15.02.2019, 15:35
Қараулар: 371
Оралдықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің игілігін көруде

Оралдықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің игілігін көруде

Ақпанның 14-і  күні Орал  қаласының  әкімі  Мұрат  Мұқаев  тұрғындармен  есептік кездесу  өткізді.  Оған облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов қатысты.

– 2018 жылғы бюджетті 41,4 млрд. теңге деңгейінде аяқтадық, ол 2017 жылғы көрсеткіштен (32,4 млрд.) үштен бірге артық. Бұл өсім үш жаңа мектептің іске қосылуы, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, қаладағы және «Ақжайық» шағынауданына жаңа инженерлік желілерді тарту және қайта құру есебінен тұрғын үй құрылысына мол қаражат бөлуімен байланысты. Қалалық бюджеттің 39%-ы білім саласына, 24%-ы құрылысқа, 21%-ы тұрғын үй-коммуналдық қызметке жұмсалды. Құрылыс саласына 10,2 млрд. теңге қаралды, бұл былтырғы көрсеткіштен 42%-ға артық. Қаланы дамытуға қаржының барлық көзінен 20,5 млрд. теңге бөлінді, – деді Мұрат Мұқаев.

Шаһар басшының дерегінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 166 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 93 млрд. теңге. Өткен жылы қаланың контингентінен мемлекеттік бюджетке 91924,3 млн. теңге аударылды. Оның 25 255,1 млн. теңгесі қалалық бюджетке түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда контингент бойынша бюджет кірісінің өсу қарқыны 100%-ды құрады.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың аса маңызды бағыты. Орал қаласында 56 ауыл шаруашылығы субъектісі бар. Жыл ішінде оларды дамытуға 174 млн. теңге демеуқаржы бөлінді. Тұрғындарды көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында  сегіз жылыжай кешені жұмыс жасайды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 7234,8 млн. теңге құрады. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мақсатында minagro.kz сайтында электрондық алқап картасы орналастырылуда. Былтыр шаһарда 80-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің қатысуымен 60 жәрмеңке өткізілді. Қорытындысында жалпы сомасы 400 млн. теңге болатын 1200 тонна өнім, атап айтсақ, 175 тонна ет және 43,6 тонна балық, 550 келі құс еті, 645,6 мың дана жұмыртқа сатылды. Жәрмеңкелерді ұйымдастыру азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға септігін тигізуде.

Қала әкімінің баяндауынша, былтыр 30 мың шағын және орта бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 28 344,2 млн., оның ішінде қалалық бюджетке 920,5 млн. теңге салықтық түсім аударылды. 2012-2018 жылдары 41 кәсіпкер 110 млн. теңгеге инновациялық грантқа ие болса, былтырдың өзінде 17 кәсіпкерге 17,6 млн. теңге көлемінде грант берілді. ҮИДБ-ның 2015-2019 жылдарға арналған II бесжылдық бойынша индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 18,7 млрд. теңгеге 21 жоба жүзеге асырылып, 791 тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр 6 млрд. теңгеге жеті жоба іске қосылып, 139 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Есептік кездесуде шаһар басшысы Мұрат Мұқаев әлеуметтік қорғау шаралары жайында айтты.

– Былтыр әлеуметтік тұрғыда қолдау арқылы 5300 тұрғын жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері сегіз мәрте ұйымдастырылған  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі нәтижесінде 365 адам жұмыспен қамтылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 64 адамға 747 млн. теңге шағын несие берілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Әлеуметтік қолдау шаралары арқылы 298 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылды. Елбасымыз биылдан бастап ең төменгі жалақы көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Осы орайда, Орал қаласы бойынша 1 млрд. теңгеге 6 мыңнан астам азаматтық қызметкердің жалақысы 30%-ға дейін көбейді, – деді Мұрат Рахметұлы.

Оның айтуынша, Орал қаласы бойынша 51 мектеп, 50 мемлекеттік және 40 жекеменшік балабақша, 30 шағын орталық және 10 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді.  Қала мектептерінде 46,5 мың оқушы білім алады. Оқушылар саны көбеюіне байланысты жаңа білім ошақтарына сұраныс артты. Қала маңындағы Деркөл және Зашаған кенттерінде жалпы саны 2100 оқушыға арналған жаңа үш мектеп ашылды. №19 жалпы білім беретін мектеп пен №24 мемлекеттік балабақшаның ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Енді Зашаған кентіндегі ма-мандандырылған ХҚКО маңында 900 орындық №51 мектеп бой көтермек. Шаһарда апатты деп танылған екі мектептің ЖСҚ-сы жасақталды. Қала бойынша барлық балабақшада 15 мың балдырған бар. Былтыр 3500 бөбекті қамтитын 40 жекеменшік балабақша 674 млн. тенгенің мемлекеттік білім тапсырысына ие болды. 2014 жылы аталған сома 28 млн. теңгені құрап, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 25 есеге артқан. Барлық мектепте «Kundelik.kz» электронды журналы жұмыс істейді. Былтыр қалалық үш мектепте және оқушылар сарайында IT-сыныптары ашылды. Келесі оқу жылында 30 мектепте жаңа үлгідегі IT кабинетті іске қосу жоспарлануда.

Оралдықтарды баспана мәселесі толғандыратыны мәлім. Мұрат Мұқаев 2005-2018 жылдары қала аумағында 74 көппәтерлі тұрғын үй салынып, шамамен 7500 пәтер пайдалануға берілгенін айтты. Енді шаһардың солтүстік-шығыс бөлігінде 26 көпқабатты үй тұрғызу жоспарланған. Жоба жүзеге асса, 15 мың адам баспанамен қамтылмақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында солтүстік-шығыс шағынауданында төрт үйдің құрылысы басталды. Президент тапсырмасына сәйкес, үйлердің бірінші қабатында балабақша, емхана, бос уақытты тиімді өткізетін орындар салынады. Зашаған кентінде он үй  бой  көтермек.

Қалада қазіргі уақытта 41 апатты үй бар. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеті үйді сүру жоспарлануда. Былтыр 11 апатты үй бұзылған. 2018 жылдан бері МЖӘ ауқымында салынған төрт үйге орналасқан 500 отбасының 44-і бұған дейін апатты үйлерде тұрған. Апатты үйлер орнына құрылыс жүргізуге инвестор тарту тәжірибесі республика бойынша тұңғыш қолданылды.

Орал қаласында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға 71 922 адам кезекке тіркелді. Екі жыл бұрын Круглоозерный кентінен осы мақсатта 1141 жер телімін беру жоспары бекітіліп, былтыр электр, газ, су желілерін тарту үшін бюджеттен 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізу үшін құны 2 млрд. теңге болатын үш жоба сараптамадан өтуде. Биыл «Нұрлы жер» бойынша құрылыс жұмысы басталады.

Былтыр 7,5 млрд. теңгеге 50 шақырым болатын 50 көшенің жолы жөнделді. Күні бүгінге қаладағы аутожолдардың 76%-ы, яғни 295 шақырымы асьфальттаулы. Бес жыл бұрын қалаішілік жолдардың 142 шақырымы ғана қатқыл табанды болған. Былтыр салынғанына 53 жыл болса да, жөндеу көрмеген «Депо» көпірін «КА-Строй» ЖШС түгелімен жаңғыртты. Ірі  инфрақұрылым құрылысына «ҚПО б.в.» компаниясы 2,3 млрд. теңге қаражат бөлді. Ұзындығы 536 метр көпірдің ені 20 метрге кеңейді. Көпір арқылы тәулігіне 46 мың аутокөлік өте алады. Мұның маңызы зор. Үш жыл бұрын Оралда 50 мың аутокөлік бар деп есептелсе, былтыр аутокөліктер саны 75 мыңға жеткен. Былтыр Мұнайбазасы шағынауданындағы ескі аутокөпір жөндеуге жабылды. Оған 5,5 млрд. теңге жұмсалмақ. Айта кетейік, қалада қоғамдық көліктерді жаңалау қарқын алуда. Былтыр №7, 39 және 20 маршруттар бағыты бойынша 35 жаңа аутобус алынды. Сегіз маршрут бағыты бойынша электронды билет алу енгізілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 1,5 млрд. теңгеге 2018 жылы қалада ұзындығы 6,4 шақырым жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмысы басталды. Биыл 472 млн. теңгеге 12,8 шақырым инженерлік желілер құрылысын аяқтау жоспарлануда. Былтыр «Ақжайық» жаңа шағынауданына 3,76 млрд. теңгеге 136,8 шақырым инженерлік желісі тартылды.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзінше, былтыр 29 аула аумағын абаттандыруға бюджеттен 485 млн. теңге қаражат бөлінді. Шаһар аумағында жаңадан салынған шағынаудандарды қоспағанда, 386 аула бар. 2007-2018 жылдары аралығында 297 аула аумағы абаттандырылды. Қаланың 268 көшесі, 372 ауласы түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Енді 16 нысан бойынша жарықдиодты 2500 шам орнату жоспарланды. Былтыр демеушілері есебінен «Туған жер» бағдарламасы аясында үш тынымбақ салынды. ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 125 млн. теңгеге тоғыз үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде бес тұрғын үйдің шатыры күрделі жөнделді. Орал қаласы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар жүйесін басқару жобасын финдік-қазақстандық консорциум бірлесе жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта арнайы бөлінген  бес гектар жер теліміне қоқыс түсіру, іріктеу және қайта өңдеуге арналған үш ангар құрылысы аяқталып, жабдықталуда. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны енді қаладан 18 шақырым қашықтықта орналаспақ. Қазіргі уақытта полигон құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды.

Қала әкімі биыл қар суының ағысын жылдағыдан көп болуы мүмкін екенін,  соған байланысты алдын алу жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Қыста жауған қардың орташа биіктігі – 60 сантиметр. 1987 жылғы деңгейден бес сантиметр биік. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстарын үнемі өткізіп отырамыз. Тәулік бойы жұмыс жүргізілуде. Қаланың көшелеріне күн сайын 100-ден астам арнайы техника мен 300-ден астам жұмысшы шығады. Қала сыртындағы қардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда сегіз есе көп. Былтырғы 20 қарашадан бері қаладан 550 мың текше метр қар шығарылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бәйтерек ауданы Асан ауылындағы полигон қарға лық толы. Енді басқа карьерлерге тасып жатырмыз. Студенттер, әскерилер және кәсіпкерлік нысандары қар тазалауға көмектеседі. Бірақ кейбір бизнес иелері өз нысандары айналасындағы қарды аршуға құлықсыз. Қар көшкінің қатері бар екенін тағы да ескертемін, – деді Мұрат Мұқаев.

Қала әкімі мәдениет және спорт саласында атқарылған шаралар жөнінде баяндады. Соңғы екі жылда Оралда 25 спорт алаңы салынған. Биыл 250 спортшы жасқа арналған мектеп пен 150 орындық интернаттың құрылысы басталады. Балалардың 7-сыныптан бастап қабылдайтын мектепте оқыту 12 спорт түрі бойынша жүргізіледі. Заман талабына сай «Цифрлық Қазақстан» бойынша «Smart» қалада 30-дан астам жоба жүзеге асуда. Биыл сандық жүйеге қатысты он жобаны іске қосу көзделуде. Сондай-ақ құрылыс саласында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы игілігін пайдаланудың сәті түспек. «Smart City» ақпараттық модельдеу бастамасына сәйкес Collaprime фин компаниясымен бірлесіп, BIM технологиясымен облыстық кардиология орталығының ғимаратын жобалау жүзеге аспақ.

Орал қаласы әкімінің есептік кездесуінде облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһардың даму деңгейіне оң баға берді.

– Президент қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Әр бағдарламаның өзіндік маңызы бар. Елбасы жыл сайын әр деңгейдегі әкімдерге тұрғындар алдында ашық есеп беруін міндеттеп, ел-жұртты мазалаған сауалдардың шешімін табу керектігін айтып отыр. Бүгінгі қала әкімінің есептік кездесуінде көптеген сұрақ қойылды. Ел алдында ашықтық қағидатын қамтамасыз ету бағытында бұған дейін екі жыл қатарынан қолға алынған «Ашық әкімдік» жобасын жалғастырдық. «Ашық әкімдік» қабылдауына келетін тұрғындар саны арта түсуде. Биылғы қаңтар айының 27-сінен бастап бірнеше мәрте өткізілген ашық есік күнінде өз басым 140-қа жуық адамды қабылдап үлгердім. Шешімін табуға тиісті мәселе көп екенін білеміз. Бірақ жасалып жатқан жұмыс ауқымы да аз емес. Халық мүддесіне еңбек етудеміз, – деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің сөзінше, көп  балалы аналар мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Жұмыссыздық, баланы оқыту, әлеуметтік жәрдемақы, тұрғын үй алу секілді аналарды мазалайтын мәселелердің шешімін табуды жергілікті әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобы кешенді қарастырмақ. Алтай Көлгінов осы апта ішінде «Мейірімді көктем» жобасы бастау алғанын айтты. Жоба аясында көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға, дипломы жоқ, жұмыс таба алмай жүрген тұрғындарға қолдау-көмек көрсетіледі.

– Облыста 12 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оған қоса, жалғызбасты ана, алимент төлемейтін әке, бала-шағасын асырауға қауқары жетпей отырғандар мәселесі де қоғамды алаңдатады. Сондықтан жоба ауқымында осы күрмеулі жайттарды назарға ала отырып, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартумен жүйелі жұмыстанамыз. Тұрғын үй кезегінде Орал қаласының өзінде 19 мыңнан астам адам тұр. Бұл мәселе неден қалыптасты? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын болды. Нарықтық экономикаға өткен соң, барлық сала дағдарды. Экономикасын нарық заңдылығына сәйкес дамытқан елдер көш ілгері кетті. Баспана салынбады. Қазіргі кезде Елбасы қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы қарқын алуда. Бағдарлама ауқымында бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер көбейіп, қала аумағы кеңейіп келеді. «Тұрғын үй Құрылыс Жинақ Банкінде» 70 мыңға жуық салымшы баспана кезегінде тұр. Мемлекеттің жағдайы жақсы. Бағдарлама бойынша үй салу қарқынын күшейте түсеміз. «7-20-25» бағдарламасы ауқымында үй алу жарнасы 20 пайызға дейін төмендетілгенін білесіздер. Сондықтан сәл сабыр ету керек. Кезең-кезеңімен баспана мәселесінің шешімі  табылады, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Орал қаласы ішіндегі жолдар күрделі жөндеу жыл сайын қарқын алып, мектептер мен балабақшалар, спорт нысандары салынып жатқанын айтты. Әкімнің айтуынша, биылғы қыс аумағында қарды тазалау бойынша шұғыл шаралар қабылданып жатыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында қаладағы жылу магистральдарын жаңғырту жалғасын табады. Жылыту маусымы аяқталған соң қаладағы әбден ескірген жылу-электр орталығын жөндеу жұмысын бастау жоспарлануда. Шаһардағы кәріз жүйесін жаңалау да өзекті күйінде.

– Мәселелерді ашық айтып отырмыз. Енді соларды бірлесіп шешеміз. Ол үшін ұзақ жылдарға арналған жоспар құрылады. Орал қаласы жылдан-жылға көркейіп келеді. Шаһардағы абаттандыру жұмысы одан әрі жалғасады. Біздің ең басты байлығымыз – адам, оның ішінде білімді ұрпақ. Сондықтан мектептер салуға тиістіміз. Кез келген дамыған қоғамда мәселе болады. Қала тұрғындарының саны жыл сайын көбеюде. Бұған қуанамыз, бірақ жаңа мәселелер туындап жатыр. Бәрін шешеді деп мемлекеттен көмек күтіп отыра беруге болмайды. Нарықтық экономика негізінде бизнестің дамуына жағдай жасалуда. Сондықтан түйткілдерді кәсіпкерлермен, тұрғындармен бірлесе отырып шешеміз. Қазіргі Орал – бұрынғысынан өзге, дамыған қала. Туған қаланы сүю, оның көркеюіне үлес қосу, қолдағы барды бағалау – баршамыздың міндетіміз, – деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, қала әкімінің  былтырғы есептік кездесуі барысында тұрғындар тарапынан жалпы саны 104 сауал қойылған болатын. Бүгінге дейін олардың 71-і толықтай шешілді. Ал шешуге уақытты талап ететін 33 күрделі сұрақ бақылауға алынды. Осы кездесуде де жұмыссыздық, баспана алу, жәрдемақы алу, ескі үйлерді жөндеу, жәрдемақы алу мәселелері қозғалып, қоғамдық көліктер қозғалысын өзгертуге қатысты ұсыныстар айтылды. Мұнда жалпы саны 56 сұрақ түсті. Олардың бәрі тіркеліп, бақылауға алынды.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

 

Иван  СОКОЛЕНКО,

Ұлы  Отан  соғысының  ардагері:

– Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетіп жүрген құрметтеріңізге ризамыз. Бірақ тыл ардагерлеріне де осындай  құрмет жетіспейді. Біз дәрігер­ге кезексіз кіреміз. Жеңілдіктер бар. Ал біз секілді жастары 80-90-ға келген тыл ардагерлеріне бұл жеңілдіктер қарастырылмаған. Мен бұл сұрақты жиі көтеріп жүрмін. Бірақ әлі іске аспай келеді.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Ертеңнен бастап барлық тыл ардагерлерінің тізімі  алынады. Бұл мәселе шешіледі. Тыл ардагерлері дәрігерге кезексіз қаралатын болады.  Осы мәселені ертеңгі күннен бастап реттеуді облыстық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы  Нұрданат  Беркінғалиға тапсырамын.

Ұлпан   САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ,  қала  тұрғыны:

– Қала орталығында көп жылдардан бері тұрамын.  Соңғы жылдары қа­ламыз гүлденіп, көркейіп келеді. Бірақ көпқабатты үйлердің ортасында орналасқан ескі гараждар қаланың көркін бұзып тұр. Қысы-жазы гараждардың төбесінде балалар секіріп, ойнап жүреді. Қаланың көркін бұзып тұрған ескі гараждардың орнына балалар  ойнайтын алаң, шағын спорт кешендерін салуға  болмай  ма?

Мұрат  МҰҚАЕВ,  қала  әкімі:

– Бұл өте өзекті мәселе. Кеңес одағынан қалған гараждарға тұрғындар машинасын да қоймайды. Затон, Көкшетау көшелеріндегі жолдарды жөндеген кезде өзіміз шығып, иелері жоқ гараждардың бәрін алып, тазартып, орнына тротуар салғыздық. Мектептерге күрделі жөндеу жасағанда да айналасын­дағы гараждардың қожайынына ескерту беріп, алып тастадық. Алдағы уақытта ескі гараждар мен жерасты қоймаларын алып тастап, орнына спорт алаңдары  мен  тынымбақтар  салу  жоспарда  бар.

Сұлушаш  ЖҰМАБАЕВА,

М. Өтемісов атындағы  БҚМУ-дың  студенті:

– Қазіргі таңда қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық  орталығы­ның жанынан ашылған тегін ағылшын тілі курсының жас мұғалімімін. Жалпы, тегін курс ашылып, жұмыс жасай бастағанына бір ай болды. Ағылшын тіліне қызығушылық танытып жатқан жандар аз емес. Олардың қа­тарында жоғары сынып оқушылары, студенттер, әр салада жұмыс жасайтын қызметкерлер де бар. Менің тобымда 20-ға жуық қатысушы бар. Олар­дың қатары күн сайын артып келе жатқандықтан, екінші топ ашылуда. Осы бағытта қаламыздағы кенттік округтерде коворкинг орталықтар ашып, сол орталықтарда ағылшын тілін тегін үйрететін курстар ашылса  деген  ұсынысым  бар.

Мұрат   МҰҚАЕВ:

– Сіздің ұсынысыңызды толық қолдаймыз. Бұл жұмысқа өзіңіз сияқты белсенді жастарды тарту керек. Қазіргі таңда қаламызда үш коворкинг орталығы ашылды. Алдағы уақытта қаламыздың әр аймағында коворкинг орталықтарын  ашу жоспарда тұр.

Руслан   ҚАЛИЕВ,   журналист:

– Қазақ тіліндегі қалалық радионың жұмысын тоқтатқанына он жыл болды. Қаладан бұрын екі ауданда радио іске қосылуда. Қаладағы бағаналар, сымдар  бәрі сақтаулы тұр. Радионы қайтадан жаңартсақ деген ұсынысымыз бар. Сіздерден қолдау болса, мен радионы қайтадан қазақ тілінде сөйлеткім келеді.

Мұрат   МҰҚАЕВ:

– Бұл мәселені ақылдасып шешуге болады. Зашаған ауданының әкімімен бірлесіп, пилоттық жоба ретінде бастап, тұрғындардың пікірін білген жөн. Олардың басым бөлігі қолдап, сұраныс болып жатса, бұл мәселені қарастыруға болады.

Мәншүк   МҰХТАРОВА,   қала   тұрғыны:

– Мен балаларымды өзім тәрбиелеп отырған анамын. Үй кезегінде 2006 жылдан бері 671-інші болып тұрмын. Бірақ кезек жылжымайды. Осы мәселенің  себебін  білгім  келеді.

Мұрат   МҰҚАЕВ:

– Біз кезекте тұрған тұрғындарға берілетін үйдің санын жылдан-жылға көбейтіп келеміз. Осыдан бес-алты жыл бұрын 180 пәтерлі бір үй беретін болсақ, қазіргі күнде екі үй, алдағы уақытта облыс әкімінің тапсырмасымен жылына үш үй бермекпіз. Сондықтан енді кезек тез жылжитын болады. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасымен бірігіп, бұл жұмыстарды жүйелі  атқарудамыз.

Гүлнұр   АМЕНОВА,   қала   тұрғыны:

– Зашаған кенті тұрғындарының атынан келіп тұрмын.  Біздің кентте сту­денттер, жас отбасылар өте көп. Бірақ олардың бос уақытын өткізетін, демалатын орындары жоқтың қасы. Сондықтан кентімізде мұзайдын, ойын-сауық орталығы ашылса деп армандаймыз. Сондай-ақ заман талабына сай интер­нет  желісі  орнатылса  деген  ұсынысымыз  бар.

Мұрат   МҰҚАЕВ:

– Зашаған кенті тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде кентте 60 мыңға жуық адам тұрады. Есептік кездесулерде әрдайым айтып жүремін. Ол жерге кинотеатр да, демалатын орындар да керек. Осы жерге сон­дай орталық ашқысы келетін жергілікті кәсіпкерлер болса, біз жер учаскесін жобалап, аукционға шығарып, қолдауға дайынбыз. Маған бір-екі кәсіпкер келіп, жобаларын көрсетті.  Қазіргі күнде жұмыстанудамыз. Кәсіпкерлерді қолдап,  жағдай  жасауға  дайынбыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.