15.02.2019, 9:33
Қараулар: 394
Ғарекеңе

Ғарекеңе

 

 

 

 

 

 

Сіз туғансыз ақпанда,

Даланы ақ қар жапқанда,

Арғымақтай күн зулап,

Жарқырап жол жатты алда.

 

Сіз туғансыз Нарында,

Айналды ма ол сағымға.

Туған жердің көрдіңіз

Соры менен бағын да.

 

Соғыс ашып аранын,

Ел түйгенде қабағын,

Сізді сонда жылытқан

Алақаны ананың.

 

Сөнбей жанда жалын бір,

Дедіңіз бе: бағым бұл.

Тайыр ақын қолдаған

Талантты ұлын Нарынның.

 

Қызығы ма жалғанның,

Бақыт шамы жанған күн.

Қанатында жүрдіңіз

Алматы асқан арманның.

 

Шарлап Орал аймағын,

Тік ұстап ел байрағын,

Қалқып-қалқып алдыңыз

Қара сөздің қаймағын.

 

Жастың қолдап талабын,

Шираттыңыз қадамын.

Кім жазды екен дәл сіздей

Ақ Жайықтың алабын!?

 

Аңқылдаған ақынсыз,

Барша жұртқа жақынсыз.

Талай-талай жайтты да

Айттыңыз-ау батыл сіз.

 

Сіз келдіңіз сексенге,

Өткенді адам екшер ме.

Қуанамыз, беу, аға,

Дауысыңыз жетсе елге!

 

Өмір мынау бақ екен,

Өткел де көп сан өтер.

Нар ұлы боп Нарынның,

Аман-сау жүр,

Ғарекем!

Аман-сау жүр,

Ғарекем!!!

 

Ғайсағали  СЕЙТАҚ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.