыс сапасын көтеру. Осы орайда «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының» өңірде жемісті жүзеге асуы жергілікті билік тарапынан азаматтардың мұң-мұқтажы мен әлеуметтік қорғалуына үздіксіз көңіл бөлінетінін айқын көрсетті. Облыста өткен жылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1,4 млрд. теңгеге 164 пәтер пайдалануға берілді. 67 мың облыс тұрғынының айлық табысына түсетін салық мөлшері азайтылып, төмен жалақы алатын 121 мың батысқазақстандықтың табысы 1,5 есеге көбейтілді. Өңірге аса қажет болашақ мамандар үшін жергілікті бюджеттен 148 грант бөлінді. Оған қоса биыл 1800 студентке лайықталған 5 жатақхананың құрылысы басталмақ. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандар үшін 4,3 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 1242 шағын несие берілді.

– Мемлекет үнемі әлеуметтік жағдайы төмен әрі көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Біздің қоғам оларды ешқашан шеттеткен емес. Өйткені, отбасы – қоғамның жай ғана бір бөлігі емес, бүкіл мемлекеттің негізі. Сондықтан өңірімізде дәстүрлі «Мейірімді көктем» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, барлық  батысқазақстандықтарды белсенді қатысуға шақырамын. Бұл жоба көп балалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. «Мейірімді көктем» жобасы аясында ұйымдастыру орталығы құрылады. Бұдан бөлек облыста осы санаттағы азаматтарға кеңес беру, әлеуметтік, құқықтық және материалдық көмек көрсетуге бағытталған мыңнан астам түрлі ісшара өткізіледі. Біздің міндетіміз – жүйелі түрде жекелей және әр отбасыға қолдау көрсету. Бұл әлеуметтік жәрдемақы, білім, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған, – деді Алтай Сейдірұлы.

Қазір облыста 36,5 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алады. Өткен жылы көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдауға 5,4 млрд. теңге бағытталған. Облыс басшысы атап өткендей, «Мейірімді көктем» акциясы аясында мемлекеттік құрылымдар, кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларды қамқорлыққа алмақ.

Оған қоса, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылмақ.

Облыстағы әрбір отбасыға әлеуметтік карта жасақталмақ. Өңірде көп балалы отбасылардың мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Жыл сайынғы шығындардан 500 млн. теңге үнемделіп, әлеуметтік жағдайы  төмен көп балалы отбасыларға жәрдем көрсетілмек. Телеграмнан  @otbasybot каналы ашылып, көп  балалы отбасылармен кері байланыс құралы іске қосылатын болады. Ал «Нұр Отан» партиясы аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдау мақсатында «Бақытта отбасы» жобасын іске асырмақ.

 

«Батыс  Қазақстан  бизнеске  қолайлы  облыс»

2018 жылы облыс экономикасының  барлық саласында айтарлықтай өсім бар. Өңірлік ішкі өнімнің көлемі болжам бойынша 2,5 трлн. теңгені құрады. Еліміздің ішкі жалпы өнімінің 5 пайызы – біздің өңірдің үлесінде.

Батыс Қазақстан облысы бірнеше көрсеткіш бойынша республикада көш басында. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі көлемі бойынша 4-орында, бұл саладағы өсім 600 млрд. теңгені құрап отыр. Оған қоса, облыс «Бизнеске қолайлы орта» рейтингінде де еліміз бойынша төртінші орынға жайғасқан, ал Теректі ауданы былтыр республиканың 160 ауданы мен 37 қаласының арасынан үздік шықты. Бәйтерек пен Шыңғырлау аудандары да еліміздегі үздік 15 ауданның қатарында. Шағын және орта бизнестегі өндірілген өнім көлемі соңғы төрт жылда 40 пайызға өсіп, 1,4 трлн. теңгеге жетті. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы  өнімдерінің көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 95 пайызға артып, 140 млрд. теңгені құрады.

– Облыста «Индустрияландыру картасы» аясында импортты алмастыру бойынша 10 кәсіпорын іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылдың мамыр айында облысқа жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ірі кәсіпорындарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Оған сәйкес қазіргі таңда ҚР Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ зауыты үшін отын жеткізу кестесін бекітті.

«ZKMK» АҚ еуропалық компаниялармен бірлесіп, жаңа технологияларды тарту бойынша жұмыстануда.  «Kвант» компаниясы «Қазақстанның даму банкімен» өнім желісін кеңейту туралы келісімге қол қойды. «ҚПО б. в.» компаниясы әлеуметтік жобаларды дамыту үшін жыл сайын 20 миллион АҚШ долларын бөліп келген болса, біз биылдан бастап қосымша 10 миллион долларға дейін арттыру туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл қаржылар облысымыздағы инфрақұрылымдар – жолдар, көпірлер, мектептер мен балабақшалардың және биыл салынатын жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады, – деді өңір басшысы.

Баяндамасында соңғы төрт жылда өңірдегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын  шаруа қожалықтарының саны екі есеге артқанына және мал басының өсуі ет экспортын 34%-ға немесе 3 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретініне тоқталып өткен  Алтай Сейдірұлы біздің облыстың ет экспорттау бойынша республикада екінші орында екенін атап өтті.

– Біз еліміздегі өнімдерді өңдеу өнеркәсіптерін арттыруға және оларды экспорттауға арналған мал шаруашылығы белдеуін құруға ниеттіміз. Есепті кезеңде мал басының барлық түрінің саны жоғарылағаны байқалады. Облысымыз ірі қара малын арттыруда басқа өңірлер арасында төртінші, ал жылқы мен қой малы басын арттыру бойынша бесінші орында.

Бүгінде біз ет пен ет өнімдерін Ресей, Иран, Қытай, Армения, Беларусь және басқа елдерге жеткіземіз. Ет экспорттау бойынша республикада екінші орындамыз, – дей келе, өңір басшысы экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған 11 бордақылау алаңын кеңейту және тағы екі  ірі бордақылау алаңы    құрылатынын, ондағы мал басын 25,5 мыңға дейін арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша «Желаев нан өнімдері комбинаты» макарон фабрикасы, «Кублей» ЖШС жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеу зауыты,  «Теректі май комбинаты» ЖШС және «ПОШ-Руно» ЖШС сияқты төрт кәсіпорын іске қосылды. Өңдеу кәсіпорындарын көптеп іске қосу жұмыс өнімділігін арттыра түсуге тікелей әсер етеріне сенім мол.

Биыл «Конденсат» АҚ қос зауытты іске қоспақ, сөйтіп өндірілген өнімнің  65%-ы экспортқа шығарылмақ. Отандық жиһаз өндіруші «Квант» кәсіпорны жаңа өндірістік желіні іске қосу арқылы өнімдерін де негізінен экспортқа бағыттау көзделіп отыр, ал Орал трансформатор зауыты көкжиегін кеңейтіп, радиаторлар өндірісін  қолға  алмақ.

АӨК саласында жалпы қуаты жылына 13 мың тоннаны құрайтын екі жылыжайдың, сондай-ақ 30 мың бас мал бордақылауға есептелген жеті бордақылау алаңының құрылысы көзделген. Сонымен қатар 1200 сауын сиырға шақталған екі сүт кешенінің жұмысын жолға қою да биылғы жылдың  үлесінде.

 

«Биыл  шалғай  аудандарға  жол  құрылысы басталады»

Облыс әкімі «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының өңірде орындалу барысын егжей-тегжейлі айтып өтті. Былтыр халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған қос бағдарламаны жүзеге асыруға  34,3 млрд. теңге бөлінген.

– Облыста 450 шақырым аутокөлік жолы салынды және жөнделді. Соңғы үш жылда 1 мың шақырымнан астам жол салынды, бұл – облыс жолдарының алтыдан бір бөлігі. Саратов бағытындағы тасжолдың құрылысы аяқталып, шекарада сегіз жолақты жол пайдалануға берілді. Самара мен Орынбор бағытына да осындай жол айрықтары  салынатын  болады.

Облыс орталығындағы қалаішілік елу жолды жөндеуге 8,8 млрд. теңге жұмсалды. Биыл көлік ең көп қатынайтын Құрманғазы, М. Мәметова, Темір Масин, Асан Тайманов, Екінші жұмысшы шағынауданындағы көшелер, орталық базар аумағы және т. б. жолдар жөнделді. Депо ауданында төрт жолақты жаңа көпір салынып, пайдалануға берілсе, қазіргі таңда «Омега» аумағындағы аутокөлік көпірінің құрылысы қолға алынды. Мұндай ірі құрылыстар бір ғасырда немесе жарты ғасырда бір жүргізіледі, – деді Алтай Сейдірұлы. Осы кезде қос қапталдағы үлкен экрандардан облыс орталығындағы бес жыл бұрынғы шұрқ-тесік жолдардың сұрықсыз көрінісі мен жөндеуден кейінгі қазіргі фотосуреттері қатар көрсетілген кезде атқарылған іске сүйсінген жұртшылық қол шапалақтап жіберді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасының  жемісі.

Биылғы жылы да жол жөндеудің осы көлемі мен қарқыны сақталатынын жеткізген өңір басшысы шалғай аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын жолдардың құрылысы басты назарда екенін атап өтті.

– Республикалық маңызға ие Орынборға дейінгі 144 шақырым жолды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау аяқталуда, жол құрылысын 2019 жылы бастау жоспарлануда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына апаратын 275  шақырым – республикалық маңызды аутожолды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Жол құрылысы осы жылы басталып, үш жылға созылады.

Жалпы, өңірде 464 шақырым аутожол жөндеуден өтеді. Республикалық маңызға ие Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы (45,2 км), Өнеге – Бисен және Қазталов – Жәнібек (12 км) жолдарын жөндеу жалғасады. «Сырым» шекара өткізу бекетін қайта жабдықтаймыз, Самара – Шымкент жолын (78 км) және Орал — Атырау тасжолын (105 км) орташа жөндеуді жоспарлап отырмыз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Баяндамадан белгілі болғандай, бұған қоса облыстық маңызы бар Үлкен Шаған – Переметный – Вечный және Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталып, Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай (10 км), Тасқала – Аққурай – Болашақ жолдарын күрделі жөндеу, ал Федоров — Ақсай (14 км) аутожолын орташа жөндеу қолға алынбақ. Орал қаласы мен аудан және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары  жалғасады.

 

«БҚО   тәжірибесі өзгелерге   үлгі»

Баспана мәселесі қай кезде де өзекті. Бүгінде Орал қаласында 19200 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Тағы 70 мыңға жуық адам «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы баспаналы болудан үмітті.

Алтай Сейдірұлы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында есепті кезеңде облыс аумағында 432 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанын мәлімдеді.

Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 40 мың шаршы метрге артық. Жалпы, өңірде соңғы үш жылда 1 млн. шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілді. Облыс бойынша салынып жатқан 3 500 пәтерлік тұрғын үйлерден 1000 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй бағдарламасы тек облыс орталығында емес, аудан-ауылдарда да жемісті жүзеге асуда.

– Біз жылдан-жылға құрылыс қарқынын дамытып келеміз. Ұзақ жыл облыста тұрғын үй салынған жоқ. Сол себепті үй алу үшін тұрғындар жылдап кезекке тұруға мәжбүр болды. Кезекте тұрған азаматтардың кезегі бұзылмайды, олар үй алады. Мысалы, баспанаға қол жеткізген бір отбасының үлесіне жаңадан кезекке тұрған үш отбасыдан келеді. Орал қаласындағы Солтүстік-шығыс шағынауданы және Зашаған кентіндегі көп қабатты үйлердің құрылысы биыл аяқталады. Жаңадан бой көтеретін «Ақжайық» шағынауданына инженерлік желілер түгел тартылды.

Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл құрылысты бастаймыз.

Сондай-ақ апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жою бағытында қарқынды жұмыстар жүруде. Облыс аумағында 132 апатты үй болса, оның 41-і (2017 жылы 44) Орал қаласында орналасқан. Бүгінде апатты 11 үй сүріліп, орнына 7 жаңа үй салынуда. Есептік кезеңде 3 үй пайдалануға беріліп, 52 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Еліміздің басқа облыстарының аталған мәселені шешуде біздің тәжірибемізді үлгі етіп алып жатқанын атап өткен жөн, – деді  облыс  басшысы.

Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде жеті білім беру және он бес әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Нәтижесінде отыз мың адам жұмыспен қамтылып, олардың жартысына жуығы тұрақты жұмысқа орналасты.

Облыста апаттық жағдайдағы 5 мектепке жаңа ғимарат салу үшін тиісті жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалуда, Орал қаласындағы №18, 20, 47 мектептер және эстетикалық бағыттағы гимназиядағы үш ауысымдылықты жою мақсатында  7 жаңа мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сондай-ақ облыс орталығы мен Ақсай қаласында бесжұлдызды үш қонақүй бой көтермек. Биылғы жылдың еншісіндегі тағы бір ауқымды әрі маңызды іс:  Орал қаласындағы әуежай ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жоспар бойынша әуежайды жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталуы тиіс.

 

«Газбен  қамту  –  95,4 %»

Батыс Қазақстан облысы газбен қамту деңгейі бойынша еліміздің Атырау, Алматы және Маңғыстау облыстарынан кейінгі төртінші орында. Облыстың ең шалғай Бөкей ордасы мен Жәнібек, Шыңғырлау және Ақжайық аудандары, сондай-ақ Орал және Ақсай қалалары бүгінде газбен жүз пайыз қамтылған.

Өткен жылы 44 елді мекенге газ тартылып, нәтижесінде 16 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді. Нәтижесінде өңірдің газбен қамтылу деңгейі 94%-дан 95,4%-ға жетіп, 314 ауыл табиғи көгілдір отынмен қамтылды. Биыл Қазталов және Теректі аудандарындағы 20 елді мекенді газбен қамту жұмыстары өз мәресіне жететін болады.

Тұрмыс сапасын арттырудың тағы бір маңызды көрсеткіші – тұрғындарды таза ауыз сумен қамту. Облыста соңғы екі жылда 110 елді мекенге таза  ауыз су жеткізілді, 2 000 шақырым су желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

– 16 мың халықты орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосатын, ұзындығы 180 шақырым болатын Жаңақала топтық су жүйесі құрылысы – табысты жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. Бұрын Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов аудандарының елді мекендері түгілі, аудан орталықтарының  өзінде таза ауыз су болмады. Аталған аудан тұрғындары  ашық су көздерін тұтынса, қазіргі таңда мөлдір, сапалы ауыз суға қол жеткізді. 204 ауыл немесе облыс елді мекендерінің 46%-ы, яғни ауыл халқының 80%-ы таза  ауыз сумен қамтылды. Алдағы 2019-2020 жылдары тағы 28 елді мекенге таза ауыз су тартып, өңір халқын сапалы ауыз сумен қамту деңгейін 50%-ға жеткізу жоспары тұр, — деді облыс басшысы.

 

«Біз  Жастар  жылына  дайындықпен келдік»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 166 жоба жүзеге асты, 175 мыңға жуық  адамды қамтыған 350-ден астам маңызды шара өткізілді. Қазіргі таңда облыс орталығында меценаттар арқылы ерекше мұқтаж адамдарға арналған құны 200 млн. теңгені құрайтын тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Республикалық қа-сиетті орындар тізіміне енген облыстағы 7 нысанға жол тарту мен инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар да қолға алынуда. Нәтижесінде ішкі туризм дамып, облысқа келетін туристер санының артуы күтілуде.

– Жастар жылына біздің өңіріміз дайындықпен келді. Атап айтқанда, өткен жылы алпысқа жуық әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі 3 пайызға дейін төмендеді. Бұл – еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Былтыр 11 мыңнан астам батысқазақстандық жас жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бес жүзден астам жас маман жұмыс орнына, жеңілдетілген несие мен баспанаға қол жеткізді. Өңірде жастардың жан-жақты дамуы мен тың бастамаларын қолдау бағытында 9 коворкинг орталығы, 50 көпбейінді спорт алаңдары салынды.

Жастар жылы аясында «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, облыста 100 спорт алаңы жасақталып жатыр. Сонымен қатар барлық ауданда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған 5 коворкинг орталықтары ашылады. Орал қаласында «Жастар тынымбағы» салынады. «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірге «Crowdsourcing.kz.» жобасы іске асуда, – деді Алтай Сейдірұлы.

Небәрі 1 сағат 20 ми-нутта түйінделген әкім есебінде облыстың кешегісі де, бүгіні мен ертеңі де бар. Ең бастысы – атқарылған жұмыс ауқымды, нақтыланған жоспар – нық. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жайлы баспанамен, сапалы жолмен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік игіліктерге қоса, өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз ету мақсатында Ақжайық аудандық ауруханасында инсульт орталығын ашу, Орал қаласында 160 орындық кардиологиялық емдеу корпусын салу, 18 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу, 58 «Жедел жәрдем» көлігі мен 26 «Реанимобиль» және 32 медициналық техника сатып алу, Тасқала, Жаңақала және Жәнібек аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын жүргізу сияқты маңызды жобалар жүзеге  аспақ.

Облыс әкімінің  есебі  өткен аумағы ат шаптырым залдың төрт бұрышына қойылған микрофоннан сөйлеймін деушілерге еркіндік берілді. Екі сағатқа жуық уақытта сұрақ қойса да, жауап берсе де бірінің сөзіне екіншісі құлақ асқан диалог алаңына айналды.

Тізімге алдын ала жазылған жарыссөз болған жоқ. Есесіне, ақжарма тілек те айтылды, өткір сауал да қойылды. Оның барлығы да облыс басшысының өтімді, нанымды жауабымен түйінделіп отырды. Кейбір мәселелер бойынша тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар беріліп, облыс әкімі мұның барлығын өз бақылауына алатынын мәлімдеді.

Айболат   ҚҰРЫМБАЕВ,

қала   тұрғыны:

– Біздің облыс – еліміздің батыс қақпасы. Яғни Еуропа мен Азияның тоғысқан жері, тарихи мекен. Осы орайда ішкі туризмді дамыту үшін этноауыл салуды қолға алсаңыз екен.

Алтай  КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Әрине, этноауыл салу жоспарымызда бар. Ресей Федерациясының Орынбор қаласындағы этноауылды көріп, зерттедік. Айта кететін мәселе, этноауыл бюджет есебінен емес, жеке инвестиция тарту арқылы қолға алынатын жоба. Ішкі туризмді дамыту үшін біз, ең алдымен, әуежай мен теміржол бекетін заманауи қалыпқа келтіруіміз керек. Тамақтанатын орындар мен зәулім қонақүйдің  де маңызы зор. Сондықтан осы жұмыстарды қолға алудамыз. Ұсынысыңыз ескерілетін  болады.

Теміржан  ҚАЙЫРЖАНОВ,

Зашаған  кенті,  Балауса шағынауданының тұрғыны:

– Алтай Сейдірұлы, сізге шағынаудан тұрғындарының атынан бірнеше мәселені айтқым келеді. Біріншісі, жол мәселесі. Былтыр Балауса шағынауданына аутобус кіретін айналма жол салынды. Алайда аудандағы С. Асфендияров және Б. Жанқадамов көшелеріне тасжол салынбады. Бұл көшелер сайлы жерде орналасқандықтан, күз бен көктемде қар мен жаңбырдың суына толады. Әсіресе, мектеп оқушыларына қиын. Осы мәселенің оң шешім табуына көмектессеңіз екен. Сондай-ақ Балауса шағынауданының тұрғындары әлдері келгенше аулаларындағы қарды көшеге шығарып қойды. Арнайы техника келіп, көшедегі қарды алып кетсе дейміз. Және де біздің ауданға балалар ойнайтын заманауи алаң мен көше баскетболы ойынына арналған стрит уоркаут салынса жақсы болар еді.

Облыс  әкімі:

– Ұсынысыңыз түсінікті, рақмет! Жол мәселесіне келсек, бұл – барлық өңірдің өзекті мәселесі. Жаңа айтқанымыздай, Орал қаласының орталығындағы жолдарды жөндей келдік. Енді айналасындағы жолдарға кірістік. Сіз айтып отырған Балауса шағынауданында тұрғындардың қаламен қатынауына қиындық тудырмас үшін аутобус кіретін жолдарды салдық. Орал қаласында С. Асфендияров көшесі секілді көше көп. Біз бәрін бір жылда жасай алмаймыз. Ескі әуежай, Сарытау, ПДП-1, ПДП-2 аудандарының тұрғындары да жол сұрауда. Балаусаның қасында Арман, Кең дала ауылдары да бар. Оларға да жол салу керек. Бәрі ретімен болады. Біз, ең алдымен, қар мен жаңбырдың суын ауылдың ішіне кіргізбейтіндей жағдай жасауымыз керек. Сол ұсынысыңызбен жұмыстанатын  боламыз. Екінші мәселе, қар тазалау жұмыстары бойынша тоқталсақ, күні кеше штаб отырысын өткіздік. Биыл қардың қалың түсуіне байланысты суға кету қаупі  бар аймақтарды белгіледік. Қарды қаланың сыртына тасымалдайтын бір коммуналдық мекеменің техникасы аздық етуде. Соған орай құрылыс және жол жөндеу мекемелерінің техникаларын да жұмылдырудамыз. Сіз айтқан Балауса шағынауданындағы қарлар да бақылаудан тыс қалмайды. Қар тазалау жұмыстарын күндіз-түні күшейтілген деңгейде жүргізудеміз.

Спорттық алаң бойынша ұсынысыңызды жоспарға енгізетін боламыз. Біз бұқаралық спортпен айналысқан жандарды әрқашан қолдаймыз. Келесі аптада Жастар жылына бағытталған шаңғы тебуден бұқаралық іс-шара өткіземіз. Соған келіп қатысып, қолдау білдіріңіздер.

Бақтияр АМАНКЕЛДІ,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  оқытушысы:

– Алтай Сейдірұлы, сіздің Батыс Қазақстан облысы үшін жасаған еңбегіңізге алғысымды айтамын. Әсіресе, өңірдегі спорт саласының дамуы байқалады. Соның дәлелі былтыр самбо және әскери самбо бойынша Бухаресте өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық спортшыларымыз Темірлан Ихсанғалиев пен Нұрбол Серіков алтын медальға ие болды. Бұл жетістік сіздің спортқа деген  қолдауыңыздың арқасында деп ой-лаймын. Мені толғандыратыны, біз сол жігіттерге жақсы сый-сияпат көрсете алдық па?!

Облыс  әкімі:

– Қазақтың туын көкке көтеріп, әлем чемпионы атанған екі азаматты білеміз. Нұрбол Серіковке спортты қолдайтын Ақ Жайық өңірінің кәсіпкер азаматтары пәтер сыйлады. Ал Темірланды алсақ, ол облыстық полиция департаментінің офицері. Онымен кездескенде «Егер атыңызда үй болмаса, қызметтік пәтер береміз және әлем чемпионы ретінде беруге тиістіміз» дедім. Мұнда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Егер ол азаматтың атында үй болмаса, біз заң аясында қызметтік пәтер береміз.

Әзиза  ҒҰСМАНОВА,

қала  тұрғыны:

– Былтыр қазан айында баспанаға кезекке тұрып, алғашқы жарнаны жеткізе алмаған «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» салымшыларына, әсіресе, дәрігерлерге, мұғалімдерге, әскери қызметкерлерге әкімдік тарапынан бір миллион теңге көлемінде қолдау білдіретіндігі туралы баспасөз беттерінде жазылды. Аталмыш банктің сайтынан осы бағытта астаналық 100 тұрғын ақшалай сертификат алып, баспаналы болғандығын оқыдым. Осы бағытта қолдау жұмыстары облысымызда қашан басталады?

Облыс  әкімі:

– Әр өңір өзінің бюджетіне қарай әрекет жасауда. Біз бұл мәселе бойынша біраз ойландық, әлі де жұмыстанудамыз. Алдымен сол қаржыға ие болатын адамдар үшін арнайы  бағалау ережесін бекітуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, қай мұғалім немесе дәрігер сол қаржыға лайық?! Егер біреуіне берсек, ала алмаған екіншісі ренжитіні белгілі. Сондықтан нақты бағалау ережесін белгілеп алғанымыз абзал. Соны бекіткеннен кейін біз қолдауға дайынбыз.

Айна ДАВЛЕТОВА,

Орал қаласы Сарытау шағынауданының тұрғыны:

– Біздің шағынауданға қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру кестесі жиі бұзылады. Кей жағдайда мектепке баратын балалар жарты сағаттай аутобус күтіп қалады. Бұл жауын-шашында, күн суықта өте қиын. Осы мәселені шешуге бола ма?

Облыс   әкімі:

– Орал қаласы жылдан-жылға үлкейіп келеді. Қазір біздің қаладағы өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік. Сіз айтқан бұл мәселені қала әкімі Мұрат Мұқаевқа тапсырамын. Қазір аутобустар жаңалануда. Өздеріңіз байқағандай, біз рейстерде жүрген «ГАЗельдердің» орнына сыйымдылығы жоғары аутобустарды шығарудамыз. Жыл соңына дейін бұл жұмыстарды аяқтауымыз қажет. Әрине, бұл оңай реттеле салатын іс емес. Дегенмен де бұл мәселені шешуіміз қажет. Жолаушылар көрсетілетін қызмет үшін ақы төлегендіктен, оларға жайлылық жасауымыз керек. «ПАЗ» көліктері де жаңалауды қажет етеді. Өткен аптада біз  Қостанайдағы «Сарыарқа автопром» зауытының басшылығымен кездестік. Олар жолаушыларға жайлы аутобустар шығаруда. Тасымалдаушы компаниялардың «Қазақстан даму банкі» немесе басқалай да жолдар арқылы кең әрі қауіпсіз көліктерге қол жеткізулеріне  көмектесеміз.

Шынар ИХСАНОВА,

Зашаған  кентінің  тұрғыны:

– Мемлекеттік бағдарламамен үй алдым әрі жаңа мектепте жұмыс істеп жүрмін. Балаларым «Арман» спорт кешенінде жаттығып жүр.

Осының бәрі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асуда. Енді біздің шағынаудан тұрғындарының Зашаған кентінде бассейн салынса  деген  тілегі  бар.

Облыс   әкімі:

– Бассейнге де қолымыз жетер. Орал қаласында бірнеше жерде бассейн керек екенін білемін.

Биыл Жеңіс шағынауданындағы бассейнді жөндеуіміз қажет. Ол – қала бойынша мемлекет меншігіндегі жалғыз бассейн. Қазір кәсіпкерлерге бассейн ашу жөнінде ұсыныс айтудамыз. Өйткені бассейн – жеке инвесторларға қаржы табуға  мүмкіндік беретін орын.

Аманжол  ЗИНУЛЛИН,

«Еділ-Жайық» қазақтар қауымдастығының  төрағасы:

– Мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатының қамқоршылар кеңесінің мүшесімін. Осы білім ұясының төбесі мен терезесінен басқасы көптен бері жөндеу көрмеген. Биыл өңірімізде қатты аяз болмаса да, мектептің ішінде салқындық сезіледі. Сондықтан да мектептің қамқоршылар кеңесінің атынан жаңа оқу жылына дейін білім ошағының жөндеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасауды өтінеміз.

Облыс   әкімі:

– Шынында да №11 мектеп – біздің облыстағы ең үздік білім беретін мектептердің бірі. Мен бұл білім ошағының жөндеуді қажет ететінін білемін. Қазір аудит жасап жатырмыз. Тек облыс орталығында емес, шалғай ауылдарда да осындай мектептер баршылық. Мен бірінші қыркүйекке дейін күрделі жөндеу өткізуге уәде бере  алмаймын. Ең алдымен қаражат табу керек. Жоспарға бекітейік.

Гүлназ ПАТШАҒҰЛОВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың І курс студенті:

– «Қолыңды соз» еріктілер ұйымының мүшесімін. Қазір қоғамда жалғызбасты аналармен қоса, жалғызбасты әкелер де баршылық. Біз, еріктілер, таяуда бір жалғызбасты әкемен кездестік. Оның қолында қарт анасы және мектепте оқитын төрт баласы бар.  Сол кісіге көмек көрсетілсе екен…

Облыс   әкімі:

– Гүлназ, үлкен рақмет! Мұқтаж жандарға волонтерлер көмек беріп жатса, бұл біздің дамыған, мәдени қоғам екенімізді көрсетеді. Сондықтан да тек мемлекет тарапынан емес, қоғамның өзінен сондай бастамалардың болғаны бізді қуантады. Әсіресе, жастардың белсенді болғаны құптарлық. Дамыған мемлекеттерде ерікті болып еңбек еткен жастардың жұмысқа орналасарда немесе  оқуға түсерде мүмкіндіктері  жоғары болады. Біз де сол қоғамға келе жатырмыз. Жақында «Мейірімді көктем» жобасы басталады. Соған, жастар, сіздерді шақырамыз, бірге атқарайық! Жалғызбасты әкелерге де қолдау көрсетеміз.

Хамза  САФИН,

Ұлы  Отан  соғысының  ардагері:

– Алтай Сейдірұлының есебіне ризамыз. Айтатын да, көрсететін де ілкімді істер бар. Облысымыздың, Орал қаласының қалай өзгеріп жатқанына куә болудамыз. Бұл – үлкен еңбекпен келген жетістік. Қолымызда бар нәрсені бағалай білуіміз керек. Биыл облысымызда қар көп түсті, су тасқынының қаупі бар. Сондықтан да жастар ұйымдары бұл бағыттағы жұмыстарға жұмыла іске кірісу керек дегім келеді.

Облыс  әкімі:

– Жиынға келген ардагерлеріміздің үлкені 96 жаста болса, Хамза Абдрахманұлы  94 жаста. Осы кісілерге ғұмыр берсін, қуат берсін. Сіздер үлкен еңбектің, қажыр-қайраттың үлгісісіздер. Бізге Ұлы Отан соғысында Жеңіс сыйладыңыздар. Сіздерге зор алғыс айтамыз, ардақты ардагерлер!

Қазір «Жас Отан» жастар қанаты қар тазалау жұмыстарын бастап кетті. Біз бұл жұмыстардың қарқынын арттыруға жағдай жасайтын  боламыз.

Гүлсім  ШАЯХМЕТОВА,

Ақжайық  ауданындағы Бударин   ауылының  тұрғыны:

– Облыс   тұрғындары үшін судың бағасы арзандағаны көңіл қуантады. Көп балалы ана және қоғам белсендісі ретінде білгім келгені электр қуаты мен жылу жүйесінің  тарифін  тағы да арзандатуға  мүмкіндік  бар  ма?

Қанат   БОЗЫМБАЕВ:

ҚР   Энергетика   министрі:

– Былтыр да Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің есеп беру кездесуіне қатысқанымда, тұрғындар коммуналдық қызметтерді арзандату туралы мәселе көтерді. Бұл – барлық өңірге ортақ мәселе. Елбасы ҚР Үкіметіне коммуналдық қызметтердің бағасын арзандату туралы нақты тапсырма берген болатын. Соған орай жаңа жылдан бастап көгілдір отынның көтерме бағасы 12,6 пайызға  арзандады. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін жылу жүйесі мен электр қуаты тарифінің 10 пайызға дейін арзандауына себеп болды. Сонымен қоса антимонополиялық комитет «ҚазТрансГазАймақ»-тың газ тарифін тағы да 10 пайызға арзандатуға шешім шығарды. Жыл аяғына дейін коммуналдық қызметтер  осы  бағада  сақталады.

Динара   ӘЛПЕЙІСОВА,

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.